Basty bet

Ауыл тыныштығын қамтамасыз ету – қылмыстың алдын алудың кепілі

Қылмысқа қарсы күрес пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету – ел тыныштығы мен азаматтар қауіпсіздігінің маңызды кепілі. Бұл бағытта аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесі қызметкерлерінің, соның ішінде учаскелік полиция инспекторларының атқаратын рөлі ерекше. Қылмысқа қарсы күресте заң талаптарын сақтау мен халық сенімін қалыптастыруды басты міндет санайтын тәртіп сақшыларының күнделікті еңбегі ауыл тыныштығын сақтауда айрықша маңызға ие. Осындай жауапты міндетті атқарып жүрген мамандардың бірі –Бауыржан Момышұлы ауылының орталығына жауапты учаскелік полиция инспекторы, жас маман Ердос Рүстамұлы.
Оның айтуынша, учаскелік полиция инспекторының негізгі міндеттерінің бірі – өзіне бекітілген аумақтағы қоғамдық тәртіпті сақтау және құқықбұзушылықтың алдын алу. Осы мақсатта ол ауыл көшелерін күнделікті аралап, кешкі уақытта қоғамдық орындар, дүкендердің маңы мен мектеп аумағындағы жағдайды бақылауда ұстайды. Сонымен қатар, профилактикалық есепте тұрған азаматтармен заң аясында жұмыс жүргізіп, мал ұрлығы мен ұсақ ұрлықтың алдын алу үшін шаруа қожалықтарымен байланыс орнатады.
Ауыл тұрғындарымен тығыз қарым-қатынас орнату да оның қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі. Аптасына бір рет ауыл әкімдігінде азаматтарды қабылдап, тұрғындардың өтініштері мен мәселелерін тыңдайды. Сондай-ақ, ауылдың WhatsApp тобында болып, тұрғындармен жедел байланыс жасауға мүмкіндік алған. Ардагерлермен, мектеп мұғалімдерімен және мешіт өкілдерімен тұрақты байланыста болуы да құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстарына оң ықпал етуде.
«Ауылда бәрі бір-бірін жақсы таниды. Сондықтан тұрғындармен ашық сөйлесіп, сенім қалыптастыру өте маңызды. Егер тұрғындардың учаскелік полиция қызметкеріне деген сенімі болмаса, олар өздері білетін мәліметтерді де ашық айта бермейді. Ал, сенім бар жерде мәселені дер кезінде анықтап, оның алдын алуға мүмкіндік туады», – дейді Ердос Рүстамұлы.
Қызметте көбіне әкімшілік құқықбұзушылықтар, тұрмыстық жанжалдар, қоғамдық орындарда мас күйінде жүру, ұсақ бұзақылық, көршілердің арасындағы жер дауы, түнгі тыныштықты бұзу және мас күйінде көлік басқару секілді мәселелер кездеседі. Сондай-ақ, малды қараусыз жіберудің салдарынан жол-көлік оқиғалары орын алып жатады. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін тұрғындарға заң талаптарын түсіндірумен қатар, әр азаматтың жеке жауапкершілігін арттыруға басымдық беріледі.
Құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстары мектептерде де жүйелі түрде жүргізіледі. Учаскелік инспектор әр тоқсан сайын оқушылармен кездесіп, құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған түсіндіру жұмыстарын өткізеді. Жастарға заң талаптарын сақтау, қоғамдық тәртіпті бұзудың салдары, зиянды әдеттердің алдын алу мәселелері түсіндіріледі. Бұдан бөлек, мешіттерде және ауыл тұрғындарының жиындарында интернет-алаяқтықтан сақтану жолдары туралы ескертіледі. Үй-үйді аралау барысында заңсыз есірткі мен қару-жарақ сақтауға қатысты талаптар түсіндіріліп, ақпараттық парақшалар таратылады.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, интернет-алаяқтықтың және жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу – учаскелік полиция инспекторының күнделікті жұмысындағы маңызды бағыттардың бірі. Отбасылық жанжалға қатысты хабарлама түскен жағдайда, полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтап, заңда көзделген шараларды қабылдайды. Қажет болғанда жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған қорғау шаралары қолданылып, әлеуметтік қызметкерлермен бірлесіп көмек көрсетіледі.
