Basty bet

Ардақты ана, әулеттің шамшырағы

Қазақ халқы қашанда ананы ардақтап, оның қоғамдағы орнын ерекше бағалаған. Ұрпақ тәрбиесі мен отбасы берекесінің алтын діңгегі болған аналардың еңбегі өлшеусіз. Осындай құрметке лайық жандардың бірі – Б.Момышұлы ауылының тұрғыны, көпбалалы ана, қолөнер шебері Дарихан Сыдықова.
Дарихан әже 1951 жылы Өзбекстан Республикасы Хорезм облысының Үргеніш ауданына қарасты Шалыс ауылында дүниеге келген. Ол қарапайым отбасында өсіп, жастайынан еңбекке араласып, өмірдің мәнін ерте ұғынды. Білім алып, еңбекқорлық пен жауапкершілікті өмірлік ұстанымына айналдырды.
Дарихан апай 2004 жылы тарихи отанына қоныс аударып, атажұртқа оралды. Бұл – тек көш емес, жүрек қалауы мен ұлттық тамырға қайта қосылу еді. Жаңа ортаға тез сіңісіп, ел өміріне белсенді араласып, айналасына сыйлы бола білді.
Дарихан әженің басты байлығы – оның ұрпағы. Ол отбасында бес ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп, бүгінде олардан 21 немере мен сегіз шөбере сүйген әже атанып отыр. Әулеттің ынтымағын сақтап, бірлік пен татулықтың үлгісін көрсетіп келеді. Оның тәрбиесімен өскен ұрпақ адалдықты, еңбексүйгіштікті және үлкенге құрмет, кішіге ізетті бойына сіңірген.
Қолөнер – Дарихан әженің өмірінің ажырамас бөлігі. Ол құрақ құрап, көрпе-жастық тігіп, ұлттық нақыштағы бұйымдар жасайды. Әрбір туындысынан қазақтың дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігінің ізі байқалады. Түрлі-түсті маталарды үйлестіріп, ерекше сән мен мән беретін әже өз өнері арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеп келеді.
«Құрақ құрау – тек іс емес, ол сабыр мен төзімділіктің мектебі. Әр қиындыны біріктіріп, әдемі дүние жасағандай, өмірде де адамдар бір-бірімен түсінісіп, бірлік табуы керек» дейді ол.
Дарихан әженің бұл сөзі – оның бүкіл ғұмырының айнасы. Еңбекті қадірлеп, қарапайымдылықты ту еткен әже үшін ең үлкен бақыт – отбасының амандығы мен берекесі.
Бүгінгі таңда осындай ардақты аналардың өмір жолы – жас ұрпаққа үлгі. Олар ұлттық тәрбие мен адамгершілік құндылықтардың сақтаушысы ғана емес, сонымен қатар, қоғамның рухани тірегі.
Дарихан Сыдықова – қарапайым еңбегімен-ақ үлкен құрметке ие болған жан. Оның өмірі – төзім мен табандылықтың, мейірім мен шүкіршіліктің көрінісі.
Аудандағы ардагерлер қозғалысына белсене араласып жүрген Дарихан Сыдықова биыл мерейлі 75 жасқа толғалы отыр. Бұл – өмірдің асқар белесі, еңбектің, төзім мен даналықтың, парасат пен сабырдың биік шыңы.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close