Basty bet
«Екі жұлдыз» – өнерлі жастардың басын қосқан байқау
Жастардың шығармашылық қабілетін шыңдап, өнерге деген қызығушылығын арттыру – бүгінгі күннің маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен Бауыржан Момышұлы ауылындағы Орталық саябақта «Екі жұлдыз» атты аудандық ән байқауы өтті.
Аталған байқау жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың шығармашылық әлеуетін арттыру, ән өнерін насихаттау және өнер саласындағы волонтерлік бағытты дамыту мақсатында ұйымдастырылды. Сонымен қатар, байқау арқылы жас буынға ұлттық музыкалық мұраны танытып, өткен дәуірдің әуезді әндерін дәріптеуге ерекше мән берілді.
«Екі жұлдыз» ән байқауына ауданның әр ауылдық округінен өнерлі жастар қатысып, өзара бақ сынасты. Байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар қазақи нақыштағы ескі әндерді жанды дауыста орындап, ұлттық өнерге деген құрметін көрсетті. Ал, екінші кезеңде еркін тақырыптағы әндерді орындап, сахнадағы шеберліктері мен шығармашылық қабілеттерін ортаға салды.
Қатысушылардың өнері қазылар алқасының тарапынан орындаушылық шеберлігі, дауыс мәнері, сахна мәдениеті, әнді жеткізу ерекшелігі және шығармашылық ізденісі бойынша бағаланды.
Байқау қорытындысында Шақпақ ауылдық округінің намысын қорғаған Алина Ағабек мен Жанбота Пірәлі І орынға ие болды. Ал, Қызыларық ауылдық округінің өнерпаздары Ержан Жүзбаев мен Баян Ержан ІІ орынды иеленсе, Көкбастау ауылдық округінен қатысқан Кәусар Аташбек мен Кәусар Жарас ІІІ орынға лайық деп танылды.
Байқауға қатысқан барлық өнерпаздар өздерінің таланттары мен шығармашылық қабілеттерін көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Жеңімпаздар мен қатысушылар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Мұндай мәдени-шығармашылық шаралар жастардың өнерге деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, олардың сахна мәдениетін қалыптастырып, жаңа қырларын ашуға мүмкіндік береді. «Екі жұлдыз» байқауы да аудан жастарының өнерін насихаттап, талантты жастарды қолдауға бағытталған маңызды мәдени жобалардың бірі болды.
Алдағы уақытта да аудандық «Жастар ресурстық орталығы» жастардың шығармашылығын қолдауға, олардың қоғамдық және мәдени өмірге белсенді араласуына бағытталған түрлі жобалар мен іс-шараларды жалғастыра бермек.
Гүлдана Совет,
Жетітөбе ауылдық округінің жастармен жұмыс жөніндегі маманы