Basty bet

Ауылына ғашық жігіт

“Ауылым – алтын бесігім!” деп туған жерін жүрегінің түкпірінде әлдилеп, ыстық патриоттық сезімін іспен дәлелдеп жүрген азаматтардың бірі – Шақпақата ауылының тұрғыны Ақжан Ахметов. Ақжанның бойфындағы игі қасиет оның еңбегі арқылы көрініп тұрады. Ол үнемі жақсы істердің ұйытқысы болып, ұйымдастырып, жылт еткен жақсы жаңалықты, тіпті туған жерінің тау-тасын, суын да мақтан етіп, әлеуметтік желіге жүктеп, елдің назарына ұсынып жүреді. Оның бұл әлеуметтік желідегі бастамасын, еңбегін облыс, аудан басшылығы да жоғары бағалауда.

Ақжан шын мәнінде солай. Көп ауылда ел ішінде елге үлгі боларлық игі істер көп. Бірақ оны көре білетін, бағалап, елге көрсете білетін адам болмай жатады. Ал, Ақжанға хабарлассақ, қашан да жақсылықты көрсетуге дайын. Бұл тамаша қасиет.
Ақжан Ілиясұлы 1989 жылы қаңтар айында өмірге келген. Туған ауылындағы №4 Қ.Сағындықов атындағы орта мектепте білім алып, 2006 жылы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне география мамандығы бойынша оқуға түседі. Сонымен бірге заман талабына орай, бір мамандық аздық етеді деп, екінші мамандық алуды мақсат етіп, ақпараттық жүйелер мамандығын қоса алады.
2010 жылы ауылдық округтің сол жылдағы әкімі Ерісбек Далбаев ауылдық әкімдіктен жастар және спорт ісі нұсқаушысы штаты жаңадан ашылғалы тұрғанын айтып, Ақжанға ұсыныс жасапты. Ақжан ауыл әкімінің ұсынысын қабыл алып, жұмысқа орналасады.
Ақжан әңгімесінде мектеп қабырғасында жүргенде-ақ табиғаттану, география пәндері қатты ұнайтынын, бала кезден ауылының табиғатына қатты қызығатынын, тау-тасқа шығып, түрлі тастарды жинап жүретінін, тауға шығып ауылға қарап, табиғатына тамсанып тұрып, өскенде ауылымды насихаттап, жақсы жағынан көрсететін боламын деп алдына мақсат қоятынын айтты.
-“Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы,
Одан артық әңгіме табылмайды” деп қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев жырлағандай, расымен де ауыл жайлы сыр шерте қалсақ, бірден менің жүрегімді қуаныш кернейді. Ауыл – қазақтың қара шаңырағы деп білемін. Әр адам өзінің туған жерін аңсап тұратытыны табиғи заңдылық.
Жоғары оқу орнына түскенде ауылды аңсап, сенбі, жексенбі күндерін күтіп жүретін едім. Кейбір жастар ауылға барғысы келмесе, мен керісінше апта сайын келетінмін. Ауылға келгенде ауылды суретке түсіріп алып сағынғанда қарап отырушы едім. Қаланың ауасына ауылдың түтінін айырбастағым келмейтін. Ауыл мені үнемі өзіне тартып тұратын.
Сонымен бірге ауылын мен ғана емес, ауылдан шыққан басқа азаматтар да аңсап, сағынады ғой деп, ауылдың суреттерін желіге жүктейтінмін. Ол кезде желінің жаңадан дамып келе жатқан кезі. “Mail.ru агент” деген желі болатын. Кейін “Vkontakte” желісі ашылды. Оны менімен қатарлас жастар жақсы біледі. Солай жасап жүріп бұл іс менің хоббиіме айналды. Қазір ауылдық округтің атынан Facebook, Instagram, Telegram, WhatsApp желісін ашып жұмыс істеудеміз. Бұл желілерге күнделікті ақпараттар жүктеліп отырады. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде желідегі жұмыс қарқынды дамып келеді. Желілерді ашудағы тағы бір мақсат – адамдарды бір жерге шоғырландыру. Қазір техниканың дамыған заманы. Әрбір үйде кем дегенде екі-үш телефоннан бар.
Желіге ауыл тұрғындары ғана емес, сонымен бірге ауылдан жырақта жүрген, басқа өңірге, басқа мемлекетке көшіп кеткен жерлестеріміз де тіркелген. Олар желіге жүктелген ауылдың табиғатын көріп, сағыныштарын басып, бізге хабарласып, ризашылығын білдіріп отырады.
Бір күні қызық жағдай болды. Бір кісі маған аудио хабарлама жіберген екен. Тыңдасам: “Балам, сенің видеоларың мені жылатты. Рақмет саған! Ауылды салып тұршы!” деп жазып жіберіпті. Тағы бір күні бір кісі хат жазып, нөмерімді сұрайды. Неге десем, саған алғысым ретінде сый есебінде қаражат жіберсем дейді. Қайта-қайта хабарласып қоймаған соң, нөмерімді бердім. Бірақ ол қаржыны қайырымдылық шараға жұмсадық.
Шақпақ ауылы – достық мекені. Ауылда түрлі ұлт өкілдері де тұрады. Оның ішінде неміс ұлтының өкілдері де болды. Германияға көшіп кеткен неміс ұлтты жерлестеріміз Берлин қаласынан хат жазып отырады. Олар желідегі Шақпақата ауылының табиғатын ол жақтағы туған туыстарына мақтанышпен көрсетіп отыратынын айтады. Сонымен бірге, Әзербайжаннан да хабарласып, сағыныштарын жеткізіп, қуанышымен бөлісіп отыратын жерлестеріміз бар. Бұл – біз үшін керемет сезім, үлкен мәртебе.
