Basty bet

Ербол Қарашөкеев Тараздағы құрылыс және абаттандыру жұмыстарының барысын тексерді

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы бірқатар құрылыс және инфрақұрылым нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Алдымен өңір басшысы Қонаев және Сейфуллин көшелерінің бойында орналасқан М-3 жылу магистралін қайта жаңғырту жұмыстарын тексерді.

Жауаптылардың мәліметінше, қазіргі таңда М-3 жылу магистралін жаңғырту жұмыстарының басым бөлігі аяқталған. Жоба аясында тозу деңгейі 65 пайызға жеткен құбырлар кезең-кезеңімен ауыстырылуда.

Облыс әкімі мердігер мекеменің жұмыс қарқынын күшейтіп, жобаның орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ Қонаев көшесінің аталған бөлігін мүмкіндігінше қысқа мерзімде көлік қозғалысына ашып, тұрғындарды жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде тұрақты хабардар етудің маңызын атап өтті.

Өңір басшысы құрылыс аяқталғаннан кейін жол жабыны мен абаттандыру нысандарын сапалы қалпына келтіру қажеттігін де ескертті.

Жұмыс сапары барысында Ербол Қарашөкеев абаттандыру мәселелеріне де ерекше назар аударды. Ол «Жайлау» шағынауданындағы №13 тұрғын үй маңында орналасқан сквердің жай-күйімен танысты.

Облыс әкімі аталған аумақта шөптің шамадан тыс өсіп кеткенін айтып, жауапты сала басшыларына сквер аумағын ретке келтіруді, көгалдарды күтіп-баптау жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар қала аумағындағы қоғамдық орындар мен демалыс аймақтарының тазалығы мен күтіміне тұрақты бақылау жүргізу қажеттігін атап өтті.

Өңір басшысы тұрғындарға қолайлы әрі жайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар сапалы әрі уақытылы орындалуы тиіс екенін жеткізді.

Таңдаулы материалдар

Close