Basty bet
«Көкөніс өндіруге көп ақылдың қажеті жоқ»
Қазіргі таңда азық-түлік қауіпсіздігі мен жемшөп дайындау мәселесі өзекті болып отырғаны жасырын емес. Кейінгі жылдардың бедерінде азық-түлік бағасының, оның ішінде, экологиялық таза өнім бағасының тым шарықтап кеткенін әрбір тұрғын жақсы білсе керек. Нарықтың қатал заңын ескерсек, жыл өткен сайын бағаның еселеп өсу фактілері әсіресе, азық-түліктің сатылымында анық байқалып отыр.
Экологиялық өнім – ең таза өнім. Мұны жуалылық жергілікті диқандар жақсы біледі. Бұл ретте қандай да бір пилоттық жобаларға қатыспай-ақ, экологиялық тұрғыдан сапалы азық-түлік өндіру ісінде ұзақ жылдан бері белсене жұмыс жасап жүрген отбасылардың қатарында Өтеновтар әулетін атап өтсек жеткілікті. Бақ пен берекенің ынтымақты жерде, бірлікте ғана болатынын бұл әулеттің мүшелері жақсы біледі. Сондықтан бірлесіп еңбек етіп, еңбектің жемісін де әулетке ортақ игілікке айналдыруда.
Өтеновтар әулетінің мүшелері біраз жыл бұрын Өзбекстан Республикасының Ташкент облысынан ауданға қарасты Б.Момышұлы және Нұрлыкент ауылына қоныс аударып, осы жерде еңбек етіп, оны алтын бесікке айналдырып отыр. Олардың айналысатын кәсіптері негізінен диқаншылық. Қанға сіңген қасиет деп айтамыз ба, жыл сайын айналысатын үйреніп қалған кәсіп дейміз бе, әйтеуір бұл әулетті диқаншылық салтынан бөліп қарай алмаймыз. Олар жыл сайын 10-15 гектар алқапты күш біріктіру арқылы бірлесіп иегеріп отыр. Тәжірибелі диқандар биыл да осыншама гектарға қырыққабат көшеттерін отырғызып, баптауға қызу кірісіп кетті.
Қырыққабат көшеттерін алқапқа қондыру жұмысы мамыр айының 10-шы жұлдызынан басталғанын айтады диқандар. Айта кету керек, ең алдымен екі гектар алқапқа «Ринда» деп аталатын сорт егілді. Мұның бір қасиеті – басқаларға қарағанда оның ерте өнім беретіндігінде. Сәтін салса, қырыққабаттың бұл тұқымы тамыз айының алғашқы он күндігінде өнім бере бастайды. Араға 20-25 күн салып басқа да алқаптарға көшеттер кезегімен қондырылу үстінде. Қазір негізінен көшет қондыру жұмыстары аяқталып қалды. Диқандар сәрсенбі күні соңғы бір гектарға қырыққабаттың «Бухарест» тұқымын қондырып үлгерді.
Барлығы айтуға ғана оңай болғанымен, құр айқаймен немесе құр сөзбен мәселе шешіліп, жұмыс жүрмейді. Диқаншылық кәсібінің жұмыстары негізінен қолмен атқарылады. Күннің аптап ыстығында алқапта жүріп жұмыс істеу оңай емес. Қырыққабат көшеті де солай. Қолмен бапталып, алқапқа да қолмен егіледі. Ол үшін көшет егу жұмыстарына құрамында 20 шақты жұмысшысы бар бригаданың көмегі қажет. Өтеновтар да өздерінде жұмысшы күші жетпегендіктен, алқапқа көшет қондыру кезінде қосымша жұмысшы күшін тартуға мәжбүр. Қазір алқап басында Бақыткүл Қадырова бастаған бір бригада көшет қондыру жұмыстарына жұмылдырылған.
-Көшет қондырмас бұрын егілетін алқапты агротехникалық шараларды сақтау арқылы техниканың көмегімен өңдеп шығамыз. Алқаптың топырағы әбден тегістелгеннен кейін ғана жүйектер түзіліп, көшетті қондыруға арналған шағын лункалар жасалады. Оған міндетті түрде аммофос минералды тыңайтқышын себу қажет. Жүйектерге ағын су жіберіліп болғаннан кейін ғана көшеттер өз орнына қондырылады. Әрбір істің көзі болатыны сияқты, көшет егудің және одан кейін оны баптаудың да өзіндік технологиясы бар.
Бір қызығы, көшетті баптау, күтім жасау, айналасындағы топырағын культивациялық жолмен босату, арамшөбін жұлу сияқты жұмыстардың барлығы қол күшімен атқарылады. Мұндай жауапты жұмыстарды қосымша жұмысшылар жалдау арқылы атқарамыз. Онсыз болмайды. Әйтпесе, осыншама қырыққабат алқабын баптау бізге оңай емес,- дейді Өтеновтар әулетінің мүшесі, тәжірибелі диқан Мұзаффар Өтенов.
