Basty bet
Тұрғын үйдегі өрт қауіпсіздігін сақтайық!
Өрт… Соңғы кездері бұл жантүршігерлік сөз жиі естіліп жүр. Ал, жанудың себебі көбінесе қарапайым болып табылады. Олар – қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы, электр жабдықтары мен электр құралдарын дұрыс қолданбау, отпен абайсыз болу, пештер мен түтіндіктердің ақаулығы.
Өрт көбінесе адамдардың отқа немқұрайды қарауынан орын алатындығы көпшілікке мәлім. Тәжірибе көрсеткендей, өрттің басым бөлігі «адами фактордың» себебінен болады. Тұрмыстағы өрттің негізгі себептері: отпен абайсыз болу, өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін білмеу және орындамау, тұрмыстық электр және жылыту құралдарын дұрыс қолданбау, үлкендердің қарауынсыз қалған балалардың отпен ойнауы, сонымен қатар, мас күйде темекі шегу болып табылады.
Өрт қауіпсіздігі талаптарын орындамау өрт, газ баллондарының жарылуы және басқа да төтенше жағдайлар мен адамдардың өліміне әкеліп соғады. Адам өлімінің негізгі себептері: жану заттарының әсер етуі, улы газбен улану, жоғары температура (әртүрлі дәрежелі күйік). Осы ретте өрт санының қыс мезгілінде күрт өсетінін атап өткен жөн. Аудан тұрғындарының басым бөлігі қыс мезгілінде үйде пеш жағатынын ескерсек, пешті жабдықтау мен қолдану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамайтын көптеген тұрғындар өз үйлері мен жақындарының өмірін қауіп-қатерге тігеді.
Құрметті аудан тұрғындары! Тұрғын үй секторында өртті болдырмау үшін төмендегі қарапайым ережелерді сақтау қажет:
– электр және газ құралдарын қосулы күйінде қалдырмаңыз, сондай-ақ, оған балаларды жақындатпаңыз;
– уақытша және зақымдалған электр өткізгіш сымдарын пайдаланбаңыз;
– электр есептегіштердегі электр сақтандырғыштар зауыттан дайындалған болуы тиіс;
– үлкен көлемдегі электр құралдарын бір уақытта қосып электр жүйесіне күш түсірмеңіз;
– газдың кеміп қалуын тексеру үшін ашық отты қолданбаңыз;
– сіріңкені балалардың қолы жетпейтін жерде сақтаңыз;
– бөлмені жылытуға бей-берекет қолдан жасалған электр жылытқыш құралдарын қолданбаңыз;
– балалардың отпен ойнауына жол бермеңіз және оларды қараусыз қалдырмаңыз;
Осы ережелерді қатаң сақтау ғана Сізге өміріңіз бен денсаулығыңызды, үйіңіз бен мүлігіңізді сақтап қалуға көмектеседі.
Ал, біз азаматтардан өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды және өрт туындаған жағдайда шұғыл “101” немесе”112″ нөміріне хабарласуды сұраймыз!