Basty bet

«Бал-болашақ» – мейірім мен мүмкіндіктер мекені

Әр баланың бойында ашылмаған қабілет, асқақ арман мен үлкен үміт бар. Сол мүмкіндікті танып, баланың жан-жақты дамуына жол ашу үшін кәсіби біліктілікпен қатар, сабырлылық пен шынайы мейірім қажет. Жуалы ауданындағы ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған «Бал-Болашақ» балабақшасы осы ізгі мақсат жолында еңбек етіп келеді. Төрт жыл бұрын ауданда шағын кабинет ретінде жұмысын бастаған мекеме бүгінде балабақшаға айналып, талай отбасының үмітіне айналды.
Бала – әр шаңырақтың шаттығы, әр отбасының жүрек қуанышы. Оның шат күлкісі мен алаңсыз балалық шағы ата-ана үшін бәрінен қымбат. Алайда кейбір балалардың дамуында, қарым-қатынас жасауында және қоршаған ортаны қабылдауында өзіндік ерекшеліктері болады. Мұндай жағдайда балаға да, оның отбасына да түсіністік пен кәсіби қолдау қажет. Өйткені әр баланың жеке мүмкіндігін ескеріп, өз қарқынымен дамуына жағдай жасау – қоғамның адамгершілік өлшемін айқындайтын маңызды құндылық.
Осы бағытта жұмыс атқарып келе жатқан «Бал-Болашақ» балабақшасының жұмысы төрт жыл бұрын басталған. Мекеме директоры Балнұр Үсеннің бастамасымен әуелі балаларға қажетті көмек көрсетуге арналған шағын кабинет ашылып, уақыт өте келе оның қызмет аясы кеңейген. Кейін орталық балабақша болып қайта құрылып, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қолдау көрсететін мекемеге айналды.
– Бұл – бір күнде жүзеге асқан өзгеріс емес. Оның артында балаларға қолдау көрсетуге деген ұмтылыс, ата-аналардың сұранысы және жұмысты біртіндеп дамытуға бағытталған еңбек жатыр. Шағын кабинеттен басталған ісіміздің балабақша деңгейіне дейін жетуі ерекше балаларға арналған қызметтің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді,- дейді Балнұр Серғалиқызы.
Бүгінде балабақшада 2-5 жас аралығындағы балалар тәрбиеленуде. Мекеме негізінен 70 балаға арналған. Меңгерушінің айтуынша, алғашқы кезде мұнда 20-ға жуық бала келсе, уақыт өте келе олардың саны артқан. Бұл – осындай қызметке деген сұраныстың бар екенін аңғартатын көрсеткіш.
Әр баланың мінезі, қабылдау ерекшелігі, қабілеті мен қажеттілігі әртүрлі. Бір бала үшін жаңа сөздерді меңгеру маңызды болса, екіншісіне қарым-қатынас жасау, тапсырманы түсіну немесе күнделікті тұрмыстық дағдыларды қалыптастыру қажет болуы мүмкін. Сондықтан, әр баламен жұмыс оның жеке ерекшелігі мен даму деңгейіне сәйкес ұйымдастырылады.
Ерекше білім беруді қажет ететін балалардың жетістігін өзара салыстыруға болмайды. Өйткені әрқайсысының даму жолы бөлек. Баланың бүгін өздігінен орындаған қарапайым әрекетінің өзі, жаңа сөзді үйренуі немесе айналасындағылармен байланыс орнатуға талпынысы – үлкен еңбектің нәтижесі. Осындай шағын жетістіктерді бағалау оның өзіне деген сенімін нығайтады.
Балабақшадағы жұмыстың негізгі мақсаты – балалардың танымдық қабілетін, тілін, зейінін, есте сақтауын, қимыл-қозғалысын және әлеуметтік дағдыларын дамытуға жағдай жасау. Бұл ретте мамандар әр баланың нені жақсы қабылдайтынына, қандай тәсілдер арқылы нәтижеге жететініне назар аударады.
Баланың жаңа нәрсені үйренуіне ойынның, көрнекі құралдардың, сурет салу мен құрастырудың, музыка тыңдау және қимыл-қозғалыс жаттығуларының көмегі зор. Кейбір балаларға белгілі бір тапсырманы бірнеше рет қайталау қажет болуы мүмкін. Сондықтан жұмысты баланың жеке қажеттілігіне қарай ұйымдастыру маңызды.
Ең бастысы – баланың талпынысын қолдау, өзіне деген сенімін қалыптастыру және жаңа дағдыларды меңгеруіне мүмкіндік беру. Бала өзін қауіпсіз әрі қабылданған ортада сезінгенде ғана жаңа әрекеттерге қызығушылық танытып, айналасындағылармен қарым-қатынас жасауға көбірек ұмтылады.
