Basty bet
«Ақылды ұққанға, үгітті жұққанға айт»
имам Нұрлан Байжігітұлы аудан тұрғындарымен кездесті
Халқымызда «Байлықтың алды – иман» деген рухани қазына бар. Дәл қазіргі қоғамға, оның ішінде, адамзат жанына қажетті дүние осы. Тек, мына заман желісіндегі құбылмалы жүректер иманның отауы болмай, Абай атамыздың «Иман сақтауға – қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босамас буын керек» деген ғажайыбына сай болмай тұрғаны жанға батады.
Олай дейтініміздің өзіндік себебі де бар. Сәт сайын қарыштаған заман технологиясына ілесе кеткен жас ұрпақ темір робот іспеттес боп кеткендей… Яғни темір роботтың тірлігіндей, қолдан келсе шауып тастау, атып түсіру, өлтіре салу, одан қалса, «хиджаб» деген ұғымды басқаша түсініп, қара матаға оранып, өзге діннің ағымына бет бұрған қаншама жастар тағы бар. Бұл қоғамның ауыр дерті болып табылмақ. Міне, осындай қоғамдық проблемаға айналған тұлғалық дағдарыс пен күйзелісті болдырмау, деструктивті теріс діни ағымдардың алдын алу, одан қалса жас жұбайлардың отбасылық өмірге бейімделуі сынды тақырыптар аясында дініміз бен дәстүрімізді дәріптеу арқылы желідегі жұртшылықтың жүрегіне жол тауып жүрген имам Нұрлан Байжігітұлы дінді жастар арасында қарапайым тілмен түсіндіріп, ерекшеленген тұлға. Ол әлеуметтік желі арқылы жастарға тәлім-тәрбие беріп, ұлттық және отбасылық құндылықтарды дәріптеп жүр.
Жастардың рухани ұстазына айналған Нұрлан имам қасиетті Жуалы ауданына ат басын бұрды. Осындайда “жақсы адаммен өткізген жарты сағат, жаманның өтіп кеткен өміріндей” күнге татымас демекші, өресі биік тұлғаларды сағынатынымыз да бар.
Апта ішінде аудандық «Достық» мәдениет үйінде Нұрлан имаммен өткен рухани құндылығы мол кездесуге жиылған азаматтардың қарасы қалың болды.
“Қоғамдағы дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру” тақырыбында өткен тәрбиелік мәні зор шараны ұйымдастырушы – «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі.
Кездесу барысында дін мен дәстүр, дәстүрлі діннің маңызы тұрғысында ашық әңгіме айтылды. Ұрпақ тәрбиесі, үлкенге ізет, кішіге құрмет, өмірде өз жолын дұрыс таңдау тақырыбында насихаттар, қазақтың ырымдары мен тиымдарын қолдану тәртібі кеңінен түсіндірілді.
Тәрбие мен тағылымға толы бұл кездесу аудан тұрғындары үшін берері мол шара болды. Кездесу соңында имам зайырлы ел болғандықтан, кімнің болсын діни жоралғыларды өтеуіне құқы бар, алайда, түрлі теріс ағымдардың шырмауына ілікпей, түзу жолдан таймағанымыз абзал деп қорытындылады. Жиын келушілерге рухани тыныштықты, өмірлік жігерді сыйлады.
Шара соңында Нұрлан Байжігітұлы кішкентай сәбидің тұсауын кессе, ауданның Құрметті азаматы Әбілқасым Ергебеков жиылған қауымға ақ батасын берді.
Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»