Basty bet
Тіл тұғырын биіктеткен…
Тәжірибелі журналист, білікті маман, қазақ тілінің жанашыры Мырзахан Ахметпен бір университетте 15 жылға таяу бірге қызмет істедім. Өз ісіне тиянақты, өмірден көрген-түйгені мол, биік парасат пен жоғары адамгершіліктің иесі Мырзахан ағамыздың қазақ жоғары білімінің қара шаңырағы – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің абырой-беделін арттыруға қосқан үлесі орасан зор. Ол ұзақ жыл университетіміздің бүкіл ақпарат қызметі мен баспасөз және баспа орталықтарын басқарды.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, жас кезінде халқымыздың көрнекті ақындары Сырбай Мәуленов, Әбу Сәрсенбаев, Өкім Жайлауов сияқты ағалары өлеңдеріне жақсы баға беріп, ізгі тілектерін білдірген, кейін халық жазушысы Шерхан Мұртаза: «Мырзахан – ақын, Мырзахан – азамат, Мырзахан – Цицерон» деп бүкіл болмысын осы үш сөзге сиғызған Мырзахан Ахмет Алматыға келгенше 40 жылға жуық ауданда басшылық және қоғамдық-саяси қызметтер атқарып, ел руханиятын көтеруге өлшеусіз үлес қосыпты. Ел мен жер тағдырын толғаған, туған жердің тұлғалы перзенттерін ұлықтаған 20-ға тарта публицистикалық, поэзиялық, әдеби-көркем және танымдық кітаптар жазып, 50-ден астам вальс, романс сияқты музыкалық шығармаларды өмірге әкелген. Белгілі абайтанушы ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов: «Құдай саған әркімге бұйырмайтын жеті өнерді де үйіп-төгіп беріп еді, өмірдің сансыз қияметтерімен алыса жүріп, астанадан жырақ жүріп, елге танылмай, ашылмай қалдың ғой, шырағым-ай» деп талантына аяушылықпен қараған Мырзахан Ахметтің еліміз тәуелсіздік алмай тұрған кездің өзінде, орыстанып кеткен ауданда қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту, ісқағаздарын қазақшалап, елді мекен, жер-су атауларын қалпына келтіру жолындағы еңбегі ерен.
Алғашқы шығармашылық жолына тоқталсақ бәрі де ауылдан, бал-балалық шақтан басталғанын байқауымызға болады. Әкесі дүние салғанда Мырзахан небәрі 11 жаста еді. Алғашқы өлеңі 6-сыныпта оқып жүрген кезінде республикалық «Қазақстан пионері» газетінде жарияланып, 13-14 жасынан «Тілші бала», «Ақын бала» атанды. Аудан орталығындағы «Мыңбұлақ» орта мектебін тәмамдаған соң Жуалы аудандық «Жаңа өмір» газетіне корректорлық қызметке шақырту алды. Талапты жастың қабілет-қарымына сүйсінген газет редакторы Әбдіғапар Айтақов көп ұзамай тілшілік қызметке ауыстырды. Басылымда қызмет істеп жүрген кезінде әскерге аттанды. Азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін журналистік қызметін қайта жалғастырды. Газетте жұмыс жасап жүріп, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы тәрізді сатылардан өтті. 1976 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналис-тика факультетіне сырттай оқуға түсті. Жоғары білімді маман атанып, дипломын алып келген Мырзахан Ахметті Жуалы аудандық партия комитетінің хатшысы Лидия Захаровна Ходкевич жұмысқа шақырады. Бұл қызметте де ол өзін жан-жақты қырынан көрсете білді. Редакцияда білікті журналист кадрларының жетіспеуіне байланысты, редактор Ә.Айтақовтың өтінішіне орай, аудандық партия комитеті 1983 жылы жас маман Мырзахан Ахметті аудандық «Жаңа өмір» газеті редакторының орынбасары етіп жіберді. Сонымен қатар «Партия тұрмысы» деп аталатын аса жауапты бөлімнің меңгерушілігі міндеті қоса жүктелді. 1988 жылы «Жаңа өмір» – «Новая жизнь» газеттері редакторының бірінші орынбасары, 1989 жылғы ақпанда газеттің бас редакторы болды.