«Бал-Болашақ» балабақшасында балалардың қажеттіліктеріне сай қолдау көрсету үшін түрлі бағыттағы мамандар жұмыс істейді. Олардың қатарында психолог, логопед, дефектолог, робототехника маманы, емдік дене шынықтыру (ЛФК) және бейімдік дене шынықтыру (АФК) мамандары, АВА-терапист, тәрбиешілер мен тәрбиеші көмекшілері бар.
Әр маман өз бағыты бойынша балалардың дамуына үлес қосады. Бірі тілдік дағдыларын жетілдіруге көмектессе, енді бірі мінез-құлқын реттеуге, қарым-қатынас жасауға, қимыл-қозғалысын дамытуға және күнделікті әрекеттерді меңгеруге қолдау көрсетеді. Осындай кешенді жұмыстың нәтижесінде балалардың жеке мүмкіндіктерін ашуға және олардың қоғаммен байланысын нығайтуға жағдай жасалады.
Балабақшада иппотерапия әдісі де қолданылады. Сонымен қатар балалардың дамуына ықпал ету мақсатында “Томатис” аппараты бар. Бұл бағыттар мамандардың жұмысына қосымша мүмкіндік береді. Дегенмен әр баланың қажеттілігіне қарай қолданылатын әдістер тиісті мамандардың бағалауы мен ұсынымдарына сәйкес таңдалғаны маңызды.
Мекеме қызметі мұнда тұрақты тәрбиеленетін балалармен ғана шектелмейді. Балабақшаға 5–10 жас аралығындағы балалар да келіп, қосымша көмек алады. Бұл – баланың даму ерекшеліктеріне сәйкес қажетті қолдау алуына мүмкіндік беретін маңызды қызмет бағыты.
Балабақша таңғы сағат 8:30-дан кешкі 17:00-ге дейін жұмыс істейді. Сонымен қатар, мекеме балаларды тасымалдайтын көлікпен қамтылған. Бұл қызмет ауданға қарасты өзге ауылдардан келетін балалардың балабақшаға қатынауын жеңілдетеді.
Баланың дамуы бір ғана мекеменің жұмысына тәуелді емес. Бұл үдерісте ата-ананың қолдауы, мамандардың кәсіби көмегі және баланың күнделікті өмір сүретін ортасы өзара тығыз байланыста болғаны жөн. Балабақшада үйренген дағдылардың үй жағдайында да бекітілуі жұмыстың нәтижелі болуына ықпал етеді.
Ата-ананың баласына сенім білдіруі, оның әрбір жетістігіне қуана білуі және мамандармен тұрақты байланыста болуы да өте маңызды. Кейде баланың алғаш рет өздігінен әрекет жасауы немесе ойын түсінікті жеткізуі отбасы үшін ұмытылмас қуанышқа айналады. Осындай сәттер ата-ананың үмітін жандырып, алға ұмтылуына күш береді.
Ерекше балаларға қолдау көрсету – бір мекеменің ғана емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті. Әр баланың білім алуға, дамуға, өз қабілетін танытуға және қоғам өміріне араласуға құқығы бар. Осы мүмкіндіктерді қамтамасыз ету үшін түсіністікке, құрмет пен жанашырлыққа негізделген орта қалыптастыру қажет.
Кейде баланың мүмкіндігі оның қиындықтары арқылы ғана бағаланып жатады. Ал шын мәнінде, әр баланың бойында ашуды, дамытуды қажет ететін қабілет бар. Бірі сурет салуға қызықса, екіншісі әуенді ұнатады, ал тағы бірі белгілі бір әрекетті ерекше ынтамен орындайды. Осындай қызығушылықтарды байқап, баланың бойындағы жақсы қасиеттерді дамыту – үлкен істің бастауы.
Төрт жыл бұрын шағын кабинеттен басталған «Бал-Болашақтың» бүгінде балабақшаға айналуы – табанды еңбектің, ата-аналар сұранысының және балаларға қолайлы орта қалыптастыруға деген ұмтылыстың нәтижесі. Сондай-ақ мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балаларға қосымша көмек көрсетілуі осы бағыттың маңызын айқындайды.
Әрине, ерекше балалармен жұмыс істеуде атқарылатын іс әлі де көп. Дегенмен, әрбір ізгі қадамның, әрбір көрсетілген қолдаудың бала өміріне әсері зор. Балаға сенім артып, оның қабілетін дамытуға мүмкіндік беру – жарқын болашаққа бастайтын жол екені белгілі.
Баланың болашағына салынған ең үлкен инвестиция – оған деген сенім мен қамқорлық. Ал, әр баланың мүмкіндігін бағалап, дамуына жағдай жасау – баршаға ортақ міндет!

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close