Basty bet

Волейболдан ашық турнир өтті

Бауыржан Момышұлы ауылындағы спорт кешенінде волейболдан жазушы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның туғанына 90 жыл толуына орай аудандық ашық турнир өтті.
Жарысқа 6 команда қатысты. Атап айтқанда, Байзақ, Түлкібас ауданы және Нұрлыкент, Күреңбел, Шақпақата ауылдық округтерінен және №15 мектеп-лицей командалары.
Алдымен аталған іс-шараның ашылу салтанаты өтіп, онда аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзымбетов құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларды спорт күнімен құттықтап, өткізіліп жатқан жарыстың маңыздылығына тоқталып, спортшыларға сәттілік тіледі.
Жарыс тартысты әрі қызықты өтті.
Нәтижесінде, Нұрлыкент ауылдық округінің құрама командасы турнирдің жеңімпазы атанды. Ал, №15 мектеп-лицейден келген команда екінші орынды иеленсе, Байзақ ауданының командасына үшінші орын бұйырды.
Сондай-ақ, жарыста тамаша ойынымен көзге түскен ойыншылар да марапатталды. Турнирдің «Үздік қорғаушы» номинациясына «Нұрлыкент» командасының ойыншысы Максим Сенин лайық деп табылса, «Үздік үйлестіруші» номинациясын «Байзақ ауданы» командасының ойыншысы Нұрдәулет Ағаниязов алды. Одан бөлек, «№15 мектеп-лицей» командасының ойыншысы Бақтияр Сәрсенғалиұлы турнирдің «Үздік ойыншысы» атанды.
Жеңімпаз командаларға медальдар, дипломдар және бағалы сыйлықтар табысталды.

 

Сала қызметкерлері бақ сынасты
Спорт күніне орай, спорт саласының қызметкерлері спорттық сайыста бақ сынасты.
Додаға қатысушылар спорттың бес түрінен сынға түсті. Спортшылардың кәсіби мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған бәсекеге №14, №16 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, №16 бокстан балалар-жасөспірімдер спорт мектебі және аудандық бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығының қызметкерлері қатысты.
Олар: шағын футбол, арқан тарту, қол күресі, гір тасын көтеру және асық атудан жарысқа түсті.
Аталған жарыста топ жарғандарға грамоталар мен бағалы сыйлықтар үлестірілді.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close