Basty bet

Мақсатым – сұранысқа ие маман болу

Өмірде өз орнын тауып, білікті де білімді, білгір маман атану әрбір көзі ашық, көкірегі ояу, саналы азаматтың басты арманы. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан», – деп ұлы Абай атамыз айтқандай, әрбір саналы азамат – бұл дүниеде өз орнын тауып, кірпіш болып қалануды қалайды. Дұрыс таңдалған мамандық әр адамның өмірінің айнасы, болашақта маздап жанар шамшырағы. Сол секілді менің де өмірдегі асыл арманым, жүрек қалауымен таңдаған мамандығым – ұстаздық. «Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуге балаға» – демекші, ұстаз жай ғана маман иесі ғана емес, ол келешек ұрпақтың сәулетшісі. Ұстаз атану, соның ішінде қазіргі заман талабына сай біліммен, біліктілікпен қаруланған, педагогика-психология білімдерін терең меңгерген логопед маманы атану үлкен мәртебе. Иә, мен мұны үлкен мақтаныш сезімімен айта аламын. Менің мамандығым менен аса үлкен жауапкершілікті күтуде. Қазіргі таңда заман талабына сай тұлға болып қалыптасып, мақсат-арманыңа жету үлкен өнерді, өмір сүру өнерін меңгеруді қажет етеді. Әрбір адам өзін өзі дамыта алу үшін білім алып, сол біліміне сай мамандыққа машықтану керек. Мамандық таңдау деген – өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, өзің аралысқың келетін ортаны да таңдау.
Мен, логопед – мұғалімімін және әр түрлі сөйлеу қиындығы бар балалармен жұмыс істеймін. Қазіргі таңда логопед мамандығы өте маңызды, себебі тіл кемістігі бар балалар саны жылда өсуде. Өйткені экологияның бұзылуы, ақпараттандырылған технологиялардың дамуы және т.б. осының барлығы баланың тілінің дамуына әсерін тигізеді/ Логопед маманының жұмысы асқан шыдамдылықтыталап етеді. Баламен бірінші күннен бастап оңды байланыс орнату, жұмысымның маңызды сәті болып табылады, себебі жақсы сезіммен алынған білім мәңгі есте сақталады. Бірінші, балалардың есту, көру, сөйлеу мүшелерінің қызметін қараймын (бұл кезде кәдімгі дәрігер боламын). Соҫын баланың мінез-құлқын бақылаймын (бұл кезде зерттеуші психологпын, түрлі зерттеу әдіс-тәсілдерін қолданамын). Шатастыратын дыбыстарын анықтаймын, дыбыстарды қателеспей дұрыс дыбыстай білуіне, сөздік қорын молайтуға сөйлемдерді дұрыс құрастырып айтуына көмектесемін, тілдік қатынасты дамытамын. Бұл өте күрделі, қиын да қызық іс. Уақыт пен төзім керек. Ата -ананы да осындай шыдамдылыққа үйретіп, оң нәтиже шығатынына сендіру керек, сендіріп қана қоймай, көзін жеткізу керек.
Сөзсіз, логопедиялық жұмыстың жетістігі мұғалім – логопедтің кәсіби біліктілікке, оның отандық және шетелдік жұмыстармен хабардар болуы, сонымен қатар шығармашылық белсенділікке және ынталылыққа байланыстылығы. Менің қызметімнің есте қалатын сәттері – тіл кемістігін жеңуде көмектесетін балалар, ізгі ниетті сөздерді айтатын ата-аналар. Менің сабағымда балалардың қызығушылығын көргенде, осы мамандықты дұрыс таңдадым деп ойлаймын. Көздеген мақсатқа, сабырмен, біртіндеп ұмытылуға тырысамын. Менің міндетім балалардың дұрыс сөйлеп, өз ойын жеткізе білгені, жеке және интеллектуалды дамуы. Тәрбиеленушілерім өмірдің әртүрлі жолдарын таңдайды және оларға әдемі, сауатты сөйлеу тілі қажет болады. Баланың сөйлеу тілі дамыған кезде, ол өз жетістіктер үшін қуанғанда, еңбегімнің жемісін көргенде, өзімді өте бақытты сезінемін. Міне, осындай сәттер үшін өз мамандығымды сүйемін. Қиындықтарды жеңген кезде өз білімін жетілдіру, дыбысты немесе қиын фразаны дұрыс айтқан кезде, баланың көзінде қуанышы үшін сүйемін. Балалар біздің махаббатымызды, қамқорлығымызды күн сайын, сағат сайын қажет етеді. «Алақай! Қиын дыбысты жеңдік!» – деген кезде, бәріміз қуанамыз, ата-анада да, тәрбиеші де, логопед те, бірақ кімнің бақытты екенін белгісіз.
