Basty bet
Көпбалалы отбасына баспана салыну үстінде
Игі дәстүрдің бірі – «Асар». Халқымыздың асар дәстүрі барлық өңірлерде қарқынды жүріп келеді. Тіпті, «Сүрінгенге сүйеу, қиналғанға демеу» болу қазақтың қанында бар қасиет. Бұл дәстүрдің ерекшелігі сол, адамдар бірлесіп үй салып, басқа да игі мақсатта бір-біріне көмектесу арқылы ынтымақ пен бірлігін жарастырады.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, «Асарлатып үй салу» жобасы аясында көптеген баспана салынып, пайдалануға берілуде. Аталған жоба аясында біздің аудан да көптеген үйге мұқтаж отбасылардың үйлі болуына ықпал етті. Соның ішінде, Ақсай ауылдық округіне қарасты Диқан ауылының азаматына асарлатып үй салу қолға алынуда.
Осы орайда, Диқан ауылының көпбалалы, ұзақ жылдардан бері демікпе деп аталатын дертпен күресіп келе жатқан және 80 жасты еңсерген қарт анасымен жалдамалы пәтерде тұратын Жәнібек Жұматаев есімді азаматқа асарлатып үй соғып беруді қолға алған ауыл азаматтарының игі істері көпке үлгі. Діни сауаты бар азамат ауыл мешітінде жұмыс істейді. Азын-аулақ табысы шеттей бала-шағаның қажеттілігіне жетпей де жататыны белгілі. Отанасы және қарт анасы бала-тәрбиесімен үй шаруасында. Жұматай, Тілеуқұл аталары кезінде ауылдағы ауырып келген, көпшілік тіпті өлдіге санаған адамды, жас сәбилердің өміріне арашашы, көпке шапағаты тиген азаматтар болған екен.
Аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі үйдің іргетасын қалауды бастап, кейіннен бұл істері көпшіліктің ерікті түрде көмек көрсетуіне түрткі болды.
Қайырымдылық шарасының маңыздылығы сол, көпшіліктің ыстық пейілі баспанасы жоқ азаматқа қолұшын беріп, демеуі, қолдауында. Бұл игі бастаманың басы-қасында ауылдық округтің әкімі Мақсат Мәтеннің де өзі жүр. Осы азаматтың тұрақты баспанамен қамтылуына және құрылыс жұмыстарының сапалы әрі күн суымай аяқталуына, қажеттіліктеріне қолдан келгенше жәрдем беруде.
Шын мұқтажға қол созу – үлкен адами борыш. Осындай ізгі мақсатта ауданның біршама кәсіпкерлері, шаруа қожалық басшылары екі камаз құм, бір камаз тас, 20 қапшық цемент, төрт терезесін тегін орнатып берем деуші игі азаматтардың бастамасымен үй іргесі ақырындап бой көтеруде. Құрылыс жұмыстарына қолы епті ауыл азаматтары тегін 2800 құмблокты қалап бітірді. Қайрат және Диқан ауылындағы сыныптастары азаматтың үйінің шатырын қоюды жоспарласа, ауыл азаматтары ауладағы қажетсіз деген теректерін үйдің бір қажетіне жаратуды ұсынып отыр.
Аталған үйдің газ, су, жарық, жылу жүйесімен қамтылуына да ауыл азаматтары қолдан келгенше жәрдем ететін ниеттерін жеткізді. Жақында көпбалалы отбасы тұрақты баспанамен қамтамасыз етілмек.
Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»