Basty bet

Бабалар жолын жалғастыру – билер кеңесінің асыл парызы

Билер кеңесі туралы ой қозғағанда, өз заманының дара да дана тұлғалары болған ұлы бабаларымыз – Әз Төле би, Қаздауысты Қазыбек би, қара қылды қақ жарған Әйтеке бидің ғасырлар бойы ұмытылмай, халықтың санасынан ойып орын алған қастерлі мұрасы, халқы үшін жасаған өрелі істері мен салып кеткен сара жолдары еріксіз еске түседі. Олардың әділдікті ту ете отырып, ақыл-ойларымен, парасаттылығымен және шешендігімен халқының болашағы мен елдің ертеңі үшін жасаған әрбір ісі сөз жоқ көрегендіктің көркем үлгісі. Бабаларымыз қай істе болсын, әділ шешім шығаруда өз халқының бар болмысын, табиғатын, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін және ұлттың салт-санасын терең зерттеп білгені дау тудырмайды.
«Тура биде – туған жоқ, туғанды биде – иман жоқ» деген бұлжымас қағиданы берік ұстанған би бабаларымыз әділдігі мен шешендігін ұштастыра отырып, ел арасындағы небір шиеленіскен қиын дауларға әділ төрелік айтқанын жақсы білеміз. Олардың бұл дара қасиеттері елшілік қабілеттерге ұласып, ел басына туған небір қиын-қыстау кезеңдерде тығырықтан жол тауып шығуына себепші болғаны да тарихтан белгілі. Жоғарыда сөз еткеніміздей, бір заманда тұстас өмір сүрген дана бабаларымыз – Әз Төле би, Қаздауысты Қазыбек би, қара қылды қақ жарған Әйтеке бидің ұрпақ болашағының жарқын болуын армандап, сол жолда жанын қиған даналарымыздың ісі бүгінгі күнге дейін өз жалғасын тауып келеді.
Халық және ел арасындағы дау-жанжалдарды әділ шешіп, кесімді төрелік етушілердің қатарында ел билеген жоғары мәртебелі тұлғалар мен елге сыйлы адамдардың болғаны тарихтан белгілі. Мысалы, ел билеп, халыққа қара ормандай қорған болған бабаларымыз – Абылай хан, оның ең сенімді серіктері Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Райымбек және Есет, тарихтағы тағы да басқа айтулы батыр тұлғалар өздерінің туған елін, қасиетті қазақ жерін басқыншы жаулардан тазартып, халқының бағын ашты. Олар осындай күрескерлігімен қасиетті Тәуелсіздікке жол ашып, ел мен жердің біртұтастығын сақтап қалды. Бұл – жас ұрпақ мәңгі ұмытпауға тиісті ерен ерлік, өшпес өнеге.
Бабалар жолы – ұрпағына үлгі-өнеге, адастырмас темірқазық. Олардың салып кеткен сара жолын лайықты жалғастыру міндеті де жас ұрпаққа тиесілі маңызды шаруа. Бұл орайда ел ішінде татулық пен ауызбіршілікті сақтау, халық арасындағы ынтымақ-бірлік қағидаттарын арттыру ісінде қасиетті Жуалы ауданында құрылған Билер кеңесінің қоғамдағы рөлі зор деп айтуымызға болады. Билер кеңесі өз кезегінде өңір тұрғындарының тұрмыс-тіршілігіне етене араласып, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды кеңінен насихаттаумен қатар, ел ішіндегі даулы жағдайларды, оның ішінде, түрлі тұрмыстық-отбасылық мәселелердің оң шешімін табуына өздерінің мол үлестерін қосып отыр.
Бабалар өнегесінен тағылым алған билер кеңесінің белсенді мүшелері қасиетті өңірдің өмірінде болып жатқан қоғамдық-саяси іс-шараларға қатысып, елдің тыныс-тіршілігінен барынша хабардар болып, тиісті жағдайларға ой-пікірлерін де қосып келеді. Атап айтқанда, бұл іске «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның аудандық филиалының төрағасы Сейітхан Жұмашев басшылық жасап, тиісті көмек көрсетсе, ауданның Құрметті азаматтары – Шора Ысқақов, Сағындық Тоқбергенов, Сейітқазы Медетбеков және Құрметті ардагер Раушан Әлиева сынды билер кеңесінің мүшелері нәтижелі жұмыстарымен көзге түсіп, өңір тұрғындарының ықыласына бөленіп отыр.
Халқымыздың ізгі қасиеттерін бойына жинаған билер кеңесінің құрамы жергілікті жерде бірлік пен татулықты ту етіп, тұрғындар арасында және жас буынды өз Отанын сүюге, адал еңбек ету, саламатты өмір салтын ұстануға және жанұялық құндылықтарды қадір тұту сияқты құндылықтарға үндеу үстінде. Халықпен тығыз байланыста болу және өңірде өткізілетін іс-шаралардың ортасынан табылып, тағылымдық кездесулер өткізу – басты назарда екенін айтқым келеді.
Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған облыстық Билер кеңесінің және «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның аудандық филиалының тиісті көмек-қолдаулары және атқарылған істерге оң бағасын беруі Билер кеңесі жұмысының тиісті дәрежеде жүргізілуіне үлкен көмек болып отырғанын да атап өткен жөн. Біз мұны бабалардан жалғасқан киелі іске деген үлкен құрмет деп білеміз. Би бабаларымыз ұстанған сара да дара жолды үлгі тұта отырып, ел ішіндегі береке-бірлікті сақтау, онымен қоса, ұлтаралық және этносаралық келісімді нығайту, салт-дәстүрлер мен дінге берік болу, даулы жағдайларды болдырмау және ел ішінде билер өнегесін насихаттау – басты ұстанымымыз.
Бір сөзбен айтқанда, аудандық билер кеңесінің жұмысы жүйелі, алға қойған мақсат-міндеттері айқын. Билер кеңесінің атқарған жұмыстары облыс көлемінде, оның ішінде, облыс аудандарының арасынан қасиетті өңір билерінің жұмысы оң бағаланып, 2022-2023 жылдары қатарынан екі жыл үздіктердің қатарынан көрініп, алдыңғы орыннан түскен емес. Бұл – өңірде жүргізіліп келе жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесі.
Қазақ халқының арғы-бергі тарихында өшпес із, өлмейтін өнеге қалдырған билер шоғыры, олардың қара қылды қақ жарған әділдік ұстанымдарынан мол өнеге алуға болады. Бұл тұрғыдан алғанда, ауданның билері міне осындай ізгі қасиеттерді бойына сіңіріп, қоғамның тыныштығы мен елдің тұтастығына адал қызмет атқаруда. Бабалардың ақ жолынан айнымай, абыройлы іс атқару, ел сенімін ақтау – билер кеңесінің басты парызы болып табылады.
Мұратқали РАХМЕТОВ,
аудандық билер кеңесінің төрағасы.
Ауданның Құрметті ардагері

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close