Basty bet
Таза ауызсумен қамтылған ауылдардың қатары артуда
Президенттік қызметіне қайта кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде өзінің ең алғашқы Жарлығын ауылды дамытуға арнаған болатын.
«Мен сайлауалды сөздерімде ауылды өркендету ісіне баса назар аудардым. Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан, ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын», – деді. Сөйтіп Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігіне «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының» жобасын дайындауды тапсырған болатын. Бұл жоба бүгінде дайындалып, халыққа таныстырылуда.
Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық экономика құрылымында баса мән беріп отырғаны халықты тұрғын үймен, таза ауызсумен, көгілдір отынмен, жалпы ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын көтеру. Яғни, мұның барлығы құрылыс саласымен байланысты екені де белгілі.
Аудан әкімдігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қ.Жатқанбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда аудандағы 36 елдімекен таза ауызсумен қамтылған, ол 73,4 пайызды құрап отыр. Бұдан бөлек, сегіз елді мекенге таза ауызсу құбырын тарту жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда бірнеше елді мекендегі таза ауызсу жүйесінің құрылыс жұмыстары аяқталып, қабылдау үшін мердігер тарапынан құжаттар әзірленуде.
– Бүгінгі таңда таза ауызсумен қамтылған ауылдарда 45145 тұрғын таза су ішіп отыр. Яғни, бұл аудан тұрғындарының 85 пайызын құрайды. Өткен жылы жалпы құны 2 миллиард 206 миллион теңгені құрайтын жоба аясында 7 елді мекенге таза ауызсу құбырын тарту жоспарланған. Атап айтсақ, үш ауылдық округте орналасқан Қоңыртөбе, Тасбастау-Кәріқорған, Рысбек батыр, Жаңаталап-Ақтоған, Бәйтерек ауылдарына ұзындығы 55 шақырымды құрайтын құбыр тарту жұмыстары атқарылды. Бұдан бөлек, Ақтасты ауылындағы ауызсу жүйесіне «Жуалы-Су» мекемесі тарапынан ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстарға бөлінген қаражаттың 1 986 167,7 мың теңгесі республикалық, 220 685,3 мың теңгесі облыстық бюджеттен қаралған болатын, – дейді бөлім басшысы.
Өткен жылдың соңында Қоңыртөбе, Рысбек батыр, Жаңаталап-Ақтоған ауылдарындағы құрылыс жұмыстары аяқталып, қабылданған. Ал Бәйтерек, Тасбастау-Кәріқорған ауылдарындағы жұмыстар 2023 жылға өтпелі. «Жуалы-Су» мекемесі тарапынан жүргізілген Ақтасты ауылындағы құрылыс жұмыстары да аяқталған. Бөлім басшысының айтуынша, өткен жылдың қорытындысымен жалпы 35 елдімекен таза ауызсу жүйесіне қосылып, жоспар толық орындалған. Соңғы қабылданған Ақтасты ауылындағы таза ауызсу жүйесімен жоспар бір елдімекенге артып, 36-ға жеткен.
Құрылыс жұмыстары жүргізілген Қоңыртөбе, Тасбастау-Кәріқорған, Рысбек батыр, Жаңаталап-Ақтоған, Бәйтерек және Шақпақата елдімекендеріндегі құрылыс жұмыстары аяқталып, өткен жылға жоспарланған қаржы мердігерлер тарапынан толық игерілген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты осы жолғы және алдыңғы Жолдауларында көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру, елдімекендерді сапалы ауызсумен қамту жайын назардан тыс қалдырмаған еді. Президент ішкі өңірлік қатынастарды жақсарту үшін автожолдардың жергілікті желісін жөндеу мен қайта салу бағытындағы жұмыстарды ұйымдастыруға, қаржы бөлуге өңірлердегі барлық әкімдіктердің белсенді қатысуын талап еткен болатын. Сонымен қатар ауылдық елдімекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін Үкімет бұл іске барлық қаражат көздерінен жыл сайын кем дегенде 100 миллиард теңге қарастыруы қажет екендігін қадап айтқан-ды. Жолдауда айтылған «Ақбұлақ» бағдарламасы да өңірде өз шешімін тауып, кезең-кезеңімен іске асырылуда. Қазір өңірде таза ауызсумен қамтылған елдімекендер саны едәуір артып отыр, – дейді Қайрат Жатқанбаев.
Биыл бөлім тарапынан 2023 жылға өтпелі Байтерек, Тасбастау-Кәріқорған ауылдарындағы жұмыстарды аяқтау және Әбдіқадыр ауылына суды тазартудың кешенді блок модулін орнату жоспарланған. Сонымен қатар биыл Түктібай, Б.Момышұлы, Қайрат, Көлбастау, Бақалы, Күреңбел ауылдарын ауызсу жүйесінің құрылысына және реконструкциялауға жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу көзделіп отыр.
«Біз алдағы уақытта да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан туындаған міндеттерді басшылыққа ала отырып жұмыс істейтін боламыз. Ал жоғарыда айтқан жұмыстар мен алдағы уақытта атқарылатын жобалардың барлығы да ел үшін атқарылатын болады, оның игілігін ел көреді», -дейді бөлім басшысы.
Марат ҚҰЛИБАЕВ,
«Жаңа өмір»