Basty bet

Қарулы Күштер – ел айбыны!

Ол үшін жастарымыз Отан қорғауды алдына басты міндет етіп қоюы тиіс

«Отан үшін отқа түскін, күймейсің», «Ежелден ел тілегі, ер тілегі, Адал ұл ер боп туса, ел тірегі» дейді даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы. Елге қызмет ету, Отанды қорғау – ұлы іс. Отан үшін күрес – ерге тиген үлес екені даусыз.

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылуы төл тәуелсіздігімізді алған алғашқы жылдары болған маңызды оқиғалардың бірі. 1992 жылы құрылған еліміздің Қарулы Күштері әр жылдары уақыт талабына сай қарқынды дамып, өз әлеуетін арттыра түскенін ерекше атап өтуіміз керек. Тәуелсіздік алған тұста Қазақстанның ең алғаш қолға алған маңызды шаруасының бірі ел шекарасын шегендеу болатын. Өйткені, еліміздің ұлан-ғайыр даласы барда, оның асты мен үстіндегі телегей-теңіз табиғи байлығы кім-кімнің де болсын, «көзқұртына» айналары даусыз. Сондықтан, Отанның шекарасын бекемдеу ісі уақыт күттірмейтін шаруа еді. Қазір жер көлемі жағынан әлем бойынша тоғызыншы орынды алатын қасиетті Қазақ елінің Тәуелсіздігіне ешқандай сырт мемлекет көз аларта алмайды. Өйткені, Отанымыздың жел жағына қалқан болар Қарулы Күштеріміз бар.
Жалпы, Қазақстан тәуелсіз ел ретінде өзінің дербес әскерін құру ісі 1992 жылдың 7 мамырында Президенттің «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы», «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлықтары шыққаннан кейін жедел басталып кетті.
Отандық ақпарат көздерінің мәліметтеріне сүйенер болсақ, содан бергі аралықта ел әскерін қалыптастыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді. Бұл орайда Қазақстан әскерін заманауи тұрғыда дамыту мәселесінде жаңа талаптар мен қазіргі таңдағы қауіп-қатерлер барынша ескерілді. Бүгінде Қарулы Күштеріміз үш түрлі құрылымнан тұрады. Олар: Құрлықтағы әскер, Әуе қорғанысы күштері және Әскери-теңіз күштері. 1991 жылдың соңына қарай Қазақстан аумағында КСРО Қарулы Күштері әскерлерінің құрамында жалпы саны 200-мыңдай адам болған екен. Алғашқы кезде, әсіресе, бұл салады маман мәселесін шешу қиын болды.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мерейтойында жарық көрген генерал-лейтенат, әскери ғылымдар докторы Абай Тасболатовтың «Жоғарғы Бас Қолбасшы – әскери қауіпсіздік кепілі» деп аталатын кітабынан үзінділер келтіргенді жөн көріп отырмыз.
«Халқымыздың тәуелсіздікке, аумақтық тұтастыққа деген сан ғасырлық арманы біздің заманымызда, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында ғана орындалды. Кеңес Одағының құрамында өткен 70 жыл уақыттан кейін Қазақстан егемендігін алды. Өз экономикасы, жер ресурстары, тілі мен мәдениеті бар, халықаралық қатынастар саласында өзіндік саясатын жүргізе алатын тәуелсіз мемлекетке айналды. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Тәуелсіздігін жариялап, жаңа тарихын бастайтынын әлемге паш етті. Республика халқының – қазақ және басқа да ұлттардың заманға сай жан-жақты дамуына мүмкіндік туды. Осы ретте алда тұрған басты мақсат – егемен мемлекет құру, азаматтық қоғам институтын түзу болатын. Сонымен қатар, болашақ бағдарын айқындап алу үшін тәуелсіздіктің алғашқы қадамдарын саралап алу қажет болды»,- деп жазады А.Тасболатов.
Өйткені Қазақстан Қарулы Күштерінің қалыптасуы жас мемлекеттің тағдырындағы тарихи жағдайлармен тұспа-тұс жүзеге асуда еді. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең маңызды оқиғалар мен даталар Қарулы Күштердің дамуына да себепкер болатыны түсінікті. Мәселен, 1991 жылғы 10 желтоқсанда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасын «Қазақстан Республикасы» деп өзгерту туралы Заңға қол қойылса, 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан өзінің мемлекеттік тәуелсіздігін барша әлемге жария етті.
