Basty bet
Тұрғындарға алғашқы медициналық көмек көрсетіледі
Ауыл тұрғындары үшін алғашқы медициналық көмектің қолжетімді болуы аса маңызды. Әсіресе, аудан орталықтарынан шалғай орналасқан елді мекендерде медициналық пункттер мен фельдшерлік-акушерлік пункттер тұрғындардың денсаулығын сақтауда үлкен рөл атқарады. Олар алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетіп қана қоймай, шұғыл жағдайларда жедел ем ұйымдастырып, ана мен бала денсаулығын бақылауға және тұрғындарды қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Осы мақсатта Көкбастау ауылдық округіне қарасты Бақалы медициналық пункті ауыл тұрғындарына 2009 жылдан бері үздіксіз қызмет көрсетіп келеді. Бүгінде мұнда ұзақ жылғы еңбек өтілі бар мейірбике Зағипа Амирова, тазалықшы Зарина Сүйіндікова және қарауыл Өмірхан Ералиев еңбек етеді. Медициналық пунктте акушерлік, қабылдау, емдеу және егу кабинеттері жұмыс істейді.
Қазіргі таңда медициналық пунктте 326 тұрғын тіркеуде тұр. Оның ішінде бір жасқа дейінгі үш сәби, 18 жасқа дейінгі 117 бала және үш жүкті әйел бар. Сонымен қатар, диспансерлік есепте артериялық қан қысымы жоғары 43 адам, қант диабетімен ауыратын жеті адам және жүрек-қан тамырлары аурулары бойынша жеті тұрғын тіркелген. Есепте тұрған науқастарға әр үш ай сайын тегін дәрі-дәрмек беріледі.
Медициналық пункт қызметкерлері негізінен профилактикалық жұмыстарға басымдық береді. Атап айтқанда, жүктілікті ерте анықтау, бір жасқа дейінгі балалар арасындағы аурулардың алдын алу, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, жоспарлы екпелер салу, 15 пен 49 жас аралығындағы қыз-келіншектердің денсаулығын бақылау және профилактикалық тексерулерден өткізу жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Сондай-ақ, тұрғындарды дәрігерлік бақылауға жіберу, диспансерлік есепте тұрған науқастарды қадағалау және скринингтік тексерулерден өткізу де жолға қойылған.
Ауыл тұрғындары денсаулығына қатысты алғашқы мәселелермен ең алдымен медициналық пунктке жүгінеді. Мұнда оларға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, қажет болған жағдайда үйге барып қызмет көрсету ұйымдастырылады. Алғашқы тексеру мен көмек көрсетілгеннен кейін науқастар учаскелік дәрігердің қабылдауына жолданады. Медициналық пунктте ем-дом шаралары дәрігердің нұсқауы негізінде ғана жүргізіледі.
Тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету мақсатында учаскелік дәрігер Мұхамеджан Қуандық пен балалар дәрігері Назгүл Зейнолла ай сайын белгіленген кесте бойынша медициналық пунктке келіп, қабылдау өткізеді. Қабылдау барысында тұрғындардың денсаулық жағдайы тексеріліп, қажетті кеңестер мен ем тағайындалады. Ал балалар дәрігері бүлдіршіндерді қарап, денсаулық жағдайын бағалап, екпе алуға жарамды балаларға тиісті рұқсат береді.
– Біздің басты мақсатымыз – ауыл тұрғындарының денсаулығын сақтап, аурулардың алдын алу. Сондықтан медициналық пунктте профилактикалық жұмыстарға ерекше көңіл бөлеміз. Сонымен қатар, тұрғындар арасында дұрыс тамақтану, саламатты өмір салтын ұстану, қан қысымы мен қант деңгейін бақылау, жұқпалы аурулардың алдын алу бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде өткіземіз. Әрбір тұрғынның денсаулығы біз үшін маңызды. Сол себепті медициналық көмекке жүгінген азаматтарға қолдан келгенше сапалы қызмет көрсетуге тырысамыз. Қажет болған жағдайда үйге барып қызмет көрсетіп, науқастардың жағдайын бақылап отырамыз.
Ауыл тұрғындарының өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, профилактикалық тексерулер мен скринингтерден уақтылы өтуі өте маңызды. Өйткені, көптеген ауруларды ерте кезеңде анықтау арқылы оның асқынуына жол бермеуге болады. Біз алдағы уақытта да тұрғындардың денсаулығын нығайту жолында аянбай еңбек ете береміз,– дейді мейірбике Зағипа Амирова.
Ал, ауыл тұрғыны Раушан Ысқақова ауылдағы медицина қызметкерлерінің еңбегіне дән риза екенін жеткізді.
– Медициналық пунктке қай кезде барсақ та жылы қабылдап, қажетті көмектерін көрсетеді. Денсаулығымызға қатысты сұрақтарымызға жауап беріп, ақыл-кеңестерін айтып отырады. Әсіресе, мейірбике Зағипа Амирова тұрғындардың жағдайын үнемі бақылап, қолынан келген көмегін аямайды. Осындай өз ісіне адал, тұрғындар үшін еңбек етіп жүрген медицина қызметкерлеріне ауыл тұрғындары атынан алғысымызды білдіреміз. Денсаулық сақтау саласындағы еңбектері жемісті болып, тұрғындардың ықыласына бөлене берсін, – дейді Раушан Ысқақова.
Шынында да, ауылдық жерде медициналық қызметтің қолжетімді болуы тұрғындардың өмір сапасын арттыруға үлкен ықпал етеді. Бақалы медициналық пунктінің қызметкерлері де өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып, ауыл тұрғындарының денсаулығын нығайту жолында аянбай еңбек етіп келеді.
Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”