Көшетті алқапқа қондырғаннан соң үш-төрт күн өткеннен кейін қайтадан суғару қажет. Культивациялық жұмыстар топырақ аздап кеберси бастағанда жасалады. Бір сөзбен айтқанда, қырыққабат өнімі өзінің кемеліне келіп, үлкейіп, пісіп-жетілгенше диқандар қауымына алқаптың басында жүріп, осында маңдай терін төгіп еңбек етуге тура келеді. Қырыққабат өнім бергенге дейінгі аралықта 10 шақты рет суғарылады. Ол үшін диқандар «Ақсай» өндірістік бөлімшесімен келісімшарт жасасып, алқапқа қажетті ағын суды да уақтылы алып отыр.
Диқандар аудандағы су шаруашылығына жауапты мекемеге судың төлемақысын төлеумен бірге, оны жеткізіп беріп отырған мамандарға үнемі алғысын айтуда. Қазір алқапта көшет қондыру жұмыстарымен қатар суғару маусымы да қалыпты жағдайда өтуде. Ағын су жеткізуден ешқандай проблема жоқ.
«Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп» деген сөз бар. Ағайынды Өтеновтар қырыққабат алқабын күш біріктіру арқылы тиімді игеріп келеді. Әр отбасы екі-үш гектарға егілген қырыққабаттың күтіміне жауапты. Ағайындылардың үлкені Мамырайым және Мұзаффар, одан кейінгілері Мүсілім, Камал, Мадияр және күйеу балалары Бекбол да бұл тірліктен шет қалған емес. Олар мейіріммен қарап, баптай білгенде ғана жердің жомарттық танытатынын және өнімді де ойдағыдай алатынын жақсы түсініп, осы бағытта отбасы мүшелерімен бірге аянбай еңбек ету үстінде.
Диқандардың айтуынша, бір гектар алқапқа шамамен 40 пен 45 мың дананың айналасында қырыққабат көшеті отырғызылады. Алқапқа егілетін көшет негізінен әулеттің әр мүшесінің үйінде өсіріліп, дайындалады.
«Еңбек ер атандырады» деген. Бұл ең алдымен диқан қауымының еңбексүйгіштігінің арқасы әрине. Кәсіптің түбі – нәсіп деп білетін олар ерте көктемнен бастап үй іргесіндегі 10-15 соттық жерлеріндегі шағын парниктерде қырыққабат, қызанақ, ащы бұрыш, тәтті бұрыш, баклажан, пияз, болгар бұрышы, тағы басқа көкөністер мен бақша дақылдарының көшетін егіп, баптаумен айналысады. Әулеттің ортаншы ұлы Мұзаффар ағаның айтуынша, жыл сайын үй іргесінде 600-700 мың данаға дейін көшет дайындалып, көшеттер ауыл тұрғындарына, сонымен қатар, аудан орталығында саудаланады.
Жердің ырысты болуы ең алдымен ауа райына, одан соң диқандардың еңбегіне байланысты. Жаз бойы бел жазбай еңбек ететін диқан қауымы ендігі кезекте соның лайықты нәтижесін көрсек дейді.
-Былтыр да осыншама гектар алқапқа қырыққабат егіп, баптағанбыз. Бірақ өнімді өткеру кезінде оған лайықты баға болған жоқ. Ресей нарығының жабық болуына байланысты өнімді тонналап өткізуге мүмкіндік жасалмады. Өнімге баға болмағаннан кейін ең соңғы жағында төрт-бес гектарға егілген қырыққабат алқапта жиналмай қалды. Қырыққабаттың әр гектарына көшетті еккеннен бастап дайын өнім алғанға дейінгі аралықта бір миллион теңгеден астам қаржы-қаражат жұмсалады. Алайда күзде дайын өнімге баға болмаса, диқандардың шығынға бататыны белгілі. Дайын өнімді өткеру немесе лайықты бағаға сатып алу жағынан бізге мемлекеттің көмек-қолдауы ауадай қажет,- дейді диқан М.Өтенов.
Алқап басындағы жұмыстарға Мұзаффар аға басшылық жасап жүргенімен, қандай шаруа болсын, өзі де қарап тұрмай кірісіп кетеді. Ал Мұзаффардың інісі Мүсілім Өтенов жаз бойы мұнда сушы қызметін атқарады. Әрине, бұл іске диқан әулетінің отаналарымен қатар, ұл-қыздары, келіндерінің де тигізіп отырған көмектері орасан.
«Баптай білсең, жер жомарт» деген рас-ау. Жерге маңдай термен қоса, мейірімін төгіп қарап жатқан Өтеновтар әулетінің өнімді тірлігі көпке үлгі. Еңбектің көшін бастаған осындай азаматтардың бастамасына, қажырлы еңбегімен қатар төгілген маңдай терге жергілікті атқарушы билік тарапынан көмек-қолдау болса, қанекей?!
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»