Basty bet

Жеңіс күні – бірлік пен мақтаныштың символы!

немесе Ұлы Отан соғысында қан кешкен Жуалы өңірі ардагерлерінің есімін ардақтайық!

«Ерлік ер басына жүре бітетін қасиет. Ешкім іштей батыр болып тумайды. Батырлық та мінез секілді орта көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады».
(Бауыржан Момышұлы)

1. Кіріспе
ХХ ғасырдың алапат соғысы – Екінші Дүниежүзілік соғыс болса, соның құрамдас бөлігі Ұлы Отан соғысы (ҰОС, ВОВ) болды. 1-ші Дүниежүзілік соғыс кезінде қазақтардың қолына қару бермей, ауыр тыл жұмыстарына алса, Ұлы Отан соғысы кезінде қазақстандықтар қолдарына қару алып, майданға барып, қасиетті Отанды қорғады. Сан қилы саяси және әлеуметтік қайшылықтар мен дүрбелең үстінде өткен ХХ-шы ғасыр адамзат санасындағы Екінші дүниежүзілік соғыс қаншама ұрпақты қайғы-қасіретке душар етіп, қаншама адамның өмірін өксітті. Жалпы, үлкен тарих тұрғысынан алғанда азғантай мерзім болғанымен, ұзақтығы жағынан төрт жылға жуық (1 418 күн) созылған ҰОС өзінің ауқымы мен қилы-қилы оқиғаларға қанықтылығымен тұтас бір дәуірге тең.
Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін кейбіреулер «Ұлы Отан соғысы біздің соғыс емес» дегенді айта бастады. Әрине, бұл пікірмен келісуге болмайды. Олай болса, біз тарихтан бас тартып, кешегі күні «Отан үшін!» деп шайқасып жанын қиған қаһарман аталардың тағдырын, төгілген қанын ұмытқанымыз, тарихқа жеңіл-желпі қарағандық болмай ма… Тарихты өзгертуге болмайтындығын тағы да еске алған есті халқымыз ол райынан тез қайтты.
Достастықтың барлық елдерінде (Қазақстанды қоса алғанда) 2025 жылдың басты оқиғасы Ұлы Отан Соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы болмақ. Әрбір бұрынғы республика фашизмді талқандауға өзінің баға жетпес үлесін қосты және ТМД-ның бүкіл кеңістігіндегі әрбір отбасында бүгінде Отанды қорғауға келген, майдан даласынан оралмаған, тылдағы жанқиярлық еңбегімен Ұлы жеңіске қол жеткізген адамдар туралы естелік бүгінге дейін сақталуда.
ТМД мемлекеттері Басшылары Кеңесінің шешімімен 2025 жыл «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы-нацизмге қарсы күрестегі бейбітшілік пен бірлік жылы» болып жарияланғаны белгілі. Өйткені, Ұлы Жеңіс мерекесі – Ұлы Отан соғысының тарихи жадын сақтау және оны келесі ұрпаққа беру ниетімен біріктірілген бұрынғы Кеңес Одағы халықтарының жалпы тарихының маңызды бөлігі болып табылатынын баса айтқым келді. Сондықтан Тәуелсіз Мемлекеттер Достығында осы айтулы оқиғаны мерекелеуге дайындық шаралары басталып, белсенділік күннен күнге арта түсуде.
Бейбіт уақытта өмір сүріп жатқан ұрпақтар, өз елінің бостандығы мен Тәуелсіздігін қорғаған ардагерлерге алғыс ретінде 2024 жылы ТМД мемлекеттері Басшыларының кеңесі «1941-1945 жылдардағы ҰОС-ғы Жеңістің 80 жылдығы бірыңғай мерейтойлық медалін белгіленгені – қуантарлық әрі толғанарлық іс.
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің (оның ішінде Қазақстан Республикасы) астанасы мен қалаларында әскери шерулер ҰОС ардагерлерін, тыл еңбеккерлерін, ардагерлер ұйымдарының активтерін құрметтейтін салтанатты іс-шаралар, сондай-ақ мерейтойлық концерттер және басқа да әскери-патриоттық іс-шаралар жоғары деңгейде өтуі жоспарланған. Соғыс туралы шындықты сақтауға, оның оқиғалары мен нәтижелерін бұрмалау әрекеттерін әшкерелеуге, фашизм мен неофашизмге қарсы тұруға, сондай-ақ өскелең ұрпақты патриотизм мен өз Отанына деген сүйіспеншілік рухында тәрбиелеуге бағытталған ғылыми, ақпараттылық-ағартушылық сипаттағы іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Мерейтой жылы ардагерлердің өмір сүру жағдайларын зерттеу, кешенді медициналық тексерулер жүргізу және олардың санаторий-курорттық емделуін ұйымдастыру тәжірибесін одан әрі дамыту шаралары – құптарлық іс. Жеңіс күні – Бірлік пен мақтаныштың символы болып қала береді. Біз бейбітшілік үшін төленген үлкен бағаны еске түсіретін және өткен сабақтарды ешқашан ұмытпауға уәде беретін күн деп ойлаймын.
