Basty bet
Азия ойындарында олжа салды
жас былғары қолғап шебері Мұхамедәлидің жеңісі – жуалылықтар үшін зор мақтаныш!
Жақында Бахрейн мемлекетінің Манама қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Азия ойындары жеңістен үмітті әрбір спортшы үшін үлкен сын болғаны анық. Сол додада Қазақстан атынан бақ сынасқан Мұхамедәли Рүстембек ел намысын абыроймен қорғап, аз уақыт ішінде көпшілік назарын өзіне аударды. Бұл – оның спорттық мансабындағы алғашқы маңызды белестерінің бірі деп білеміз.
Жас боксшы Мұхамедәли Дидарұлы ауданға қарасты Қайрат ауылында дүниеге келген. Бастауыш сыныпты Алматы қаласында оқыса, бүгінде аудан орталығындағы Әлихан Бөкейхан атындағы №15 тірек мектеп-лицейінің 11 сыныбында білім алуда. Оқу үлгерімі, тәртібі және ізденімпаздығымен ерекшеленген ол үздік аттестатқа үміткерлердің қатарында. Сондай-ақ, мектеп ұжымы оны тек спорттағы жетістіктері үшін ғана емес, адами қасиеті, қарапайымдылығы, жауапкершілігі мен білімге деген ынтасы үшін де мақтан тұтады.
Үлкен спорттағы алғашқы қадамынан-ақ ерекше ынта мен жігер танытқан Мұхамедәли бүгінде бокстан Қазақстан Республикасының екі дүркін чемпионы. Ол биыл 29-30 сәуір күндері Таяу Шығыстағы Иордания мемлекетінің астанасы Амман қаласында өткен, 15 және 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында 80 келі салмақ дәрежесінде Азия чемпионы атанып, халықаралық аренада ел абыройын асқақтатты.
Таяуда, 22-31 қазан аралығында Парсы шығанағында орналасқан Бахрейн мемлекетінің астанасы Манама қаласында өткен Азия ойындары жас боксшы үшін де жаңа белес болды. Бұл байрақты бәсекеде Азияның 45 елінен келген жас спортшылар спорттың 26 түрінен сынға түсті. Шаршы алаңдағы тартысты кездесуде тиісті тактика, ширақ қимыл және қайсарлық танытқан Мұхамедәли финалға дейін алқынбай жетіп, күміс медаль иеленді.
– Әр жеңістің артында төзім және бағыт-бағдар беруші жаттықтырушы ұстаздың зор еңбегі бар. Осы тұста, бапкерімнің маған деген сенімі мен қолдауы әрбір жетістігімнің ең басты себебі деп білемін және бапкерім Нүркен Рақманқұлға үлкен ризашылық білдіремін. Сонымен қатар, спортта нәтижеге жету үшін ең алдымен күнделікті еңбек пен тәртіп керек. Азия ойындары мен үшін үлкен тәжірибе болды, мықты қарсыластармен жұдырық түйістіріп, өз деңгейімді бағалауға мүмкіндік алдым. Күміс медаль – үлкен жауапкершілік және бұл жеңістерімнің тек бастамасы, алда бұдан да жоғары белестерді бағындыруға талпынамын, – дейді Мұхамедәли Рүстембек.
Жас спортшының жетістікке жетуінде ең алдымен, отбасының қолдауы мен ата-анасының сенімі үлкен рөл атқарады. Әр жарыс жолында ұлына демеу болып, қолдау көрсететін әкесі Дидар мен анасы Ақеркенің де еңбегі зор. Олар ұлының әрбір жеңісіне қуанып қана қоймай, қиын сәттерде оған күш-жігер беріп, спорт пен білімді қатар алып жүруге бағыттап келеді.
Болашаққа айқын мақсат қоя білген Мұхамедәли алдағы уақытта спорттағы тәжірибесін біліммен ұштастыруды көздейтінін жеткізді. Спорттық менеджмент мамандығын меңгеріп, жас спортшыларға үлкен ареналарға жол табуына қолдау көрсетіп, алдыңғы буын ағалардың салған сара жолын жалғап, қазақ спортын жаңа деңгейге көтеруге үлес қосуды мақсат етіп отыр.
Мұхамедәлидің бүгінгі жеңісі мен алға қойған айқын мақсатына қарап оның алар асуы әлі алда екенін бағамдауға болады. Жас боксшыға еліміздің көк байрағын халықаралық ареналарда талай мәрте желбірете беруіне шын жүректен тілектеспіз.
Аяжан ҚАЗЫБЕК,
«Жаңа өмір»