Өзіне жүктелген міндеттерді тиянақты атқара жүріп, кейінгі жылдары өзге де жауапты қызметтерде жемісті еңбек етті. Оның ішінде Жуалы аудандық Кеңесінің депутаты, тілдерді, мәдениетті, азаматтық келісімді дамыту жөніндегі тұрақты комиссияның, аудандық партия комитетінің, халықтық бақылау комитетінің мүшесі, «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, Жуалы аудандық мәслихатының депутаты, хатшысы, аудан әкімінің орынбасары болды. Кейінгі жастар біле бермеуі де мүмкін. 1990-жылдардың басында қазақ тілінің мәртебесін көтеру оңай болған жоқ. Сондай бір жиындардың бірінде, яғни 1992 жылдың 30 мамырында Жуалы аудандық «Қазақ тілі» қоғамының конференциясында Мырзекеңнің мына бір сөйлеген сөзіне назар аударсақ, сол кездегі тіл үшін жасалған күрестердің қандай талас-тартысты болғанын аңғаруымызға болады. «Адам баласының басындағы барлық жақсылықтың, игіліктің, имандылықтың бісмілләсін тілден басталады. Ал халқымыздың «Өнер алды – қызыл тіл» деп, оған аса жоғары баға беруі де тегін емес. Бірақ сондай қасиетті қаруымыз өз басынан үлкен қасіретті кешіп отырғандығын білесіздер… Ең бастысы, біз «Тіл туралы» Заңды, оны орындау жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруда аса зор қиындықтарға тап болып отырмыз. Бағдарлама бойынша біздің аудан биылғы жаңа жылдан бастап ісқағаздарын қазақшаға толық көшіруге тиіс едік. Тұрғылықты халқының 63 пайызы қазақ ұлтының өкілдері болып отырған ауданда олай етуге толық мүмкіншілік те бар еді. Бірақ бұған жанашырлықпен қараған ешкім болмады. Ауданның басшылары мемлекеттік бағдарламаны орындау былай тұрсын, бұл істен ат-тондарын ала қашты. Осыны пайдаланған ескі аппараттың кейбір арандатушылары қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде мүлде мойындағысы келмей, оны 2000-шы жылға қарай ысыруға әрекет жасады. Аудандық Кеңес төрағасының орынбасары мекеме басшыларын шақырып үгіттеп, іс жүргізуді қазақшалауға ғасырдың аяғында көшіруге көндіріп, ұжым атынан жалған қаулы қабылдату сияқты қадамға барды. Бұл көрініс «Қазақ тілі» қоғамы аудандық ұйымының атынан лайықты қарсылыққа ұшырап, тиісті бағасын алды.
Өз тілімізді қорғай алмасақ елдігіміз қайсы, ағайын?!.» Бұл Мырзаханның ащы айтқан, ашына айтқан сөздері болатын. Қайраткер азамат 1988 жылдан бастап Жуалы өңіріндегі елді мекендердің бұрынғы атауларын іздестіріп, оларды зерделеп, әртүрлі басылымдарда мақалалар жариялады. 1989 жылы ономастика комиссиясын құрып, елді мекендерге тарихи атауларын қайтаруға белсене кірісті. Облыс, республика деңгейінде оның ұсыныстары қолдау тауып, ауыл-аймақтарға бұрынғы тарихи атаулары қайта беріле бастады. Бұдан кейін мектептер мен мекемелерді, көшелерді қазақшалау ісі жалғасын тапты. Сөйтіп, Мырзахан Ахметтің күш-қайрат жұмсауы арқасында ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында-ақ едәуір табысқа қол жетті. Аз уақытта ауданда орыс тіліндегі көптеген елді мекеннің, ауылдық округтердің, мектептердің, көптеген көшелердің атаулары қазақшаланды. Атап айтқанда, Контемировка селосы – Қошқарата ауылы, Некрасовка – Ақтасты, Луначарка – Рысбек батыр, Алексеевка – Көлтоған, Самсоновка – Күреңбел, Казанка – Жетітөбе, Успеновка – Қоңыртөбе, Петровка – Қарасаз, Благовещенка – Тасбастау, Ясная – Поляна – Ақбастау, Бурный – Б.Момышұлы, Зыковка – Жұрымбай және т.б. болып өзгертілді.
Білім ошақтары да ұлт қайраткерлерінің есімдерін иеленді. Мырзахан Рахманбердіұлының қайраткерлік қызметінде оның ана тілі үшін күресінің орны мен маңызы ерекше. Аудандық «Жаңа өмір» – «Новая Жизнь» газеттерінің бас редакторы бола жүріп, осы басылым бетінде, облыстық телевизия мен радиода мекемелердегі жиындарды, ісқағаздарын қазақшаға көшіру, тіл мәртебесін күшейту туралы ой толғап, өзекті де өткір мәселелер көтеріп жүрген оған аудандық партия комитеті «Қазақ тілі» қоғамын басқаруды қоса жүктеген. Осы бір қоғамдық қызметті ұтымды пайдаланған Мырзахан Ахмет аудандағы шаруашылықтарда, кәсіпорындарда, ұйымдарда, мекемелерде, мектептерде, мәдени-көпшілік орындарында болып, аудан халқымен кездесу өткізіп, тіл мәселесін тікесінен қойып отырды. Еліміз Тәуелсіздік алған 1991 жылы қоғамда жылы леп есе бастады десек те, тілдің сірескен тоңы оңайлықпен жіби қоймағаны мәлім.
