Basty bet
Жас мамандар сынға түсті
Аудандық “Достық” мәдениет үйінің кіші залында Қазақстан КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, майдангер Құрманбек Сағындықовтың 115 жылдығына арналған «Өмір жолы – өнеге, еңбегі – мәңгілік» тақырыбында жас мамандар арасында аудандық шығармашылық ғылыми жоба байқауы жоғары деңгейде өтті.
Бұл байқау жас мамандардың ғылыми ізденісін дамыту, зерттеу қабілетін арттыру және кәсіби шеберлігін шыңдау мақсатында ұйымдастырылып, жас мамандар өз әлеуетін кеңінен көрсетуге мүмкіндік берді.
Шығармашылық байқаудың шымылдығын Қазақстан Республикасының Үздік өлкетанушысы Дәулетжан Жамалбекұлы ашып, Құрманбек Сағындықовтың қазақ руханиятына, ғылымына және мәдени дамуына қосқан өлшеусіз үлесін ерекше атап өтті.
Сондай-ақ, байқау барысында мәдениет үйінің өнерпаздары да ән шырқап, кеш көркін аша түсті. Зал іші Құрманбек Сағындықовтың суреттері және кітаптарымен безендірілген. Бұл көрініс қонақтар мен жас мамандарға оның шығармашылығы мен өмір жолын бірден сезінуге мүмкіндік бергені анық. Қатысушылар да Құрманбек Сағындықовтың өмірі жолы, шығармашылық қызметі мен ел мәдениетіне қосқан үлесі жөнінде тың ақпараттар ұсынып, өз жобаларын тақырыпқа сай, ғылыми дәлдікпен қорғады.
Байқаудың басты ерекшелігі – қатысушылардың дәстүрлі зерттеу әдістерімен бірге заманауи технологияларды, соның ішінде жасанды интеллект арқылы жасалған бейнероликтерді қолдануы болды. Бұл – жобалардың мазмұнын айшықтап қана қоймай, олардың көркем әрі әсерлі түрде ұсынылуына жол ашты. Жас мамандардың жаңа технологияларды шебер игере алуы – олардың кәсіби дайындық деңгейінің жоғары екенін көрсетті.
Байқау қатысушыларына үш тақырып ұсынылды: «Ыстық ұя», «Ұлы достық» және «Өлмейтұғын артына із қалдырған». Қатысушылардың басым бөлігі «Ыстық ұя» тақырыбын таңдап Құрманбек Сағындықовтың өмір жолын толықтай зерттесе, ал енді бірі «Ұлы достық» тақырыбында Батыр Баукең мен майдангердің бала кезден басталған ұлы достығы жайында баяндады.
Ереже бойынша әр қатысушыға ғылыми жобаны қорғауға 10 минут уақыт берілді. Жобаның тақырыпқа сай болуы, бейнероликтер мен көрнекіліктер ғылыми жұмыстың мазмұнын толық ашуы байқаудың басты талабы болды. Қазылар алқасы қатысушылардың шығармашылық ойлауын, ғылыми дәлдігін, тақырыпты ашу деңгейін және зерттеу әдістерін тиімді пайдалануын жан-жақты бағалады.
Нәтижесінде, жүлделі І орынға №11 Т.Тастандиев атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Самат Айтбай, ал ІІ орынға №1 Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Арман Әбдіжапар және ІІІ орынға Ә.Бөкейхан атындағы №15 тірек мектеп-лицейінің география пәнінің мұғалімі Әсел Жұмабаева ие болды.
Байқауда үздік деп танылған жоба иегерлері Құрманбек Сағындықовтың 115 жылдығына арналған еске алу кешінде марапатталды. Ал байқауға белсене қатысып, мазмұнды жобаларымен көзге түске өзге жас мамандарды аудандық халық шығармашылғы және мәдени демалыс орталығы директорының орынбасары Перизат Шымыртайқызы марапаттады. Байқау жас мамандардың ғылыми танымын кеңейтіп, кәсіби дамуына серпін және зерттеу жұмысындағы жаңа әдістерді кеңінен қолдануға үлкен мүмкіндік бергені анық. Құрманбек Сағындықовтың бай мұрасы жас педагогтардың ізденісінде жаңаша қырынан танылып, ғылыми қызығушылыққа арқау болды.
Аяжан ҚАЗЫБЕК,
«Жаңа өмір»