Basty bet
Адал еңбектің жемісін көрген аяулы жандар
Бақалы ауылының тұрғындары Айыф Әбдіқұлов пен Еркінкүл Сейдахметова өнегелі ұрпақ тәрбиелеп отырған үлгілі отбасылардың бірі.
Айыф Мәдіұлы Бақалы ауылында туып-өскен. 15-16 жасынан бастап еңбекке араласып, ұзақ жыл “Большевик” колхозында мал бордақылау фермасында малшы болып еңбек еткен. Колхоз тарағаннан кейінгі жылдары өндірістік кооперативте сушы болған. Бүгінгі таңда өзінің жеке шаруашылығының жұмысын жүргізіп отыр. Өзінің қора-жайында ірі қара, жылқы, ұсақ мал асырап, иелігіндегі жеріне арпа, жоңышқа егіп, мал азығын дайындаумен айналысады. Үй іргесіндегі жерін де бос қалдырмай, оған жеміс ағаштарын, картоп, түрлі көкөністер егіп, оның да күтімін өзі жасайды.
Ал, Еркінкүл Ниязалықызы ұлағатты ұстаз. Еңбек жолын 1985 жылы Қызыл Диқан негізгі мектебінде физика, математика пәнінің мұғалімі болып бастаған ұстаз бүгінгі таңда №16 С.Сейфуллин атындағы орта мектепте еңбек етеді. Өзінің білімі мен тәжірибесінің нәтижесінде біраз жыл директордың тәрбие ісі жөніндегі, оқу ісі жөніндегі орынбасары, әлеуметтік педагог болып қызмет атқарды. Әріптестерінің алдында өзінің белсенділігімен, әділдігімен көзге түскен ұстаз мектепте бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы міндетін де абыроймен атқарып келеді.
-Мен бұл шаңыраққа 1984 жылы келін болып түстім. Ата-енем өте қарапайым, еңбекқор, қазақы кісілер еді.
Атам колхоздың суармалы жеріне қарауыл болып жұмыс істейтін. Ал, енем үй шаруасындағы кісі болды. Ол кісілер арнайы оқып білім алмаса да рухани бай кісілер еді. Атамның есте сақтау қабілеті өте жақсы болатын. Шежірені жақсы білетін. Ауылдағы барлық адамның қайда туғанын, қайдан қоныс аударғанын, ата-бабасын айтып отыратын. Біздің қателігіміз – сол кісінің әңгімелерін жазып алмағанымыз.
Ал, енемді “дала дәрігері” деуге болады. Енем халық емінің түр-түрін білуші еді. Балаларға көз тиіп ауырса, өзінің ем-домын жасайтын. Басқа да ауруларға ем-шараларын жасап, ауырған жанды жазып алатын. Маған “Сенің сауатың бар ғой, осыларды жазып ал” дейтін. Мен “ой, апа, ұмытпаймын ғой” деуші едім. Онымда қателік болыпты, уақыт бәрін ұмыттырады екен.
Апам өте көркем сөйлейтін. Әңгіме арасында мақал-мәтелдерді көп қолданатын. Ол кісінің әрбір сөзі, іс-әрекеті үлгі. Қыздар көшеде ойнап жүрсе, қажет болып шақыруға көшеге шығамын ғой, сонда маған “Балам, дауыстап айқайлама, оның әдепсіздік болады. Одан да жанына барып, қолынан жетектеп алып кел” дейтін.
Ата-енем екеуі де балажан еді. Ешқашан ешкімге ауыр сөз айтпаған. Қарап отырсам, тіршілікте ол кісілерден көңілім қалмаған екен, тек жақсы сөздері мен жанашырлық қасиеттері ғана есімде сақталып қалыпты.
Ал, өзімнің ата-анам озат малшы болған, шаруа кісілер еді. Отбасымызда бес қыз, үш ұл болдық. Әкем 37 жасында намаз оқыды. 96 жасында өмірден озды. Ата-анамыз бізді асыл дінімізбен сусындандырып, ұлттық тәрбиемізді ұстанып тәрбиеледі. Жас болып қысқа етек, қысқа жең киім киген емеспіз. Үлкенді сыйлауды қатты қадағалайтын.