2020 жылы карантин басталғанда WhatsApp желісінен топ ашуды жөн санадық. Бүгінгі таңда топта 1000-ға жуық адам бар. Топты ашудағы мақсат – тұрғындарды маңызды ақпараттармен дер кезінде құлақтандырып отыру. Топқа ауылдық округ әкімі, әкімдік мамандары да тіркелген. Онда ауыл тұрғындары мекемеге келмей-ақ, желі арқылы сұрақтарын қойып, тиісті жауабын алып отырады.
Әлеуметтік желінің көмегімен көптеген игі істерді де атқарудамыз. Ондағы мақсат – тұрғындардың бір-біріне деген мейірімділік сезімін арттырып, бауыр, жерлес екенін ұғындыру. Мәселен, қыс мезгілінде бір ағамыздың жиған шөбі өртеніп кеткен жағдайда әлеуметтік желі арқылы ұсыныс тасталып, бір күнде қажетті шөбін тұрғындар жинап берді.
Бір кісінің қатты желден үйінің шатыры ұшып кетіп, оған да ауыл халқы бірауыздан желі арқылы ақылдасып, бір күнде асарлатып жауып берді. Одан бөлек екі отбасының үйіне көгілдір отын кіргізіп берілді. Бір үйге газ пеші орнатылды. Денсаулығында кінәраты бар тұрғыдарға да қаражат жинап берді. Жалпы әр нәрсені жақсы жағына да, жаман жағына да пайдалануға болады. Ол адамның ниеті мен түсінігіне, көзқарасына байланысты. Біздің ауылда ұйымшыл, еңбекқор әрі қайырымды жандар өте көп. Ауылдық округтегі ауылдардағы жастардың барлығы ұйымшыл. Оларды мен әрқашан мақтан тұтамын.
Алдағы уақытта қайырымдылық қорды тек әлеуметтік желі арқылы ғана емес, Қазпошта арқылы да есепшот ашып, жұмыс істеуді де жоспарлап отырмыз. Қорға жиналған қаражатпен ауыл халқы ақылдаса отырып, мұқтаж жандарға көмектесіп отырсақ деген ойдамыз.
Жалпы, біздің ауылдық округ әкімдігінің парақшасының жұмысын аудан, облыс басшылығы жақсы бағалап жатыр екен. Ол үшін өте қуаныштымыз. Бұл біздің әкімдік мамандарының бірлескен жұмысының нәтижесі деп есептеймін,- дейді Ақжан Ілиясұлы.
Ақжанның өмірлік ұстанымы – “Үш нәрсені ұмытпа! Өзіңді құрметте, өзгелерді құрметте және өзіңнің іс-әрекетіңе жауап бере біл” деген ұстаным.
-Адамның жақсы болуы Абай атамыз айтқандай, ата-анасынан, ұстаздарынан, ортасынан алған тәрбиесіне байланысты. Осы үшеуінің ықпалы өте зор. Менің әке-шешем, атам, нағашы атам, туыстарымыз да ұстаз болған жандар. Ол кісілер жай емес, еңбегі адал, ойы ұшқыр, өз ісінің нағыз майталманы болған ұстаздардың қатарынан.
Әкем мені 7-8 жасымда аудан орталығына өзімен бірге жиі ертіп баратын. Бірнеше мекемеге жұмыстарымен кіріп шығатын. Оның ішінде редакцияға міндетті түрде бас сұғып, ондағы журналистермен әңгімелесіп қайтатын. Маған сол сәттерде бала болсам да редакциядағы атмосфера қатты ұнайтын. Осы жерде жұмыс істесем деген арманым да болды.
Әкем ауылдық әкімдікке барса да, мені ерте баратын. Әкем үлкендермен әңгімелесіп отырса, мен жәймен бөлмелерін аралап көруші едім. Ол жердің де атмосферасы маған ұнайтын. Әкімдікте де жұмыс істегім келіп қайтатынмын. Қазіргі жұмысым осы армандарымның жемісі. Әрі әкімшілікте жұмыс істеймін, әрі ауылдың тыныс-тіршілігі жайлы мақала жазып, редакцияға жолдап отырамын. Жалпы адам баласы армандай білгені дұрыс екен,- дейді Ақжан.
Ақжан үш ұлдың әкесі. Ол үшінші ұлының өзі сияқты табиғатқа жақын екенін айтады. “Әке көрген оқ жонар” демекші балаларыма үлгі болуға тырысамын дейді Ақжан.
-Ауылдағы ең өзекті мәселелердің бірі – жұмыссыздық. Алайда ауылдың Нұрбақыт Тілегенов пен Еламан Пернешов сынды азаматтары ауылдан шағын цехтар ашып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуда.
Ауылда бокс залы бар. Онда 50 бала жаттығуда. Одан бөлек ауылдық мәдениет үйіміз іске қосылса деген ауыл жастарының тілегі де бар. Алдағы уақытта ауылдан спорт кешені де соғылады деген жоспар бар. Ол да соғылып, іске қосылып жатса, ауылдағы мал, егін шаруашылығымен айналысып жатқан, кәсіпкер жастарға жеңілдетілген пайызбен несиелер берілсе, нұр үстіне нұр болар еді,- дейді Ақжан.
Иә, еңбекпен, жақсылық жасаумен бәсекеге түскен қандай жақсы! Алтын бесік ауылымызда Ақжандай жастарға үлгі болар жүрек жылуын төккен мейірімді, кең пейілді, патриот жастарымыз лайым көп болсын!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close