2. Соғыс жылдары…
….1941 жыл, 22 маусым. Сағат таңғы 4-тер шамасы. Шырт ұйқыда жатқан жұртты Юрий Левитанның дабылды радиохабарламасы оятты… «КСРО-ның (СССР) батыс шекарасына фашистік Германия әскері басып кірді» деген осы суық хабардан кейін-ақ шұғыл түрде әрбір соғысқа аттанған аталар басымыздан сипап, «Анаңа әрдайым көмектес, бауырларың мен жақындарыңа бас-көз бол. Үй саған аманат» деп фронтқа кете барды емес пе?… Бұл трагедиялық құбылыс әрбір Кеңес (Совет) отбасын қамтығаны ақиқат….«Ұлы Отан Соғысы» ұғымы 1941 жылғы шілденің 3-інде Сталиннің радио арқылы сөйлеген сөзінен кейін пайда болыпты. Сталин өз сөзінде «Ұлы» және «Отан» деген сөздерді бөлек-бөлек, бір-бірімен байланыстырмай қолданған.
Ұлы Отан соғысы – Екінші Дүниежүзілік Соғыстың шешуші майданы болып, нәтижесінде, Нацисттік Германияның құлауының басты себебі болғаны белгілі. 1939 жылдың қысында Германия Польшаға «Данциг» мәселесін шешуді ұсынады, Польша одан бас тартады. Осы мәселені Польшаға қарсы соғысу үшін қолданды. 1939 жылдың қыркүйегінің 1-інде Германия Польшаға қарсы соғыс ашып, Екінші Дүниежүзілік соғыс басталады… Әрине, Екінші Дүниежүзілік соғыс – дүние жүзіне үстемдік жасау үшін Германия, Италия және Жапония үштігі тарапынан болған соғыс екені мәлім. 1933 жылы нацистік диктатура орнағаннан кейін Германия дүние жүзіне үстемдік жүргізу жоспарын жүзеге асыруға кірісіп, оны Жапония мен Италия қолдап, нәтижесінде, осы соғысқа 61 мемлекет, дүниежүзі халқының 80 пайызы қатысқан. Соғыс қимылдары 40 мемлекеттің жерінде жүріп, 110 млн адам әскерге алынған. 50-55 млн.адам қаза тапқан. 4 трлн. доллар көлемінде шығын келтірілген (арнайы мәліметтер көздерінен алынды). Соғыс аяғында нацизм мен фашизм толық күйреп, Батыс Еуропа елдерінде демократияның орнауына мүмкіндік туды. Нацизмді талқандауда шешуші рөлді сол кездегі КСРО (СССР) құрамындағы халықтар атқарды. 1941-1945 жылдардағы Кеңес Одағының Ұлы Отан Соғысы – Екінші Дүниежүзілік Соғыстың құрамдас бөлігі ретінде тарихқа мәңгі енді…
3. Қазақ ССР-нің соғыстағы «үлесі»
Ұлы Отан соғысы – халқымызға төнген ең ауыр күндер болғаны ақиқат. Төрт жыл, 1 418 күн мен түн бойы өз жері мен Отаны үшін, келешек ұрпақ үшін жан қилы соғыс болды… Сол кездегі Кеңес Одағының басқа халықтарымен бірге жауды талқандап, жеңіске жету ісіне қазақ халқы да өзінің лайықты үлесін қосты деп айтуға толық негіз бар. Қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап, Берлинге дейін болды. Олар, Сталинград түбіндегі жертөлелерде, Днепр өткелінде, Москва мен Ленинград үшін болған ұрыстарда батыл ерліктер көрсетті. Украинаны, Кавказды, Беларусияны, Қырымды, Прибалтиканы азат етті. Польша, Румыния, Венгрия, Чехословакия, Болгария, Германия жерлеріндегі майдан жолдарында жеңіс туын көтеріп өтті. ҰОС-сы жылдарында біздің қандастар қатыспаған бірден-бір үлкен шайқас болмапты…
Соғыс жылдары Қазақ ССР-і СССР құрамында болып, 1941 жылы республикадан 178 мыңға жуық адам Қызыл Армия қатарында болған. Оған қоса, Қазақстаннан 1млн 200 мыңдай адам шақырылса, оның 41,5 мың адамы, яғни 3,5 пайызы Жамбыл облысынан майданға аттанған. (Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің 2010 жылғы мәліметі). Бүгінгі күні «қазақстандықтар майданға неге көп алынды?» деген сұрақ туындайды. Екі майданда соғыс жүргізген Германия халқының 12-пайызы соғысқа алынса, Қазақстан халқының 24 пайызы майдан даласында болды. Бұл алдымен, біздің республиканың аграрлы болуы да өз әсерін тигізген болуы керек. Яғни, броньмен қалғандар саны өте аз болған. Бронь негізінен зауыт, өнеркәсіп өндірістерінде еңбек еткендерге берілген. Ресми басылым деректеріне қарағанда, соғыс майданында Қазақстаннан 600 мыңнан аса адам қайтыс болған. Әскерге шақырылғандардың жартысы соғыстан оралмаған. Қаза болғандар Қазақстан халқының 11,2 пайызын құраған. ҰОС-сы басталар алдында Қазақстанда 6,2 млн халық тұрған, Одақ бойынша қазақ халқының саны 3 млн 250 мыңға жетіп, апаттан кейін қайта толығып келе жатқан еді. 1932 жылғы ашаршылық, 1937-1938 жылдардағы аласапыран да елді есеңгіреткенін жақсы білеміз. Соғысқа қатысқандардың ең жасы 1929 жылы туғандар, аштық жылдарында олар небәрі 4-5 жаста болыпты. Міне, халқымыздың сақталып қалды-ау деген ең соңғы еркек кіндікті ұрпағы осылайша майдан шебінен бір-ақ шықты… Сонымен қатар, соғыс кезінде «тылда» да көп адам көз жұмған. Мәселен, «Е-Ністору-КЗ» порталы республиканың бейбіт тұрғындарының тікелей шығыны шамамен 300 мың адам, жанама шығыны 592 038 адам болғанын жазған.