Аудандық Кеңестің депутаты әрі тіл, мәдениет, азаматтық келісім жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы ретінде Мырзахан Ахмет 1989 жылы қабылданған «Тіл туралы» Заңның орындалу барысын тұрақты комиссия отырыстары мен аудандық Кеңестің сессияларына қойып отырды. 1992 жылғы маусым айында өткен Жуалы аудандық Кеңесінің кезекті сессиясында ауданда «Тіл туралы» Заңның орындалу барысы туралы қазақша баяндама жасаған Мырзахан Ахмет ел өміріне дүр сілкініс әкелді. 70 жыл бойы сірескен тоңды жібіткен оның бастамасы қызу қолдау тапты. Мінбеге көтерілген депутаттар да, аудан басшылары да қазақша сөйледі. Бұл туралы көп ұзамай республикалық «Халық кеңесі» газеті былай деп қуана хабарлады: «Расында да бұл өзі аудан жұртшылығы үшін тосын оқиға, қазақша өткен тұңғыш сессия болды. Айтып-айтпай не керек, 70 жыл бойы сірескен сеңнің көбесін осы жолы аудандық «Жаңа өмір» газетінің редакторы, «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, депутат Мырзахан Ахмет бұзды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша редактор – төраға қазақша баяндама жасады. Бастаушы болса, қолдаушы да, тыңдаушы да көп екен. Содан кейін-ақ мінбеге ұмтылған әрбір депутат ана тілінде пікірін білдіріп, ойын ортаға салған. Аудан өмірінде тұңғыш рет өткен аудандық Кеңестің қазақша сессиясы туралы «жаңалық» жұртшылыққа қас пен көздің арасында тараған. Ащы да болса ашығы – қасиетті Жуалы жерінде 70 жылдан кейін ана тіліміз осылайша ресми түрде оралды» («Халық кеңесі» газеті, 25 маусым 1992 жыл). Міне, осы оқиғадан кейін-ақ «Кіші Ресей» атанып кеткен Жуалы өңірінде жиналыстар мен мәжілістер қазақша өткізіліп, ісқағаздары ана тілімізде толтырылатын болды.
Мырзахан Ахметтің қажырлы еңбегі зая кеткен жоқ. Аудан 2000-шы жылға дейін толық қазақ тіліне көшіп үлгерді. Балабақшалар мен мектептерде тәрбие жұмысы толық қазақшаға өтті, мекемелер де ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізетін болды. Кеңестік дәуірде аудан көлемінде бір ғана қазақ мектебі болып, басқалары таза орысша немесе аралас оқытатын болса, бүгінгі таңда мектептер мен балабақшалардың1-2-і ғана аралас болғанымен, басқасы тегіс қазақ тілінде оқытады. «Ел-жұртыма төксем деймін шапағат, айналама шашсам деймін ақ шуақ» деп жырлаған қайраткер ақын, ұлтжанды азамат Мырзахан Ахметтің бұл еңбегі ел жадында. «Мырзекең Алматыға ауысып кеткелі оның Жуалыдағы орны үңірейіп қалды. Мұндай азамат бізге әлі де керек» дейді Жуалы жұрты Мырзаханға деген аса зор құрметпен. Иә, мұнан асқан бақыт бар ма азаматқа?! Мырзахан ағамыздың отбасын қаламгерлер отбасы деуге болады. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген жұбайы Бейбігүл Бекдайырова да Жуалы аудандық «Жаңа өмір» газетінде қызмет істеді, көп жыл аудандық радионың редакторы болған. Олардың тұңғыш перзенті Алмас Ахметов талантты ақын еді. Дүниеден тым ерте өтті. Соңында бір том өлең жырлары мен Заңғар есімді ұл, Айша атты қыз қалдырған Алмас Мырзаханұлының өмірде өшпес ізі бар. Мырзекеңнің Жазира мен Құралай қыздары да өлең мен өнердің иелері. Ал сүт кенжесі Қанат Мырзаханұлы бүгінде елімізге кеңінен белгілі айтыс ақыны, болашағынан зор үміт күттіретін азамат.
Ғабит КЕНЖЕБАЕВ,
тарих ғылымының докторы, профессор.