Basty bet
Туған жердің рухы жеңіске жетеледі
Алматы аспанында ұлттық рух асқақтап, қазақтың қаһарман перзенті, Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына арналған тоғызқұмалақтан мектеп оқушылары арасында ашық турнир өтті.
Бұл жай ғана жарыс емес, жас ұрпақтың бойына отаншылдық рухын сіңіріп, батыр бабалар ерлігін жадында жаңғыртуды көздеген үлкен тағылым мектебі болғаны анық. Осы бір парасат пен пайым салмақталатын тоғызқұмалақ додасында жуалылық жас өрен Кәмшат Мұрат шеберлік танытып, жеңіс тұғырынан көрінді.
Кәмшаттың спорттағы бұл жетістігі – кездейсоқ емес, қажырлы еңбек пен табиғи таланттың жемісі. Жуалы өңіріндегі Боралдай ауылдық округіне қарасты Көлтоған ауылындағы №8 С.Бәйтіков атындағы орта мектепте білім алған бүлдіршін бүгінде Алматы қаласындағы №158 жалпы білім беретін мектептің мақтанышына айналып отыр. Оның бойындағы қасиетті қондырып, өнегелі етіп өсірген атасы Мұрат Тұңғатов пен әжесі Кенжекүл Құрманбекованың тәрбиесі – Кәмшаттың өмірдегі де, спорттағы да басты темірқазығы. Ата-әжесінің еркесі болып өскен қыз бала бүгінде ел намысын ту еткен спортшыға айналып келе жатқан жайы бар.
Кәмшат – мектептегі үлгілі оқушылардың бірі. Ол сабаққа бар ынтасымен қатысып, оқуда озат нәтижелер көрсетуде. Достарымен жақсы тіл табысатын Кәмшат өз ортасында белсенді. Сонымен қатар, бос уақытында логикалық ойлауды дамытатын тоғызқұмалақ ойынының әдіс-тәсілдерін терең меңгеріп келеді.
Жаттықтырушысы Нұрлыбек Байжокеновтен шеберлік шыңдаған Кәмшаттың қанжығасы бос емес. Ол бұған дейін Астана күніне арналған қалалық ашық турнирде ІІ орын иеленіп, Республика күні мерекесінде өткен жарыста өз жас ерекшелігі бойынша І орынды жеңіп алды. Сондай-ақ, Ұлттық мектеп лигасының аудандық кезеңінде де, полиция сержанты Дастан Абдықановты еске алуға арналған жарыстарда да жүлделі орындарды бермей, өзінің мықты спортшы екенін дәлелдеп келеді.
Алайда Кәмшат үшін ең қадірлісі де, маңыздысы – Халық Қаһарманы, Батыр Бауыржан Момышұлының мерейтойына арналған осы турнир болды. Туған жері Жуалыдан шыққан, есімі аңызға айналған батыр бабасына арналған додада топ жару – ол үшін үлкен мәртебе әрі зор мақтаныш. Алатау баурайында жүріп, Жуалының рухын сезіну, батыр бабаның аманатына адалдық таныту оның жеңіске деген жігерін жани түскені анық. Бұл жеңіс Кәмшат үшін тек спорттық жетістік қана емес, туған жерге деген шексіз сүйіспеншіліктің және батыр рухына көрсетілген шынайы құрметтің белгісі іспетті.
Ұлттық ойынды жанына серік еткен, логикалық ойлауы терең Кәмшаттың алдағы асуларының бұдан да биік боларына сенім мол!
Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”