Ал 1992 жылғы 7 мамырда Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылған болатын. Қазіргі таңда Қарулы Күштеріміздің халықаралық рейтингтегі жағдайы жылдан-жылға оңала түсуде. 2017 жылы біздің әскеріміз әлемдегі барлық әскерлер арасында 53-ші орыннан табылды. Бірақ бұған тоқмейілсуге әсте болмайды. Өйткені әскерімізді жаһандық сын-қатерлер мен өзгерістерді ескере отырып жетілдіре түсу жұмысын үздіксіз жүргізу – уақыт талабы.
Иә, 2022 жыл еліміз үшін тәуелсіздігімізге нұқсан келтіруді ойлаған аса дүрбелең оқиғалармен басталғаны бәрімізге белгілі. Абырой болғанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шұғыл шешім қабылдағанының арқасында ел мен жерге, халыққа қауіп төндіруді ойлаған «теріс пиғылды» лаңкестердің шабуылына тойтарыс берілді. Кейіннен жағдай қалыпқа түскен соң Президентіміз Мәжіліс отырысында «Қасіретті қаңтар» сабағы: Қоғам тұтастығы – Тәуелсіздік кепілі» тақырыбында сөйлеген сөзінде, қарулы күштердің қызметіне тоқтала келе, Отанды қорғау айрықша миссия екеніне тоқталды. Президенттің сөзі бәрімізді терең толғандыруы тиіс деп санаймыз. Өйткені, бұл тұтас Отанымыздың қауіпсіздігі. Бұл сайып келгенде, тәуелсіздігіміздің кепілі болатын дүние.
«Баса назар аударуды қажет ететін тағы бір мəселе бар. Көптеген жас азаматымыз Қарулы күштер қатарында əскери борышын өтеуден қашады. Əскери билетке ие болу жастардың мақтанышын тудырмайды жəне Отанға қызмет етудің белгісі саналмайтын болды.
Армия қатарында қызмет ету, құқық қорғау саласында жұмыс істеу – айрықша миссия. Бұл – Отан үшін жанын салуға бел буған азаматтардың саналы таңдауы. Жастарымызды əскери борышын өтеуге қалай ынталандыруға болатынын біз бүкіл қоғам болып ойластыруымыз керек»,- деп атап өтті Президент.
Міне, сан ғасырлар бойы азаттықты аңсаған біздің халқымызды Тәңір қолдап, бабалар аманатының арқасында Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Кеше ғана 30 жылдығын атап өткен ел Тәуелсіздігінің тұғырын биіктетіп, оны мәңгілік ету үшін де бізге айбынды Армия, Алаштың үнін асқақтататын ержүрек сарбаздар керек.
Бейбіт өмірде де, ел басына қауіп-қатер төнген қиын сәтте де Отанын қорғауға дайын тұратын сарбаздар дайындау, жалпы әскери патриоттық тәрбие көбінде орта білім беретін мектептерде ғана берілетіні белгілі. Сол үшін мектептердегі әскери патриоттық, отаншылдық тәрбиені нығайтуды арттыру қажет деген пікірді Жуалы ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының міндетін уақытша атқарушы, майор Марлен Тоқсейіт те алға тартып отыр.
– Қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің атқарып отырған жұмысына келсем, былтыр кәмелеттік жасқа толған 160-тай азаматты әскер қатарына жібердік. Олар негізінен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштер, Ұлттық Ұлан, Ұлттық Қауіпсіздік Комитетіне қарасты Шекара қызметінде Отан алдындағы міндеттерін атқарып жатыр. Ал биыл көктемгі және күзгі әскерге шақырылымда шамамен 90 азаматты әскер қатарына жібереміз деп жоспарлап отырмыз.
Отанды қорғау – ер азамат үшін абыройлы іс болып саналады. Бөлім қызметкерлері әскери қызметке міндетті азаматтарды әскер қатарына жіберердің алдында міндетті түрде зерделеу жұмыстарын жүргізеді. Себебі, олар әскерге Отанды қорғауға дайын болып барулары қажет. Бұл ретте бөлім мамандары ауылдық округтерге барып, әскерге шақырылушы әрбір азаматпен және олардың ата-аналарымен жеке-жеке сөйлеседі. Онымен қоса, дәл қазіргі уақытта мамандар азаматтарды әскери тіркеуге алу жұмыстарын атқаруда.
Патриоттық тәрбие – кез келген азамат үшін маңызды тәрбие. Патриоттық тәрбиемен тек мектеп мұғалімдері айналысады деп, оны мектепке артып қоюға болмайды. Онымен бүкіл қоғам болып айналысуымыз қажет. Мектептегі оқу-тәрбие жұмыстары өз алдына. Мысалы, әскерге баратын жігіттердің жігерін жанып, намысын қайрау үшін азаматтар әскерге аттанатын уақытта Ауған соғысының ардагерлері, сонымен бірге, Қарулы Күштер, Чернобыль-Семей полигонының ардагерлері осында келіп, олар болашақ сарбаздардың алдында сөз сөйлеп, Отанды қорғап, оған адал қызмет етуге шақырады. Бұл біздің бөлімде бұрыннан қалыптасқан жақсы дәстүр. Осыны ары қарай жалғастыра беретін боламыз,- дейді ол.
