Basty bet

ӨНЕР МЕКТЕБІ – ӨНЕР МЕН БІЛІМНІҢ ОРДАСЫ!

Жуалы – ұлттық салт-дәстүрді, ән-күйі мен жыр-термесін қайнар бұлағына сақтап қана қоймай, оны жоғары деңгейде дамытып келе жатқан іргелі аудан. Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы айтқандай, өнер – адамның рухани азығы, халықтың бүгіні мен келешегі, арманы мен қиялы, жалпы рухани болмысы. Жас жеткіншектерді өнерге баулып, олардың үлкен өмір мен өнер жолына қанат қағуына №1 Балалар өнер мектебінің де қосып келе жатқан үлесі зор. Талай жас таланттың талабын ұштап жүрген өнерлі орданың бағындырған белесі көп.
Оқушылар бойындағы дарынын ұштап, олардың бос уақытын тиімді пайдаланып, шығармашылық қабілетін арттыруда өнер мектебінің рөлі зор. Сырт көзге шағын ұжым болып көрінгенімен, еңбек пен шығармашылық ізденіске толы іштегі қызу жұмыстардың барысы ондағы ұстаздар мен оқушыларға ғана мәлім.
Тұтастай алғанда, ұлттық өнер дегеніміз – ән өнері, күй өнері, бейнелеу өнері, сәндік қолданбалы өнер, театр өнері, кино өнері және т.б. элементтерден тұрады.
Қазақ халқының ұлт болып қалыптасу кезеңінде өзіне тән ән дәстүрі дүниеге келген. Соның нәтижесінде, бай музыкалық мұрасы жасалып, мәдениеті қалыптасты. Қазақ әнінде халық өнерінің әрбір кезеңіндегі тыныс-тіршілігі, заман үні көркем көрініс тапқан. Әр баланың бойындағы талап-талғамдарын арттырып, өмірге және жақсы қасиеттерге құштарлық сезімдерін байытып, әсіресе рухани қазынасын барынша молайтып, күш-қуаты мен жігерін шыңдау – абыройлы міндетіміз.
Қазір ауданда өтетін бірде-бір шараны өнер мектебінің дарынды оқушыларының қатысуынсыз елестету мүмкін емес. Өнер мектебінің күміс көмей, жез таңдай әншілері мен мың бұралған бишілері, көркемсурет бөлімінің суретшілер көрмесі кез келген іс-шараның сәнін арттырады. Ауданның мәдени-рухани дамуы жолына зор үлес қосып келе жатқан аудандық балалар өнер мектебінде өнердің өрісі әлі кеңейе түсетініне сеніміміз мол.
Өнерліге өріс кең. Шын мәнінде, мектепте өнер үйренетін талантты оқушылар өз кезегінде халықаралық, республикалық, облыстық және аудандық байқауларда жүлделі орындарды иеленіп жүр. Олар мектептің атын жақсы жағынан көптеген өнер бәсекелерінде шығаруда. Шәкірттер толағай табыстарға қол жеткізу үстінде. Күй, би, ән, баян секілді бірнеше жанрда өнер көрсететін мектеп оқушылары өзіндік мәні бар байқауларда ерекше даралануда. Республика көлеміндегі кәсіби музыканттар байқауларында орындаған шығармалары жоғары бағаға ие. Жыл көлемінде орасан табысқа қол жеткізген ұстаздардың мерейі де үстем.
Халықаралық дәрежедегі байқаудан орын алу – үлкен еңбек. Байқауға бармас бұрын баланың орындайтын шығармасына әркез талдау жүргіземіз. Әбден шыңдалып, шығармаға төселген өнерпазды ғана байқауға қатыстырамыз. Қай кезде де, жетістікке жету жолында жан-жақты дайындық жүргізіледі. Бір жағынан алғанда, ұстаз бен шәкірт жауапкершілікті айқын сезінеді. Әрине, «Шын мықтыға тұсаудың жоқтығы» анық. Бүгінгі таңда «Тәуелсіз ел тірегі – өнерлі, білімді саналы ұрпақ» десек, педогогтардың алдындағы өзекті мәселелердің біреуі – өнерлі жеткіншек ұрпақ бойына адамгершілік қасиеттер мен патриотизм сезімдерін сіңіру. Өнер мектебінде көркемсурет, хореография, театр, қолөнер, домбыра, баян, гитара және фортепиано эстрадалық ән салу бөлімдері жұмыс істейді.
Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытып, жалпы оларды өнерге баулу, өнер танымын кеңейту мақсатында және оларға эстетикалық тәрбие алуына ұрпақтан-ұрпаққа асыл мұралар қалдыруға өмірмен өзектес – өнер екендігін ұғындыру мақсатында мектепте 40-қа жуық білікті педогог тұрақты жұмыс істеуде. Жас ұрпақты сәулетті қоғамның жан-жақты жетілген, жарасымды азаматы етіп қалыптастыру жолындағы жетістігін білім ошағының ардақты ұстаздарының ерен еңбегі деп білеміз.
Көпшілік мәдени іс-шаралар мен дәстүрлі мерекелерді атап өту және түрлі интеллектуалды жарыстар өткізу мен отансүйгіштік, париоттық сезімін арттыруға бағытталған байқаулар өткізу арқылы жүзеге асырылуда. Соның бірі – мектептің оқу-тәрбие жоспарына сәйкес, оқушыларға ұлттық және патриоттық тәрбие беру, өскелең ұрпаққа үлгі етіп айтатын, ұл мен қызға халық мәдениетін салт-дәстүрін, тарихын терең меңгеруге үйрету мақсатында айтулы даталарда, Білім күні, Отбасы күні, Ұстаздар күні, Наурыз мерекесіне, Астана күні, Ұлттық домбыра, т.б. күндері мерекелеріне орай түрлі деңгейдегі іс-шаралар өткізілсе, Құрманғазының салтанатты күй кеші, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске бағытталған хореография бөлімі оқушылары арасындағы флешмоб ұйымдастырылуда.
Мектептің алдына қойған мақсат, міндеттерін жоспарлаумен қатар, өткен кезеңге есеп беру мақсатында жыл сайын қорытынды концерт өткізіледі.
Ұрпақ тәрбиесі – ұстазға тікелей байланысты, Өнегелі ұстаздан ғана өрелі шәкірт шығады емес пе?! Осындай нәтижелі еңбектің арқасында мектеп оқушыларының жетістіктері де ұшан-теңіз! Олар әртүрлі байқауларға қатысып, жүлделерге ие болуда. Атап айтқанда, талантты оқушылар республикалық, облыстық және халықаралық байқауларға белсене қатысып жүр. Тараз қаласындағы «Жарық жұлдыз» республикалық байқауына мектептің атынан қатысқан «Мұрагер» домбырашылар ансамблі Бас жүлдені иеленіп, Ташкент қаласында өтетін халықаралық байқаудың жолдамасын жеңіп алды. «Жарық жұлдыз» республикалық байқауындағы аспапта ойнау номинациясының жеңімпазы «Мұрагер» домбырашылар ансамблінің жетекшісі – Зухра Абишева. Ташкент қаласында өткен байқауда театр сыныбының оқушысы Ғали Мирас «Көркем сөз» номинациясында өзінің авторлық өлеңімен Бас жүлдені жеңіп алды, жетекшісі – Мирамкүл Тойшыбекова. Өнерлі оқушылар Астана және Алматы қалаларында өткен байқаулардан жүлделі орындар алып жүр. Театр, хореография, эстрадалық ән салу, көркемсурет жалпы барлық үйірмелер бойынша жүлделі орындар алып, Ташкент қаласында өткен «Жарық жұлдыз» өнер байқауында жеке домбырамен І орын иеленген Нұрали Мырзахметовті де атауға болады.
Бүгінгі қосымша білім беру жүйесінің мақсаты – тек мектептен тыс білім, білік дағдыларын меңгеру ғана емес, өзін өзі дамытуға ұмтылатын, ақылды да алғыр, әртүрлі саладағы өнердің өрендерін, ақпарат көздерін өз бетімен қорытып қолдануға қабілетті, абзал адам тәрбиелеу болып табылады. Әрбір оқушының ой-өрісі кең, танымдық қабілеті жоғары, шығармашыл, дарынды тұлға мектептегі, я болмаса мектептен тыс ұйымдардағы мұғалімдерге ғана емес, отбасындағы тәрбиеге, ата-ананың жауапкершілігіне де үлкен сын.
Олай болса, Балалар өнер мектебінің жаңа буын ұрпақтарын тәрбиелеу және оларға өнер, білім саласындағы атқаратын еңбектері мен жетер жетістіктері, бағындырар белестері әлі алда деп білеміз.

Самал АЛАГУЗОВА,
№1 Балалар өнер мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Таңдаулы материалдар

Close