Basty bet
«Бабаң берген ақ бата, басыңа қонсын бақ бата…»
аудандық «Ақ бата» батагөйлер байқауы жоғары деңгейде ұйымдастырылды
Ақсақалдық – абыройлы қасиет. Қазақ халқы қарияны қазынаға балап, жол көрсетер ақылшысына, абзал да абыройлы, пейілі кең дариясына теңегені белгілі. Сондықтан ақсақалды, жасы үлкен атаны сыйлау және ақ жаулықты анаға құрмет көрсету – халықтық қасиетіміз. Қазақ қазақ болғалы бұл үрдіс, әлемде теңдесі жоқ мұндай ерекше дәстүрлер ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Ақсақалдық, абыздық сияқты абзал қасиеттер қарттардың бойынан әлі де табылады…
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Атырау облысына жұмыс сапарымен барғанда жалпы ақсақалдардың қоғамдағы рөлі туралы мынадай пікір білдіргені бар.
«Қазақ қай заманда да үлкенін сыйлаған, ақсақалдардың аталы сөзіне тоқтаған. Ал, аузы дуалы қарттарымыз әрдайым елдің ұйытқысы болған. «Қариясы бар елдің қазынасы бар» деген сөз содан қалған. Біз халқымыздың игі дәстүрлері мен қазіргі заманның талаптарын үйлестіре білгеніміз абзал. Осы орайда, мен Ақсақалдар кеңесінің жұмысын жандандыру керек деп санаймын. Шын мәнінде, ел ішінде жастарға ақыл-кеңесін айтып, дұрыс жол сілтейтін данагөй қарияларымыз аз емес. Ақсақалдарымыз өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, ел бірлігін сақтауға атсалысып, ортақ іске зор үлес қосары анық. Ақсақалдар кеңесі барлық аймақта бірдей белсенді емес. Сондықтан, оның жұмысын жүйелеп, жандандыру керек. Бәлкім, кеңестерді Ассамблеяның жанына топтастыру дұрыс болар еді. Олардың беделін көтеріп, мәртебесін арттыру қажет. Бұдан еш ұтылмаймыз», – дегені ел жадында.
Сондықтан, шын мәнінде қариялардың қоғамдағы рөлін арттырғымыз келсе, біз ақсақалдардың беделі мен абыройын көтеріп, жалпы ел өңірлеріндегі ардагерлер ұйымдарының жұмысын жүйелеуіміз қажет. Біз одан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Бұл ретте ел ішіндегі көпті көрген, жұртшылыққа абыройы мен қадірі артқан аға буын ақсақалдардың жас ұрпақтың тәрбиесіне, одан қала берді, ел ішіндегі ынтымақ пен бірлікті ұйытуға қосатын мол үлестерін де терең ескергеніміз жөн.
«Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның Жуалы аудандық филиалы бұл бағытта аудан көлемінде бірқатар жұмыстарды ұйымдастырып әрі үйлестіру арқылы жұртшылыққа пайдалы іс-шаралардың өтуіне мұрындық болуда. Оған әлбетте аудан басшылығының тиісті көмек-қолдау көрсетіп отырғанын да атап өткен жөн.
Апта басында ауданда «Ақ бата» аталатын бата беруден ақсақалдар арасында байқау өтіп, оған қасиетті өңірге қарасты ауылдық округтерден батагөй қариялар қатысты. Аталған байқауды аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев құттықтау сөз сөйлеп ашып, күнделікті өмірде ұлттық рухани құндылықтарды сақтау мен насихаттаудың маңызы зор екенін баса айтып, қатысушы үміткерлерге сәттілік тіледі.
Байқауды өткізудегі мақсат та біреу. Ол – ауыз әдебиетінің үлкен саласы, сөздің асылы, ақ тілектің атасы, бата беру дәстүрін жас ұрпаққа жеткізу және жалғастыру, тілі шешен, аузы дуалы көпті көрген данагөй қарттардың өнегелі өмірін қоғамға үлгі-өнеге ете отырып, ғибрат боларлық сөздерін жас ұрпақтың бойына сіңіру арқылы имандылыққа тәрбиелеу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді үйрету.
Айта кету керек, «Ақ бата» байқауы – аудандық деңгейде өткізілген іс-шара болғанымен, оның ауқымы кең. Бұл байқаудың аудандық кезеңінен үздік шыққан үміткерлер алдағы уақытта облыстың орталығында өтетін облыстық байқауға жолдама алып, ауданның намысын қорғайтын болады.
Аталған байқаудың өтуіне бірден-бір мұрындық болып отырған да Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі және аталған ұйымның жанынан құрылған билер кеңесі. Ал негізгі ұйымдастырушы – аудандық ардагерлер кеңесі.