Иә, Отанды қорғау, оның әрбір құндылығы көздің қарашығындай сақтауға атсалысу еліміздің кез келген азаматының қасиетті борышы. Еліміздің ертеңгі тұтқасы да, оның қорғаушысы да – өскелең ұрпақ, жастар. Ал, оларды Отанды қорғауға ынталандыру, елжанды азаматтар етіп тәрбиелеу өз алдына бөлек жұмыс. Себебі, Отанға деген шынайы сүйіспеншілік әрбір азаматтың бойынан табыла бермейді. Тиісінше, сын сағатта ерлік көрсету де тек ердің ерінің ғана қолынан келеді. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды жоққа шығармаймыз. Бізбен әңгіме барысында Қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының міндетін уақытша атқарушы, майор М.Тоқсейіт мектептермен және әскери құрылымдар ардагерлерімен, ауданда орналасқан 91678 әскери бөлімімен бірлесіп атқарылып жатқан өзге де шараларды баяндады. Сонымен бірге, жастарды әскери оқу орындарына түсуге ынталандыру жұмыстарының да мектептермен бірлесіп атқарылып жатқаны да тілге тиек етілді. Осыдан да болу керек, қазір қорғаныс бөліміне берілетін әскерге шақырылымның жылдық жоспарлары толығымен орындалуда.
Әскери патриоттық тәрбиені нығайту, жастардың Отанға деген сүйіспеншілігі мен оны қорғауға деген ынтасын арттыру мақсатында қазір аудан мектептерінде «Жас сарбаз» патриоттық клубтары жұмыс істейді. Бұл жұмыстарды аудандық білім бөлімінің алғашқы әскери дайындық пәнінің әдіскері, білікті маман Руслан Тірібосынов үйлестіріп отырады. Аталған клубтың жұмысын жолға қойып, шын мәнінде болашақ сарбаздар дайындауға аса жанашырлықпен атсалысып жүрген әскери жетекші мұғалімдер де саусақпен санарлық. Олардың қатарында №14 Б.Майлин атындағы орта мектептің АӘД пәнінің мұғалімі Медеу Жұмағұловты, №22 Б.Момышұлы атындағы ОМ-ның АӘД пәнінің мұғалімі Нұрлан Халықовты, №16 Жуалы колледжінің АӘД пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы Айдар Болбырақовты, т.б. тәжірибелі ұстаздарды атап өтуге болады.
Бұл аудан мектептеріндегі алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдерінің сапалық құрамының төмен екендігін көрсетпейді әрине. Дегенмен, олардың көбісі «Отан» деген қасиетті ұғымның ар жағында бүкіл ел мен жердің тағдыры тұрғанын санасымен сезінсе деген тілек біздікі. Патриоттық тәрбиені ширата түссек, Отан қорғайтын сарбаздарды да соғұрлық көбірек дайындар едік. Әйтпесе, әскери патриоттық тәрбиеге келгенде дәл Жуалы ауданының басқаларға жалтақтайтын жөні жоқ. Осы тұста айтайын дегеніміз, Жуалыдан шыққан бір ғана Бауыржан Момышұлының есімі мен ерлік істері елді сүйіп, жерді қастерлеудің, Отанды қасық қаның қалғанша қорғаудың айрықша символы емес пе?! Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар жүйелеуді қажет етеді.
Отан үшін күрес – ерге тиген үлес. Мұндай патриоттық жалынды сөздерді жерлесіміз, генерал-лейтенант, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев та айтудан жалыққан емес. Ауған соғысында ерлік көрсетіп, кейіннен ҚР Қарулы Күштерін құру жұмыстарының басы-қасында болған әскери қайраткер Б.Ертаевтың: «Батыр таққа таласпайды, оны қорғайды», «Отанды сөзбен емес, жүрекпен сүю керек», «Командир сарбаздарын баласындай тәрбиелесе, сарбаздар командирін әкесіндей сыйлайды» деген сөздері әскерилер арасында мәтелге айналып кеткендей.
Отанды қорғау – абыройлы міндет. Бұл бағытта біз көбінесе Қарулы Күштердің сарбаздары мен сардарларына сенім артатынымыз ақиқат. Биыл құрылғанына 30 жыл толып отырған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері – еліміздің қорғаны. Ал онда қызмет етуге жастарымыз ынталы әрі мүдделі болулары керек.

Таңдаулы материалдар

Close