Basty bet

Бүйрек жеткіліксіздігін болдырмау үшін…

гемодиализ орталығында пациенттерге көмек көрсетіледі

Денсаулық – зор байлық. Денсаулықты сақтау үшін әрбір адам оған терең мән беріп, саламатты өмір салтын ұстанулары қажет. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағиданы ұстанатын әрбір азамат мұны жақсы білсе керек.

Статистикалық мәліметтерге қарағанда, соңғы кезде елімізде бүйрек ауруларымен науқастанушылар саны көбейіп отыр. Соның ішінде, әрине өкінішке орай, жастардың бұл ауруға шалдығуы жиілей түскен. Мәселен, елде созылмалы бүйрек жетіспеушілігі ауруына шалдыққандардың саны 4-5 мыңнан асады екен. Бұл орайда медицина саласындағы жетістіктерді пайдаланудың мүмкіндіктері зор.
Мұндай диагнозбен ауыратын науқастар біздің ауданда да бар. Иә, оларға тиісті көмек көрсету бұрындары үлкен мәселе болатын. Науқастар кешенді ем-домды көбінесе облыстың орталығына барып алатын. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін биыл қыркүйек айында Жуалы ауданында созылмалы бүйрек жеткіліксіздігімен (хроническая почечная недостаточность терминальная стадия) ауыратын пациенттерге арналған әлемдік деңгейдегі «ТОО Нефрос Азия» емханасының клиникалық орталығы ашылды. Әлемдік деңгей деуіміздің себебі, бұл емхананың филиалдары әлемнің бірқатар елдерінде бар. Оның штаб-пәтері Швеция және Германияда орналасқан. Неміс дәрігерлері жылына Қазақстанға бір рет келіп, емхана мен науқастардың жағдайын қадағалап отырады.
Емхананың Қазақстан бойынша өңірлік директоры Роза Алиджанова, бас директоры Амантұр Рысқұлов, ал медициналық директоры Жанар Мұрсалова. Қазақстан аумағында «ТОО Нефрос Азия» емханасының филиалы ретінде барлығы 51 клиникалық орталығы ашылған. Ал Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласында, одан бөлек, Сарысу және Жуалы аудандарында да филиалдары ашылып, жұмыс істеуде.
Иә, ағымдағы жылдың қыркүйек айында іске қосылған емхананың ашылу салтанатына облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Хамит Мұрзақасымов, аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, сонымен қатар, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Батырбек Үсенбаев, аудандық сантариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Нәзипа Әзімбекова қатысып, олар емхананың қызметімен және пациенттердің жағдайымен толық танысып шыққан болатын.
Емхана міне, содан бері алғашқы пациенттерді де қабылдай бастады. Қазіргі таңда гемодиализ орталығында барлығы сегіз пациент ем қабылдау үстінде. Бір айта кетерлігі, емделушілер бұл клиникада міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) және тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) аясында мемлекеттік портал арқылы емделуге зор мүмкіндік алып отыр.
Науқастардың емі және дәрілерімен бірге бір мезгіл тамақ тегін беріледі. Олар аптасына үш рет осында келіп, төрт сағаттан ем алады. Сонда аптасына үш рет 12 сағат ем қабылдайды. Науқастар емнен бөлек, бір мезгіл тамағын да ішеді. Сондай-ақ, емхананың көлік жүргізушісі жеңіл автокөлікпен пациенттерді үйлерінен осында алып келіп, қайта жеткізіп салады. Яғни, емделушілер үшін барлық жағдай жасалған деуге болады.
-«ТОО Нефрос Азия» емханасының Жуалы ауданындағы клиникалық орталығы мұнда бүйрек жетіспеушілігіне мұқтаж пациенттердің ұсынысы негізінде ашылып отыр.
Бүйрек жетіспеушілігінің негізгі себептеріне келетін болсақ, оның ең бірінші себебі, бұл ауру артериалдық гипертензияның тұрақты болмауынан пайда болады. Ал екінші себебі, бүйректің дамуында бірқатар ақаулар болуы мүмкін. Одан бөлек, экологиялық бұзылыстар да бұл дертке кері әсерін тигізеді. Сондай-ақ, тұрғындардың саламатты өмір салтын сақтамауынан және зиянды әдеттерге үйір болуы да аталған ауруға себептердің бірі. Оның ішінде, алкогольдік сусындарға, темекі мен есірткілік заттарға үйір болу. Тағы бір баса айта кететіні, қазіргі таңда әсіресе жастар арасында энергетикалық сусындарды көптеп тұтыну көп кездеседі. Бұл жақсы әдет емес. Мұндай зиянды әрекеттер адамның басқа сау органдарын зақымдаумен бірге, бүйректің жетіспеушілігіне де алып келеді. Мұны біз күнделікті тәжірибеден көріп отырмыз.
Пациенттер жататын төсек арнайы пультпен жұмыс істейді. Сонымен қатар, олар системасын алғанда уақыт өтуі үшін әр төсектің жанында арнайы планшеттер бар. Сол планшетпен ютубтан кино немесе қалаған бағдарламаларын қарай алады.
Гемодиализ орталығының мақсаты – созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі және өткір бүйрек жеткіліксіздігінің гемодиализ әдісінде және әртүрлі жағдайында маманданған көмек көрсету. Орталықта бір нефролог дәрігер және екі медбике, бір санитар-тазалықшы пациенттерге көмек көрсетеді. Олар бүйрек жетіспеушілігіне қатысты барлық емнің түрін жасай алады,- дейді клиникалық орталықтың меңгерушісі Олжас Ысқақов.
Ендігі кезекте гемодиализ дегенге түсінік беріп көрейікші. Гемодиализ – арнайы аппараттың көмегімен адамның қанын сүзгілердің көмегімен тазарту процесі. Гемодиализ аппараты жасанды бүйрек қызметін атқарады. «ТОО Нефрос Азия» емханасының аудан орталығындағы клиникалық орталығында Жапониядан әкелінген арнайы құрал-жабдықтардың бір ерекшелігі, бүйрек жетіспеушілігі мен жасанды зәр шығаруда гемодиализ кезіндегі асқынуларын азайтады.
Бүйрек жетіспеушілігі ауруының күрделілігіне қарамастан, науқастардың көпшілігі толыққанды өмір сүруге мүмкіндігі бар. Олар жұмыс істейді, оқиды, күнделікті тіршілікке араласады. Қазіргі уақытта жасанды бүйрекпен 30 жылға дейін өмір сүруге болады дейді мамандар. Ең бастысы, пациенттер арнайы рационды сақтап, дәрі-дәрмекті, емдік шараларды уақтылы қабылдауы тиіс.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close