Basty bet
Мерекеңізді шармен әсемдей түсіңіз!
Қазіргі таңда той-жиын болсын, жаңадан сәби дүниеге келсе де, туған күн кештерінде, дүкен, тойхана, сұлулық салоны сияқты және тағы да басқа ғимараттардың ашылу салтанаттары әсем шарлармен безендірусіз өтпейтіні белгілі.
Бір қарағанда бұл дүниелер жасалуы оңай көрінгенімен айтарлықтай көп күш жұмсалатынын біреу білсе, біреу білмейді. Гелді шарды алып, оның ішін газбен толтырады, әдемілеп жіпке байлап, үлкен арка жасайды. Мұның барлығы да оңай шаруа еместігі бесенеден белгілі.
Таяуда бір танысымыз дүкенінің ашылу салтанатын безендіріп беретін кәсіпкерді шарқ ұрып іздеді. Аядай ғана ауданымызда бұл кәсіп түрімен айналысатын бірнеше кәсіпкер бар екен. Бірақ, тапсырыстың көптігі сонша, біразы тапсырыс алып қойғандығын алға тартты. Ақырында бізге сондай жас кәсіпкерлердің бірі – Есімжан Бескемпіров қол ұшын созып, дүкеннің безендіру ісін өз қолына алып, әсем әрі көз тартарлықтай етіп безендіріп берді.
Көлбастаулық кәсіпкер Есімжан – 28 жаста. Оның негізгі мамандығы – дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Бірақ, бүгінде кәсіпкерлікке бет бұрып, кәсібінің нәсібін көріп отырған белсенді жас кәсіпкер.
Айта кету керек, кәсіпкердің офисі аудандағы орталық базардағы “Айша” сауда үйінің екінші қабатында орналасқан. Салонның атауы – “Аққу”. Мұнда сонымен қатар той көйлектері де жалға беріледі. Одан бөлек, шармен безендіру, қар, түтін, түрлі көпіршіктер, баннерлер, от шашулар жасайтындығы туралы хабарлама ілініп, бұл іс мықтап қолға алынған.
2015 жылдан бері жұмыс жасайтын “Аққу” салонында бес адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Айтарлықтай, тапсырысты да жақсы қабылдайды.
Есімжанды аудан орталығында танымайтын адам жоқ. Instagram әлеуметтік желісіне кіріп “mir_sharov_jualy” деп іздесеңіз, әп-сәтте Есімжанның парақшасына тап боласыз. Мұнда салонға қатысты барлық ақпараттар жазылған және тойханалардың безендірілу жұмыстарының суреттері де жүктелген.
Кәсіпкер қайырымдылық шараларынан да қалыс қалған емес. Балабақша және тағы да басқа ұйымдарға тегін безендіру жұмыстарын жүргізген кездері де болған екен. Мұндайда “Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің”, деген қанатты сөздер еріксіз ойға оралады емес пе?!
– Біздің аудан орталығында бұл кәсіппен айналысып жатқанымызға сегіз жылдай уақыт болды. Жалпы мұндай кәсіпке келуіме – ағам мен жеңгем түрткі болды. Біздің ауданда 2015 жылдары той орталықтары жоқтың қасы еді. Алғаш ағам мен жеңгем Әсет Есенаманов пен Әсел Әбдіраимовадан шар жасау ісін үйрендім. Олар бүгінде Шымкент қаласында бұл істің “жілігін шағып, майын ішіп” кәсіптерін өрге домалатып отырған жайы бар. Сол себептен, ол кісілерге айтар алғысым шексіз.
Кәсіпте жетістікке жету үшін – ең алдымен адамдармен тез тіл табысып, көңілін таба білу керек. Сондай-ақ, қанша қиындыққа тап болсаң да, тек қана алға ұмтылсаң кез келген қиын істің күрмеуі тез шешілетіні айдан анық. Бүгінде біз – той безендіруге арналған заттарды Қытай елінен, Алматы, Шымкент қаласынан алып келеміз, – дейді Есімжан Көпбосынұлы.
Жас кәсіпкердің ендігі мақсаты – кәсіпкерлік ісін одан да дамытып, әрлеп-сәндеу істерін кең көлемде жасауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, той бизнесіне қатысты жан-жақты зерттеп, түрлі дизайндарды ойлап табуды, шет елдерден түрлі керекті заттарды алып келуді, өзінің артынан кәсіптің көзін таба білетін мықты шәкірттерді даярлауды – мақсат етуде.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»