Basty bet

Ынтымақ ауылында мешіт жанынан қатымхана салынуда

Шақпақ ауылдық окуругіне қарасты Ынтымақ ауылының халқы жақында игілікті істі қолға алған болатын. Анығын айтқанда, береке-бірлігі жарасқан аядай ғана ауыл тұрғындары мешіт жанынан қатымхана салуға ықпал етуде. Әрбір түтінін түтеткен шаңырақ ортадан қаржы жинап, ауызбіршілік үлгісін көрсетуде. Әрине, «Имандылық – ізгілік негізі» екені даусыз. Жақсылық пен жарасымдылыққа негізделген бұл бастама – ел игілігі жолындағы сауапты іске айналмақ.
Бүгінде мешіт жанынан ашылатын қатымхана іргетасы қаланып, төбесі жабылып жатыр. Жергілікті тұрғындар асар дәстүрімізді жандандырып, бір арнаға ұйыса білген. Асхананың жалпы ауданы 8х25 метрді құрайды. Бүгінде құрылыс заттары рет-ретімен әкелінуде. Аталған жұмыстардың басы-қасынан ауыл ақсақалдары табылуда. Жастарға бас-көз болған қазыналы қарттар алдағы уақытта үлкенді-кішілі ас-құдайыны өткізуге арналған асхананың құрылысы сапалы салынуын мұқият қадағалауда.
– Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өз хадисінде: «Кім жер бетінде Алланың үйін салуға ат салысса, Алла Тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды» деген екен. Ауыл тұрғындары қолдан келгенше көмек қолын созуда. Осы іске жұдырықтай жұмыла кіріскен көпшілікке айтар алғысымыз шексіз, – дейді ауыл тұрғындары игі істің басында жүрген Сапар Шилібайұлы, Тұрғын Дүйсебаев, Бақыт Сералиев және Мұратбек Өрісбекұлы.

Ақжан Ахметов.
Шақпақ ауылдық округі

Таңдаулы материалдар

Close