Соңғы уақытта ұялы телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың да өзектілігі артып отыр. Алаяқтар өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, азаматтардың ақшасы мен жеке деректеріне қол жеткізуге тырысады. Осыған байланысты, әсіресе егде жастағы тұрғындарға банк картасының мәліметтерін, SMS арқылы келген растау кодтарын ешкімге бермеу және белгісіз сілтемелерге өтпеу жөнінде тұрақты ескертіледі. Ал, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында түнгі рейдтер ұйымдастырылып, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заң талаптарын сақтауына назар аударылады. Мектептерде вейп пен синтетикалық есірткінің зияны туралы түсіндіру сабақтары өткізіледі. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып, олардың теріс әрекеттерге бой алдыруына жол бермеу.
Тұрғындар учаскелік полиция инспекторына көбіне күнделікті тұрмыста туындайтын мәселелермен жүгінеді. Бірі көршісінің малы егістігіне кіріп кеткеніне шағымданса, енді бірі отбасындағы жанжалға, алаяқтыққа немесе қоғамдық тәртіптің бұзылуына байланысты көмек сұрайды. Ердос Рүстамұлының есінде ерекше сақталған оқиғалардың бірі – өткен қыста жоғалған сиырды іздеу жұмысы. Бір әжейдің сиыры жоғалып кеткен соң, оны табу үшін үш күн бойы іздестіру жүргізілген. Ақырында мал көрші ауылдағы қорадан табылып, иесіне қайтарылған. «Әжей маған: “Сен менің балам сияқты жанашырлық танытып, малды іздедің. Саған рақмет, еңбегің жансын”, – деп батасын берді. Осындай сәттерде атқарған жұмысыңның адамдар үшін қаншалықты маңызды екенін сезінесің. Тұрғындардың алғысы мен сенімі – біздің ең үлкен марапатымыз», – дейді ол.
Ауылда полиция қызметкері болудың өзіндік жауапкершілігі мен қиындығы да бар. Мұнда тәртіп сақшысын тұрғындардың басым бөлігі таниды. Кейде түн ортасында шұғыл шақырту түсуі мүмкін. Ал, күнделікті араласатын көршіге немесе таныс адамға қатысты мәселе туындағанда да заң талаптарын басшылыққа алып, баршаға бірдей әділ болу қажет. «Қалада сен тек қызметкерсің, ал ауылда сені бәрі таниды. Түн ортасында да телефон соғылуы мүмкін. Бір жағынан туысың, екінші жағынан көршің болуы ықтимал. Сондай кезде әр адамға бірдей қарап, әділ шешім қабылдау маңызды. Ең бастысы – адал жұмыс істеу», – дейді учаскелік инспектор.
Сонымен қатар, ол тұрғындарды жеке қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады. Үйдің есік-терезесін құлыптап, мал-қораны қараусыз қалдырмау, бейтаныс адамдарға ақша мен банк картасының мәліметтерін бермеу, балалардың қауіпсіздігіне көңіл бөлу – қарапайым болғанымен, маңызды сақтық шаралары. Ал, күдікті жағдайға куә болған азаматтар уақыт жоғалтпай, полицияға 102 нөмірі арқылы хабарлағаны жөн.
Ердос Рүстамұлының пікірінше, бұл сала оған ең алдымен сабыр сақтауды, әр жағдайға байыппен қарауды және асығыс шешім қабылдамауды үйреткен. Өйткені, әр адамның өз шындығы бар, ал, кез келген оқиға әділ әрі жан-жақты қарауды талап етеді.
«Халыққа қызмет ету деген – жай сөз емес, үлкен аманат. Адамдардың сенімі погоннан да қымбат», – дейді ол.
Шын мәнінде, қылмысқа қарсы күрес тек құқық қорғау органдарының жұмысы емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Заңды құрметтеу, құқықбұзушылыққа бей-жай қарамау және күдікті жағдайларды дер кезінде хабарлау арқылы ғана қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға болады. Ал, осы жолда тұрғындармен етене байланыста қызмет атқаратын учаскелік полиция инспекторларының еңбегі ауыл тыныштығын сақтауда айрықша маңызға ие.
Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close