Жалпы бұл байқауға ауданға қарасты 11 ауылдық округтен үміткерлер қатысып, «Достық» мәдениет үйіне жиналған жұртшылық пен көрерменге бата беріп, онымен қоса, халықтық салт-дәстүрлерден сайысқа түсті.
Батагөй қариялардың арасындағы сайыс – «Бата – сөздің атасы», «Ақ бата – асыл мұра» және «Айтарым бар…» деп аталатын үш кезеңнен тұрды. Алдын ала жасақталған қазылар алқасы батагөйлердің өнерін бағалап, берілетін батаның ой тереңдігі мен мазмұнына, сахна мәдениетімен қатар, батаның берілу шарттарына да баса назар аударды.
Байқаудың шарттарына сәйкес, бірінші кезеңде қатысушы үміткерлерге ел ішінде кең таралған баталарды жатқа айту міндеттелді. Мысалы, байқау қатысушылары негізінен Төле бидің халыққа берген және жеті жасар Жетеске берген баталары, Сүйінбай ақынның Жамбылға берген батасы, Әсеттің батасы, Есімханның Қарасай батырға берген батасы, Әйтеке би, Жамбыл ақынның және Кенен Әзірбаевтың, Үмбетәлі ақынның, сонымен қатар, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың және Батыр Бауыржан Момышұлының, Шерхан Мұртазаның ел-жұртқа және жеке адамдарға арнап берген баталарын жатқа айтты.
Ал байқаудың екінші кезеңінде батагөйлер ел ішіндегі ұлттық салт-дәстүрлерге қатысты, атап айтқанда, нәрестеге бата, бесікке салу, тұсаукесер, жас келінге бата, дастарқан батасы, ұзатылатын қызға, жас жұбайларға, шаңыраққа, сондай-ақ, елге, алыс сапарға аттанғалы отырған азаматқа бата беру дәстүрін қайта жаңғыртты десе де болғандай.
«Ақ бата» аудандық батагөйлер байқауының үшінші кезеңінде қатысушылар билетте жасырылған сұрақтарға жауап берді. Айта кету керек, билетте халқымыздың ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына байланысты сұрақтар жасырылған. Әрине, байқаудың барлық кезеңінде барлық үміткер үздік өнер көрсетті деп айта алмаймыз. Атам заманнан келе жатқан халықтық салт-дәстүрлерден хабары мол, көпті көрген, жақсы қасиеттерді бойына молынан сіңірген қарияларды да байқадық. Дегенмен, батагөйлер арасында өткен байқау ата дәстүрге шөлдеген, оның мән-мағынасына бойлай бермейтін жандарға көп ой салғаны рас. Себебі, ата дәстүрді білмеу, оны құрметтемеу – кейінгі жас ұрпаққа үлкен опық жегізеді әрі үлкен сын. Сол себептен де ғасырлар сынынан өтіп, ұмытылмай бүгінге жетіп отырған халықтық құндылықтарды құрметтеу – адамдық және азаматтық парыз.
Аудандық бата беру байқауы бірнеше сағатқа созылды. Бата беру мен салт-дәстүрге жетік батагөйлердің өнерін сараптап, олардың өнеріне тіиісті бағасын беруді бес адамнан жасақталған қазылар алқасы атқарды. Байқау соңында қатардан озып шыққан бес үміткер тағы да қосымша сынға түсті.
Сонымен, «Ақ бата» аудандық батагөйлер байқауының қорытындысында қазылар алқасының шешімімен І орынның жүлдесі аудан орталығы Б.Момышұлы ауылынан сынға түскен батагөй Мұратқали Рахметовке, ІІ орын Ақсай ауылдық округінен қатысқан Мақұлбек Қуанышбековке, ал қалған жүлделі орындарға көкбастаулық Ербол Помашев, Қызыларық ауылдық округінен Сайлаубек Оразбаев және нұрлыкенттік Сыдық Жұпмағамбетов ие болды. Ал жүлдеге ілікпеген қатысушылардың барлығына Алғысхат және бағалы сыйлықтар берілді.
Байқау жүлдегерлері мен қатысушыларын аудандық соттың төрағасы Бабырхан Абуев, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның Жуалы аудандық филиалының төрағасы Сейітхан Жұмашев, сонымен қатар, қазылар алқасының мүшелері салтанатты жағдайда марапаттап, батагөйлер байқауы халықтық салт-дәстүрлер мен ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттаған маңызды іс-шара болғанын айтты.
***
«Ақ бата» аудандық батагөйлер байқауының соңында бұған дейін аудандық Билер кеңесінің төрағасы қызметін абыроймен атқарған Мұратқали Рахметовтың басқа өңірге қоныс аударуына байланысты аудандық соттың төрағасы Бабырхан Абуев және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев Мұратқали Қуанышұлының Билер кеңесінде ұзақ жыл атқарған жемісті қызметіне алғыс білдіріп, оған сый-сияпат жасады.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»