Basty bet
Қиындыққа мойымаған азамат
Қоғамның өркениеттілігі – оның әрбір азаматына құрметпен қарап, мүмкіндігіне қарамастан, барлығына тең жағдай жасауымен өлшенеді. Кедергісіз қоғам қалыптастыру – тек әлеуметтік қолдау көрсету ғана емес, сонымен қатар, адамның қадір-қасиетін бағалау, еңбекке деген құлшынысын арттыру және өмірден өз орнын табуына мүмкіндік беру. Әсіресе, Отан алдындағы борышын өтеп, ел тыныштығы үшін жанын шүберекке түйген ардагерлерге қамқорлық таныту – баршаға ортақ міндет.
Осындай құрметке лайық жандардың бірі – Қайрат ауылының тұрғыны, Ауған соғысының ардагері Әлімхан Әсібеков. Ол жастық шағын жат жерде, от пен оқтың ортасында өткізіп, Отан алдындағы қасиетті борышын абыроймен атқарған.
Жалындаған жастық шағында әскери борышын өтеп жүрген кезінде мина жарылысына тап болып, ауыр жарақат алады. Ауған жеріндегі госпитальде үш ай бойы ем қабылдап, ақыры елге аман-есен оралады. Алайда сол сұрапыл соғыстың салған жарасы жазылмай, өміріне өшпес із қалдырды. Туған жерге оралған соң да ем-дом қабылдағанымен, соғыс зардабынан толық айыға алмады. Бүгінде ІІІ топтағы мүгедектігі бар ардагер денсаулығына байланысты ауыр жұмыстарды атқара алмайды. Сөйтсе де, оның басынан өткен қиындықтар өмірге деген құлшынысын бәсеңдеткен емес. Ауған жеріндегі от пен оқтың арасында кешкен күндерінің салқыны әлі де сезілгенімен, ол қайсарлық пен табандылықтың үлгісін көрсетіп келеді.
Әлімхан Әсібеков – ширақ қимылды, тазалықты жанына серік еткен, еңбекқор азамат. Ол аула тазалығына айрықша мән беріп, «Тазалық табалдырықтан басталады» деген қағиданы берік ұстанады. Үй іргесіндегі шағын бақшасында жеміс-жидек өсіріп, дастарқанын өз қолымен баптаған табиғи өнімдермен толықтырады. Жыл сайын бау-бақша дақылдарымен қатар, құлпынай мен бүлдірген де егеді. Әрбір көшетті күтіп-баптау, өнімнің бабын табу оңай шаруа емес. Дегенмен, Әлімхан бұл істің барлығын өз қолымен атқарып, еңбектің берекесін көруде.
Ардагер тек бақша күтімімен шектелмей, атакәсіп – мал шаруашылығын да дөңгелетіп отыр. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жылдық 2,5 пайызбен несие алып, оған 11 бас сауынды сиыр сатып алған. Бастапқыда мал басын 40 басқа дейін жеткізуді мақсат етіп, отбасылық табысын арттыруға күш салған. Бүгінде қорасында 20 шақты ірі қара мен 35 шақты уақ мал бар. Бұл – тынымсыз тірлік пен маңдай тердің нәтижесі.
Сонымен қатар, Әлімхан үш ағайынды болып, шаруашылықты бірлесе жүргізеді. Ағайындылардың ауызбіршілігі мен ортақ еңбегінің арқасында 73 гектар жерге арпа, бидай және мақсары егіп, жыл сайын мал азығын да өздері дайындап алады. Осылайша, егіншілік пен мал шаруашылығын қатар алып жүріп, атадан қалған кәсіпті жалғастырып, күнделікті тұрмыс-тіршілігін еңбегімен өркендетіп келеді.
– Адам ерінбесе, талай белесті бағындырары сөзсіз. Біз жат елге Отан алдындағы азаматтық борышымызды өтеуге аттанғанда, елге осындай күйде ораламыз деп ойлаған жоқпыз. Дегенмен, туған жерге аман-есен оралғанымызға шүкіршілік етеміз. Иә, жарақат алдық, соның салдарынан мүмкіндігі шектеулі жандар санатына қосылдық. Бірақ мұны өмір сүруге кедергі деп қабылдамау керек. Ең бастысы – мойымау, қол қусырып отырмай, шамаң келгенше еңбек ету.
Қазір елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көңіл бөлініп, олардың қоғамнан шет қалмай, өзгелермен тең дәрежеде өмір сүруіне жағдай жасалып келеді. Бұл – көңілге қуаныш ұялататын игі бастама. Өзім де елге оралғаннан кейін алғашқы жылдары колхозда ел қатарлы еңбек еттім. Қолымнан келген жұмысты атқарып, тіршілігімді жалғастырдым. Кейін Ақсай ауылдық округі әкімдігінде мекеме қарауылы болып жұмысқа орналастым. Міне, осы мекемеде табан аудармай 22 жыл бойы үздіксіз еңбек етіп келемін. Меніңше, адамның өмірдегі ең басты тірегі – еңбекке деген ынтасы мен алға ұмтылысы. Денсаулықта шектеу болғанымен, өмірге деген құлшыныс пен еңбек етуге деген ниет шектелмеуі керек, – дейді Әлімхан Әсібеков.
Ардагер – бүгінгі күні бір әулеттің алтын діңгегі, отбасының берекесі мен бірлігін ұйыстырған қадірлі жан. Жұбайы Мария Әсібековамен бірге ұл-қыз тәрбиелеп, ұрпағының өсіп-өнгенін көріп отырған бақытты әке. Өмірлік серігі Мария апай бүгінде зейнет демалысында. Ал, әкеден өнеге, анадан тәрбие алған балалары әр салада еңбек етіп, ел игілігіне өз үлестерін қосып келеді. Тұңғыш ұлы Талғат – мұғалім. Қазіргі таңда Астана қаласындағы жеке шеберханада еңбек етеді. Кіші ұлы Фархат аудандық орталық аурухананың жедел жәрдем қызмет бөлімінде фельдшер болып, адам өмірі мен денсаулығын сақтауға атсалысып жүр. Қызы Айдана аудандық емханада мейірбике қызметін атқарса, кенже қызы Балауса биология пәнінің мұғалімі ретінде білім беру саласында еңбек етеді. Ол да елордасы Астана қаласында тұрады.
Тағдырдың сынағына мойымаған Әлімхан Әсібековтің өмір жолы – табандылық пен еңбекқорлықтың, отбасы берекесі мен ағайын ынтымағының айқын көрінісі. Денсаулығына байланысты қиындықтарға қарамастан, қол қусырып отырмай, тіршілігін еңбекпен байланыстырған ардагердің өнегесі кедергісіз қоғам қалыптастырудың мәні әр адамға мүмкіндік беріп, оның қоғам өміріне белсене араласуына жағдай жасауда екенін аңғартса керек.
Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”