Basty bet
Заңға бағыну, тәртіпті сақтау – орнықты дамудың басты ұстанымы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Біз өркениетті, әділетті мемлекет құрып жатырмыз. «Заң үстемдігін» қамтамасыз ету, білімнің сапасын арттыру, мәдениетті болу, аянбай еңбек ету, тәртіпке бас ию және мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау арқылы ғана осы мақсатқа жетеміз. Еліміздің болашағы дарынды, бастамашыл әрі отаншыл жастардың қолында. Мен мұны үнемі айтып жүремін. Себебі, Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың жасампаз қуатына сенемін» деген сөзінен заңға бағынып, тәртіпті қатаң сақтағанда ғана Тәуелсіз еліміз орнықты дамудың даңғыл жолына түсетінін аңғару қиын емес.
Президент ұсынған «Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету мақсатында апта ортасында ауданға қарасты Қызыларық ауылдық округінің Ақтөбе ауылында «Заң және тәртіп: Қауіпсіз ауыл – ортақ жауапкершілік» тақырыбында кезекті құқықтық жиын ұйымдастырылды. Қоғамның дамуы мен елдің өркендеуі жолында маңызды орын алатын жиында ауыл тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде тұрғындардың ортақ жауапкершілігін күшейту, құқықбұзушылықтың және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, интернет-алаяқтардан сақтану және цифрлық сауаттылықты арттыру, сонымен қатар, жасөспірімдердің цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, есірткі мен нашақорлықтың зияны, жол қозғалысының қауіпсіздігі, судағы қауіпсіздік және өрт қауіпсіздігін қатаң сақтау, жасөспірімдер мен кәмелетке толмағандардың арасында құқықбұзушылықтың алдын алу және олардың құқығын қорғау мәселелері кеңінен талқыланды.
Жиынға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, аудандық полиция бөлімінің, төтенше жағдайлар бөлімінің және отбасын қолдау орталығының және жастар ресурстық орталығының басшылары, ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшелері, округтегі мектептер мен балабақша қызметкерлері және ауыл тұрғындары шақырылды.
Құқықтық жиынды аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова сөз сөйлеп ашып, тақырыпқа байланысты жан-жақты әңгімелеп берді.
Жиынның алғашқы сөзі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, денсаулық сақтау жүйесінің үздігі Сейітхан Жұмашевқа берілді. Сейітхан Шерелханұлы өз сөзінде, қоғамның дамуына бағытталған жұмыстарды жүйелегенде ең бірінші кезекте елдің тұтастығы мен ынтымақ-бірлігі басты орында тұру қажетігін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне де ерекше назар аударудың қажеттілігін айтты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру, қоғамды заң үстемдігін орнату, заңды құрметтеу, Жаңа Конституцияда айтылған құндылықтарға құрметпен қарау сияқты маңызды мәселелерді жастардың бойына сіңіру – басты мақсатымыз. Биыл шілде айында қабылданған Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясында «Заң және тәртіп» тұжырымдамасының және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының енгізіліп, сонымен қатар, басқа да адами құндылықтардың айқын көрініс табуы жайдан жай емес. Бұл – ел болып қалыптасып, ұлт болып ұйысудың негізгі қағидаттары. Мектеп бағдарламасына осынау құндылықтардың арнайы пән ретінде енгізілуі де оқушы жастардың таным-түсінігін кеңейтіп, заңға және қоршаған орта мен табиғатқа деген жоғары құрмет сезімін қалыптастыратыны сөзсіз.
Ұлттың негізгі байлығы – ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу. Адам баласы өзінің жаратылысында қоршаған ортада әсерленіп қана қоймай оның сырларын білуге, түсінуге ұмтылады. Ұлы Абайдың: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біреуі ішсем, жесем, ұйықтасам. Бұлар – тәннің құмары. Бұлар болмаса тән мен жанға қуат болмайды һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі көрсем екен, білсем екен деп туады. Бұл – жанның құмары». Міне, осы көрсем, ізденсем деген ұрпаққа ата-ана мен отбасының тәрбиесі ауадай қажет. Біз осы болашақ ұрпақты кемел адамның қатарына жатқызамыз десек, бойымыздағы барлық асыл қасиетті өз балаларымыздың бойына сіңіруіміз керек. Мысалы, адамгершілік – азамат қасиеттерінің ішіндегі ең биігі. Бірінші – ол шыншылдық, өтірік айтпау, сенім білдіру, сыйластық, «үлкенге құмет, кішіге ізет».
Баланы еңбекпен тәрбиелеуге баса назар аударған жөн. Жас ұрпақты адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелеудің негізі салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарда екенін этнограф-зерттеушілер үнемі дәлелдеп келеді. Қазақ халқы:
«Ұлыңа беске дейін патшаңдай қара,
Он бес жасқа дейін қосшыңдай қара,
Он бес жастан асқан соң досыңдай бағала!» деп үлгі етіп, баланы үлкен адамгершілікке баулудың көзі бесіктегі тәрбиемен қоса, еңбекпен тәрбиелеуде екенін терең ұғынғанын жақсы білеміз. Алдына биік мақсат қойып, соған қатты құмар, тіпті, ынтызар болған адам ғана қандай қиындықты болсын жеңіп, мақсатына жетуге тырысады. Баланың тәрбиелеу, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беру қай кезде де кеш емес. Сондықтан, ұрпағымыз ұлағатты болсын десек, олардың бойына осы айтылған құндылықтарды терең сіңірудің маңызы өте зор,- деді С.Жұмашев.
Айта кету керек, ауыл тұрғындарына құқықтық кеңес беру және оларға құқық негіздерін түсіндіруге арналған жиында аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Ринатхан Заппаров қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде тұрғындардың ортақ жауапкершілігін күшейту, құқықбұзушылықтың алдын алу, интернет-алаяқтардан сақтану және оның кең таралған түрлері, азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру, сонымен қатар, жасөспірімдердің цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сонымен қатар, мал ұрлығының алдын алу туралы сөз қозғаса, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бастығының уақытша міндетін атқарушы Мейірхан Әлімбеков судағы қауіпсіздік және өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау, аудандық отбасын қолдау орталығының директоры Жәмила Қалымбетова отбасындағы тәлім-тәрбие, сонымен бірге, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қоғам дамуына тигізетін кері әсері және оның алдын алумен бірге, орталықта көрсетілетін қызметтің түрлері туралы әңгімеледі. Ал, аудандық жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы Нұртілеу Төрен жастар арасында жағымсыз әдеттердің алдын алу, оның ішінде, адам денсаулығына елеулі әсер ететін есірткі мен лудоманияның алдын алу, оның зияны мен сақтану жолдары, саламатты өмір салтын ұстанудың пайдасы туралы құнды кеңестерімен бөлісті.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»