Ата-анамыз малшы болғандықтан бізді әжеміз тәрбиеледі. Еңбекпен есейдік. Әжеміз “Істегенің маған жақсы, үйренгенің өзіңе жақсы” деген ұстаныммен бізге барлық жұмыстың қыр-сырын үйретті.
Әке-шешеміз бізді ешнәрседен тарықтырмай өсірді. Қыздардың барлығын жоғары оқу орнында оқытты. Төрт қыз мұғалімдікті, бір қызымыз сауда саласын таңдады,- дейді Еркінкүл Ниязалықызы.
Айыф Мәдіұлы мен Еркінкүл Ниязалықызы алты қыз, бір ұл тәрбиелеп, бүгінде қыздарынан 19 жиен немере сүйіп отыр. Ендігі жерде ұлын үйлендіріп, келін түсіруді ниет етіп отырған жайы бар.
Қыздары жоғары білімді мамандар. Үлкені Гауһар бастауыш сыныптың мұғалімі болса, Жұлдызайы – технолог. Ұлмаржан Алматыда “Қазақтелеком” мекемесінде бас инженер. Тоқтақыз – математика пәнінің мұғалімі. Ол магистратураны Ресейдің Новосибирск қаласында оқып келген.
Ал, Балсаны – филиолог. Түркияда магистратураны оқып бітіріп, бүгінгі таңда доктарантураны оқуда.
Тоқжаны Қазақ Ұлттық университетін ІТ мамандығымен бітірген.
Ұлы Нариман болса, Алматыда жұмыс істеуде.
-Жолдасым адамгершілігі жоғары, өмірде жақсы мен жаманды ажырата білетін, бауырмал, мейірімді, көпшіл, еңбекқор азамат.
Менің анам “Балаға ешқашан әкесінің көзінше ұрыспа. “Еркектің алды – тар, арты – кең”. Сен ұрысқан соң, әсіресе, қыз балаға әкесінің де тілі тиіп кетуі мүмкін. Ер адамға айтатын да, айтпайтын да нәрселер болады. Барлығын жайып салма” деп айтып отыратын. Сондықтан да болар әкеміз бізге ешқашан ұрыспапты. Сол ұстаныммен мен де балаларға әкесінің көзінше ұрысқан емеспін. Қыздар менен гөрі әкесіне жақын болды. Қазір де бірінші кезекте әкесімен ақылдасып жатады. Бүгінде қарап отырсам, бала тәрбиесіне қайта мен қаталдау болыппын.
Қыздарыма “Өзің ұнатқанға емес, өзіңді ұнатқан жігітке тұрмысқа шық” деп айтып отыратынмын. Қыздарымның қалауы ақылға сыйымды болса, қарсы болған емеспін,- дейді Еркінкүл апай.
Қыздары Балсан өлең жазуды ермек етеді екен. Еркінкүл Ниязалықызы қызының әкесі екеуіне арнап жазған өлеңдерін айтып, оған ризашылығын білдірді.
Еркінкүл Сейдахметова білім саласындағы ұзақ жылғы еңбегі үшін “Ұлағатты ұстаз”, “Кәсіподақ ардагері” төсбелгісімен, облыс әкімдігінің білім басқармасы мен білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының бірлескен Құрмет грамотасымен, аудандық мәслихаттың, “АМАNАТ” партиясының Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Ұлағатты ұстаз әрдайым әділдікті жақтайтын жан. Еркінкүл Ниязалықызының ұстаздық жолдағы ұстанымы – мұғалімдіктің қамытын өз қалауыңмен мойныңа кидің ба, онда “Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай” сүйреу. Бойыңдағы бар игі қасиетті балаға үйрету. Жас ұрпақ ұялмайтындай қызмет ету.
Бүгінгі мақаламыздың кейіпкерлері Айыф Мәдіұлы мен Еркінкүл Ниязалықызындай елдің кәдесіне жарайтын өнегелі ұрпақ тәрбиелеп, қоғамның дамуына өз үлестерін қосып отырған үлгілі отбасылар ортамызда көп болғаны қандай ғанибет! Әрбір отбасы – мемлекеттің кішкентай бөлшегі. Сондықтан әр отбасында амандық пен ынтымақ, игі жақсылықтар көп болғанын тілейміз!
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»