Basty bet
“Ұлтым басқа болғанымен, жүрегім қазақ”
Құшағы кең қазақ елі көптеген өзге ұлт өкілдерін жатсынбай бауырына басты. Қазақстанда бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан түрлі ұлттар мен ұлыстардың бірлігі мен ынтымағы басқа мемлекеттерге үлгі.
Тағдырдың тәлкегіне ұшырап, осында жер аударылып келген бірнеше ұлт өкілдері елімізде жылдар бойы тату-тәтті өмір сүріп келеді. Соның ішінде әзірбайжан этносының өкілдері Қазақстанға сталиндік репрессияның нәтижесінде, сондай-ақ тың және тыңайған жерлерді игеру жылдарында келді. Елімізде әзірбайжан этносы өкілдерінің саны – 140 мыңға жуық.
Қазіргі таңда Мыңбұлақ ауылдық округіне қарасты Көлбастау ауылының өзінде 30-дан астам әзірбайжан отбасылары тұрады. Солардың бірі – Сабир Исмайловтың шаңырағы. Ол 1964 жылы Көлбастау ауылында дүниеге келген. Ата-бабалары Әзірбайжан елінен Жуалыға 1937 жылы жер аударылған. Сабир Исмайлов қазіргі №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектепте білім алады. Мектепті бітіргеннен кейін, колхозда құрылыс саласында еңбек етті. 1982 жылы әскер қатарына алынып, Ресейдің астанасы Мәскеу қаласында әскери борышын өтейді. Әскерден келген соң, төрт жыл вулканизатор болып жұмыс істеп, кейіннен мал шаруашылығымен айналысады. Қазіргі уақытта үйінің ауласында кішігірім бау-бақшасы бар. Таңның атысы, күннің батысы егілген жеміс-жидек, көкөністерге күтім жасайды. Ол: «Бау-бақша да адамнан жылулық, мұқияттылық пен мейірімділікті күтеді. Таңмен таласа оянып, күні бойы баптасаң, ол да мезгілінде өнімін аямайды» дейді. Біреуге қарап қол қусырғанды ұнатпайтын Сабир жадына «бойыңда қуат бар да еңбек ете бер» деген қағиданы әдбен қалыптастырған.
Қосағы Пачиза екеуі өмірге үш бала әкеліп, барлығын қатардан қалдырмай өсіріп, олардан бүгінде екі немере сүйіп отыр. Жұбайы Пачиза Аллахбердиева да әзірбайжан ұлтының өкілі. Ол бала-бақшада тәрбиеші болып жұмыс жасайды. Үлкен ұлы автоэлектр жабдықтарын жөндеу жөніндегі электр маманы. Келіні үйде бала тәрбиесімен айналысады. Қызы Мариям мектепте бастауыш сыныптың мұғалімі. Кенже ұлы Ашим автокөлік құралдарына техникалық қызмет көрсету орталығында автомеханик болып жұмыс істейді.
– Жаныммен, жүрегіммен қазаққа айналған жандардың бірімін. Бүкіл өмірім қазақ халқымен тығыз байланысты болғандықтан, қазақ балаларымен бірге өстім. Қазақы салт-дәстүрдің қаймағы бұзылмаған құтты мекенде туып-өскенімді мақтан тұтамын. Ауылдың шаңын жұтып, топырағына аунап, қазақы тәрбиені бойымызға сіңіріп ержеттік. Көршілерімізбен өте жақынбыз, бір-бірімізге қуанышта да, қайғыда да бір-бірімізге қол ұшын береміз. Осы жергілікті ұлттың өкілдерімен тонның ішкі бауындай араласып, көп жайға қанықтым. Тіршілікте күнделікті олармен сырласу, бірге жүрудің маған берері мол болды,- дейді С.Исмайлов.
– Отағасының қазақи қалжыңы мен шешендігінің өзі отырыстың сәнін келтіреді. Оның жүрген жері мереке. Ортасына сыйлы азаматтардың бірі. «Кең болсаң, кем болмайсың» деп жоқ-жітікке әрдайым қолынан келгенше көмектесіп жүреді,- дейді жұбайы П.Аллахбердиева.
Бұл – бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт-өкілдерінің арасындағы қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналғанының айғағы. Бірлігі жарасқан қоғамға ел сүйсінетіні рас. «Ұлты басқа болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да, тілегі бір» дейтініміз осыдан болар…
Аида Тұрғұмбекова,
«Жаңа өмір»