Basty bet

“Бүкілармиялық кеңестен тамаша әсермен оралдым”

Ауданымыздың аумағында орналасқан 91678 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жатқан жас сарбаз Бекарыс Исмагуловтың Астанаға Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтетін Бүкілармиялық кеңеске қатысуға кеткенін өткен жолғы 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған нөміріміздегі “Әскери өмір жігітті шыңдайды” атты мақаламызда айтқан болатынбыз. Бекарыс Мұхтарұлы 3-6 мамыр аралығында Астанада болып, кеңеске қатысып, әскери бөлімге ерекше әсермен оралды.

Жас сарбазбен телефон арқылы байланысып, Бүкілармиялық кеңестен алған әсері жайлы әңгімелескен едік.
-3 мамыр күні әскери ұшақпен Астанаға жол тарттық. Жанымда Оңтүстік өңірлік қолбасшылығының әскерлері қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Кучуков Ораз Қалымжанұлы мен аға лейтенант, әскери бөлімнің барлау рота командирінің орынбасары Бахтияр Закариянов болды. Яғни, үшеуміз бірге бардық.
Бұл – менің ұшаққа бірінші рет мінуім еді. Маған ұшақпен биіктен айналаға қарау ұнады.
Бізді қаланың шетінде орналасқан әскери қалашыққа орналастырды. Бүкілармиялық кеңеске 24 жас сарбаз қатысады екен. 24 сарбаздың тоғызы бірге болдық. Түскі асымызды ішкен соң, шараға дайындалдық. Жан-жақтан келген сарбаздар бір-бірімізбен тез түсінісіп кеттік.
Кеңеске автобуспен бардық. EXPO Конгресс-орталығында өткен кеңеске Қарулы күштердің, Мемлекеттік күзет қызметінің, ҰҚК Шекара қызметінің, Ұлттық ұланның және Төтенша жағдайлар министрлігінің әскери қызметшілері қатысты.
Президентті теледидардан көру басқаша да, көзбен көру, осындай маңызды кеңеске қатысу – мен үшін өте үлкен қуаныш, мәртебе болды.
Жалпы, кеңестен тамаша әсер алдым. Президент құттықтау сөз сөйледі. Бас қолбасшымыз армияның кәсіби дайындығы, заманауи қару-жарақпен, озық технологиялармен жабдықталуы, әскердің білікті болуы және ұтқырлығының мықты болуына назар аударды. Осы орайда Үкімет әскери өнімдер мен қызмет түрлерін кеңейту үшін барлық шараны қабылдауға тиіс екенін жеткізді.
Сонымен бірге әскери білім және ғылым жүйесін дамыту мәселесіне де баса мән берді.
Ел тыныштығын қорғайтын әрбір жас маман өз қызметін мақтан етуі керек екенін және бұл қызметке қажетті жағдайдың бәрі жасалуы тиіс екенін айтып өтті.
-Қазір осы бағытта нақты жұмыс жасалып жатыр. Әскери борышын өтеп келген азаматтар енді жоғары оқу орнына жеңілдікпен түседі. Мерзімді әскери қызметтегі сарбаздар несиесін төлеу міндетінен уақытша босатылады. Сондай-ақ, олар өздері қаласа, армия қатарынан нақты мамандық алып шығады. Жалпы, сарбаздарды әлеуметтік қолдау шараларын мейлінше көбейту керек. Әскерде жүрген жастарымыз нағыз сарбаз, нағыз маман болып шығуы – міндет. Олар өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болуға тиіс. Әскери қызметшілерге жақсы жалақы төленуі тиіс,- деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кеңесте генералдар сөйледі. Сонымен бірге біздің қатарымыздағы жас сарбаздардан бір сарбаз да сөйлеп, әскери қызметтің пайдасы, әскерде не үйреніп жатқаны туралы айтты.
Іс-шара соңында Мемлекет басшысы ерлігі мен жанқиярлығы, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуге, заңдылық пен құқықтық тәртібін нығайтуға қосқан үлесі үшін бірқатар әскери қызметшіні марапаттады.
Бүкілармиялық кеңес патриоттық концертке ұласты.
Кеңес бойы тамаша әсерде болдым. Маңызды шараға қатысқан 24 сарбаздың қатарында болғанымды өзіме биік абырой, мақтаныш деп қабылдадым. Ата-анам да қатты қуанды.
Әскери бөлімде Қарауыл қызметінің үздігі болғандықтан маған он күндік демалыс берілген болатын. Жақында он күнге туған ауылыма барып қайтатын боламын,- дейді Бекарыс.
Бүкілармиялық кеңеске еліміз бойынша 24 қана жас сарбаз қатысса, соның бірі біздің 91678 әскери бөлімнің жас сарбазының болуы әрине, үлкен қуаныш. Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлын, 14 генералды дүниеге әкелген киелі Жуалы жері жастарымызға күш-жігер беріп, қанаттандыра берсін! Елге тірек болар, саналы, патриот ер азаматтардың қатары көбейе берсін!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close