Basty bet

Отбасы құқығы – қоғамның берік тірегі

Отбасы – қоғамның ең басты құндылығы әрі мемлекеттің негізі. Әрбір отбасының берекесі мен тұрақтылығы заңмен қорғалады. Сондықтан азаматтардың өз құқықтары мен міндеттерін білуі – заң талаптарын сақтаудың және өз мүддесін қорғаудың маңызды кепілі.
Қазіргі таңда аудан тұрғындарының тарапынан алимент өндіру, неке және отбасы қатынастары, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, әлеуметтік көмек алу, несие берешегіне байланысты шоттардың бұғатталуы және жеке тұлғалардың банкроттығы мәселелері бойынша сұрақтар жиі қойылады. Осындай жағдайларда азаматтардың заң талаптарын дұрыс түсініп, уақтылы құқықтық кеңес алуы маңызды.
Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексіне сәйкес, ата-аналар кәмелетке толмаған балаларын асырап-бағуға міндетті. Егер бұл міндет орындалмаса, алимент заңда белгіленген тәртіппен өндіріледі. Сонымен қатар, әрбір баланың қауіпсіз әрі қолайлы отбасылық ортада өмір сүруге, тәрбиеленуге және жан-жақты дамуға құқығы заңмен қорғалған.
Отбасындағы жанжалдар мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Қазақстан Республикасының заңнамасы әр азаматтың өмірі мен қауіпсіздігін қорғауға кепілдік береді. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған азаматтар құқық қорғау органдарына немесе Жуалы аудандық отбасын қолдау орталығына жүгініп, қажетті құқықтық және әлеуметтік көмек ала алады.
Жуалы аудандық отбасын қолдау орталығы аудан тұрғындарына құқықтық кеңес беріп, әлеуметтік және психологиялық қолдау көрсету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Орталық мамандары азаматтарға заң талаптарын түсіндіріп, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған қызметтер көрсетеді.
Заңды білу – құқықтық мәдениеттің белгісі, ал заң талаптарын сақтау – әр азаматтың жауапкершілігі. Отбасының берекесін сақтау, бала құқығын қорғау және қоғамдағы тұрақтылықты нығайту – баршаға ортақ міндет!
Ербол Сейітқұлов,
“Жуалы отбасын қолдау”
КММ-ның заңгері

Таңдаулы материалдар

Close