Basty bet
Зайырлылық – тыныштық пен тұрақтылық кепілі
Зайырлы мемлекеттің дін мен қоғам арасындағы өзара байланысы – әрқашан өзекті әрі маңызды мәселе. Өйткені дін – әр адамның ар-ождан еркіндігімен, дүниетанымымен және құқығымен тығыз байланысты. Сонымен қатар, ол ұлттың тарихи-мәдени болмысын, рухани құндылықтарын айқындайтын негізгі фактордың бірі болып табылады.
Зайырлылық – дінді қоғамнан бөлектеу емес, керісінше, мемлекет пен діннің ара-жігін нақтылап, әрқайсысының өз қызмет аясын анықтап беретін ұстаным. Осы тұрғыдан алғанда, зайырлылық – қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың, түрлі көзқарастар мен сенімдердің қатар өмір сүруінің кепілі. Құқық – мемлекет пен халық арасындағы алтын көпір. Халық өз құқығын білгенде ғана азаматтық белсенділігін таныта алады. Ал мемлекет азаматтардың құқығы мен бостандығын қамтамасыз етіп, әділетті қоғам орнатуға ұмтылады. Бұл зайырлы және демократиялық мемлекеттің басты міндеттерінің бірі.
Мемлекеттің басты мақсаты – азаматтарының әл-ауқаты мен бақытты өмір сүруіне жағдай жасау. Осы мақсатқа жетудегі басты алғышарт – зайырлылық ұстанымын берік ұстану. Себебі зайырлылық – мемлекеттің тұтастығы мен дамуының негізі, құқықтық тәртіп пен қоғамдық келісімнің нышаны. Сонымен бірге, мемлекеттің ішкі саяси тұрақтылығы мен азаматтардың құқығының сақталуына қызмет ететін басты тетік. Сондықтан зайырлылық – дін мен мемлекеттің арақатынасын үйлестіретін, қоғамдағы түрлі әлеуметтік топтардың бейбіт өмір сүруін қамтамасыз ететін ең маңызды құндылық.
Қорытындылай келе, зайырлылық – тек құқықтық немесе саяси қағида ғана емес, бұл – қоғамның тыныштығы мен тұрақтылығының кепілі және өркениетті дамудың даңғыл жолы. Зайырлы мемлекет болу дегеніміз – азаматтардың сенім мен көзқарас алуандығына кең мүмкіндік берумен қатар, ортақ мүдде мен ұлттық бірлікке негізделген ұлт болашағын қалыптастыру.
Мәлік СЕЙТАЕВ,
Көкбастау ауылдық округінің әкімі