Basty bet

Жас механизатор – Петр

Тәуелсіздік алғалы елімізде татулық пен тұрақтылыққа баса мән беріледі. Ел бірлігі – біздің барша табыстарымыздың кілті. Аға буын өкілдерінің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығы да осы. «Бірлік болмай, тірлік болмас» демекші, бірлігі мен ынтымағы жарасқан, еңбекпен өмірлерін ұштастырған Шақпақата ауылында өзге ұлт өкілдері де өмір сүруде. Жалпы ауылдың тұрғындары татулық пен достықты ту етіп, тату-тәтті ғұмыр кешіп отырғаны белгілі. Ауылда шешен, орыс, әзірбайжан ұлтының өкілдері тұрады. Солардың бірі, украин ұлтының өкілі Петр Николоенко. Ол – механизатор маманы. Ауыл тұрғындарының айтуынша, Петр көктем айлары басталысымен техникасымен ауылдағы көктемгі дала жұмыстарына белсенді араласады екен.
Петр Владимирович Шақпақата ауылында туған. Сол ауылдағы орта мектепті аяқтап, Ақбастау ауылындағы №16 Жуалы колледжінде механизатор мамандығында бойынша білім алады. Кейіпкеріміз кішкентайынан жаны механизаторлыққа жақын болады. Ауылда Николай Гетманский деген кісі Петрды трактор жүргізуге үйретеді. Ол жанынан тастамай, механизатор мамандығын колледжден алған білімінен бөлек үйретеді. Сол кісінің арқасында қазіргі таңда ол ауылдағы алдыңғы қатарлы жас механизатордың бірі десек те болады.
-Біздің туып-өскен жеріміз осы Шақпақата ауылы. Осында бала күннен тау тасына жүгіріп өскенбіз. Ауа райы да, ауылдың тыныс-тіршілігі де маған жақсы таныс. Әкемнің қара шаңырағын түтетіп, анамыздың аялы алақанын сезініп отырған отбасымыз. Бала кезден техникаға қызығып өстім. Сондықтан техниканы меңгеру, мал шаруашылығымен айналысу жаныма жақын. Қарапайым нәрседен табыс табуға болатынын көп адам түсіне бермейді. Ауыл – тіршіліктің көзі. Қайнаған тірлік те ауылда. Көктем шығысымен егін алқаптарындағы дала жұмыстарында жүремін. 2010 жылы ауылдағы «Дидар» шаруа қожалығына механизатор болып жұмысқа орналастым. Адал еңбектің арқасында үлкен жетістікке жетуге болатынын білемін. Тынбай тер төгудің арқасында біраз нәрсе үйрендім. Ерте көктемнен жер жыртудан, егуден басталады жұмысым. Жаз мезгілінде дайын болған алқаптардағы шөп пен арпаны жинаймыз. Істеген жұмысынды мақтап жатса, шаршағаның, көрген қиындықтың барлығын ұмытып, марқайып қаласың. Осылайша жұмысымыз жалғасын табуда. 15 жылдан бері бір орында табан аудармастан жұмыс істеп келемін. Мамандығым өзіме қатты ұнайды. Өз ісімен мақтанамын. Әрбір адам өз жұмысына адал болып, соңына дейін жеткізу қажет. Қай жұмыстың да оңайы жоқ. Ол үшін төзімділік пен сабырлық қажет. Бұл шаруа қожалықта жүріп мен көп нәрсе үйрендім. Білгенімнен білмегенім көп екен. Қожалықтың басшысы Айдар ағай маған туған ағамдай болып кеткен жан. Мен кейде өзімнің украин екенімді ұмытып кетем. Өйткені жұмыс барысында бәріміз қазақша сөйлесеміз. Көктем басталысымен трактор рөліне отырамыз, содан қара күзге дейін трактор айдаймыз. Техникалар бұзылса, өзім жөндей аламын. Оны жөндеуді толық меңгергенмін. Әрине меңгеру үшін ынта керек. Ұмтылыс қажет. Ең бастысы ерінбей, еңбек ету қажет. Қазір таңда көп жастар қалаға кетуді көздейді. Бірақ, маған ауылдың тіршілігі, адамдардың еңбекқорлығы ұнайды, – дейді Петр Владимирович.
Біздің байқағанымыз, кейіпкеріміз қазақшаны судай таза сөйлейді. Біз одан қазақша сөйлеуді қайдан үйрендіңіз деп сұрағанда: Ауылдағы достарымның барлығы қазақ жігіттері еді. Солардың қазақша сөйлегендеріне қызығатынмын. Уақыт өте өзімде үйрене бастадым. Білемін, үйренемін деген адамға ештеңе де қиындық туғызбайды» деп жауап берді. Иә, шынымен де тіл үйренем деген адамға ештеңе де кедергі бола алмайды.
Отбасында Петрдан бөлек, ата-анасы да қазақша сөйлейді. Әсіресе қызы Викторияның орысша сұраққа қазақша жауап беретіні қатты сүйсіндірді. Мұны өз Отанына деген сүйіспеншілік пен құрметі деп білеміз.
Жас механизатор отанасы Марина Галахова екеуі отбасында бір қыз, бір ұл тәрбиелеуде.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close