«Армансыз адам, қанатсыз құспен тең», дейді халық. Барлық адамның арманы болады. Арманшыл адам болашақта арманына жете алады. Мамандықпен өнерді ол өз қалауымен таңдап алады. Мамандықтың түрі өте көп. Мысалы: әнші халық алдына шығып ән салады. Дәрігер адам өмірінің арашасы. Ұстаз шәкірттерді білімге баулиды. Мамандық таңдауда адамның психологиялық ерекшеліктері мен болашақ жұмысының мазмұны арасындағы байланыс маңызды рөл атқарады. Кез- келген мамандық адамның бойындағы сол мамандыққа сәйкес келетін «кәсіби маңызды қасиеттердің» болуын талап етеді. «Осы кәсіби маңызды қасиеттерді өз бойымнан көре алмадым ба?» деген ой да туындаған болатын, бірақ ол кәсібиліктің өмір мектебі мен психологияны, логопед қызметін ұштастыра отырып келетіндігін ұғындым.
Логопед мамандығы қарапайым жаттап алып бере салатын нәрсе емес, ол үшін көпті өмірден алған тәжірибең, айнала адамдарға деген шынайы көзқарасың, адалдық, кеңпейілділік қажет деп ойлаймын. Себебі сенің алдында әртүрлі диагноздағы балалар отырады, сол балалармен өзінді калай ұстау қажет, қандай әдіс -тәсіл қолдану керек екенін,оның ата-анасымен тіл табыса білуге керек. Бұл жерде сен тек бір дыбысты үйрете қоймайсын сонымен қатар образға еніп әнші де актерда болу қажет. Себебі ойын ойнатасын,ән айтасын, суретті саламыз, өрнектіде кестелейсін. Сондықтан логопед кім?- десек, Ол – ең ғажап мамандық иесі- дер едім. Себебі: – ол- адам жанын емдеуші, өзінің тіл мүкістігі бар шарасыз жандардың көзі мен көңілінен жанын ұғушы;- ол, алдымен, зерттеуші; – ол- бақылаушы, балаларды үнемі назарда ұстап, жандарына қамқорлық арқылы алақан жылуын беруші; — ол- әр адамның мінезі мен ерекшелігін зерттеп, танып, олармен жұмыс жасаудың әдіс-тәсілдеріне жол тауып беруші; – ол- қарым-қатынас мәдениетіне үйретуші, ата-аналар мен оқушылар арасында ойындар мен тренингтері арқылы позитивті көңіл-күй мен қуаныш сыйлаушы; — ол- дамытушы, даму мүмкіндігі шектеулі немесе түрлі санаттағы балалармен тіл табысып, оларға өмірдің бағытын нұсқаушы. Әр адам өзінше қызықты. Барлығымыз бірдей құтқарушы, мұғалім, ұшқыш бола алмаймыз. Әр адам өз қалауы бойынша мамандық таңдайды. Біздің таңдауымызда әртүрлі. Біреуің ертең ақын, екіншісі инженер, үшіншісі құрылысшы болады. Жаман мамандық жоқ. Мамандықтың бәрі жақсы. Міне, жаңа күн! Жаңа кездесулер. Жаңа қызығушылықтар. Балалардың жаңа көздері. Менің ойымша, тағдыр маған бақыт сыйлады.
Мұғалім – логопед – тамаша мамандық, мен оны мақтан тұтамын. Бірінші жағынан, бұл – күнделікті жасалатын еңбек, екінші жағынан – жұмысымнан алынатын ләззат. Қорыта айтсам, мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез-келгеніне икемділік қажет, ол үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін еңбек. Кімде – кім өзінің мамандығын сүйіп, жүрек қалауымен қызмет етсе, өз басына да, қоғамға да үлкен пайда келтірмек. Өз мамандығымның қоғамға қажеттілігін сезіне отырып, мықты мұғалім – логопед болу үшін барлық күш – жүгерімді сарп етуге әзірмін. Ұстаз деген ұлы да, киелі атқа кір келтірмей, жастық жалынымызбен тәуелсіз, азат отанымыздың ең бақытты, ең ақылды, ең білімді бүлдіршіндерін тәрбиелеуге өз үлесімізді қосуға үндеймін!

Динара Жұматаева,
педагогикалық-психологиялық түзету кабинетінің логопед маманы

Таңдаулы материалдар

Close