Соғыстың әр жылы үшін орта есеппен 104 мың адам қаза тауып отырған. Өлім-жітімнің жоғары деңгейі халықтың барлық санатының қалыпты өмір сүру жағдайларының ұзаққа созылуымен байланысты болған. Мәселен, тамақтанбау және шаршау, асқазан аурулары, ауыр еңбек жағдайлары, дәрігерлердің майданға жұмылдыруларына байланысты білікті медициналық көмектің болмауы жағдайды қиындата түскені анық. Сондай-ақ, «Атамның аманаты» бірлестігінің қоғам қайраткерлері Екінші дүниежүзілік соғыс далаларында Қазақстаннан аттанғандардың 271 мыңы хабарсыз кеткенін айтқан.
Соғыста ерлік көрсеткен Қазақстаннан 100 мың адамнан астам жауынгер түрлі марапаттарға ие болса, соның 500-і Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Солардың қатарында қазақ ұлтының 103 азаматы болған! ҰОС-сы кезінде қан майданға қазақ жерінен 1,5 млн-ға тарта адам аттанған. Барлығы 12 атқыштар дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы, 4 атты әскер дивизиясы және қарулы күштер мен әскер түрлерінің әр саладағы жеке полктері мен батольондары жасақталған
4. Кеңес Одағының (СССР) соғысалдындағы және соғыс барысындағы ахуалы…
Негізінен, тарихи деректерге сәйкес, КСРО болашақта болатын жойқын соғысқа 1930 жылдардың басынан бастап дайындала бастаған. Тек ауыр өнеркәсіп қана емес, өмірдің түрлі-түрлі жақтары, идеология, бұқаралық ақпарат құралдары, тіпті, орта білім беру салалары да милитаризацияланды. Жеделдетілген индустриализацияның арқасында 30-шы жылдары КСРО-да қуатты ауыр өнеркәсіп пайда болды.Ол жедел түрде қару-жарақ өндірісіне ауыса алатындай етіп ұйымдастырылды. Бірақ, соған қарамастан болат, шойын қорыту, көмір, электр энергиясын, химиялық өндіріс сияқты салаларда Кеңес Одағы Германиядан артта қалып отырды. «Үшінші РЕЙХ»-тың қолына бүкіл Батыс және Орталық Еуропаның өнеркәсібі түскен соң, бұл артта қалу тереңдей түсті. Кейбір техникалық бағыттарда да Кеңес Одағы Германиядан артта қалған еді. Әсіресе, байланыс құралдарын және автомобиль көліктерін жасап шығару жағынан Кеңес халқының басым көпшілігі (66 пайызы) білім деңгейі төмен дәрежедегі шаруалар болатын. Ал, Германия әлдеқайда урбанизацияланған, индустриализацияланған ел болатын. Көптеген өнім түрлерін жасап шығарудан Кеңес Одағы Германияны артта қалдырған (танкілер, ұшақтар, артиллериялық қару-жарақтар, минаметтер, оқатар қару сияқтылар). Кеңес Одағының осал жағы әскердің байланыс және басқару құралдарымен жарақтануы төмен деңгейде болды. Бұл жағынан Германиядан артта қалу елеулі болатын.
Бір айта кететіні, КСРО-да негізгі өндіріс қорлары мемлекеттік меншікте болғаны себебінен және КСРО экономикасы мемлекеттің қатаң қадағалауында болғандықтан, өнеркәсіптің милитаризация деңгейі ( соғыс бағытында қаржыландыру деңгейі) мен соғыс жағдайында жұмыс атқаруға қабілеті Германияның экономикасына қарағанда әлдеқайда жоғары болған. Ал, Германия экономикасы «жұмылу» деңгейі жағынан 1944 жылы «тоталды соғыс» жарияланғаннан кейін ғана Кеңес экономикасына жақындай алды. Сондықтан, соғыстың басында КСРО экономикасының тиімділігі жоғары деңгейде болды. КСРО-ның партиялық жетекшілігінің Азамат соғысы кезінде қалыптасып, төтенше жағдайларда шаруашылық және әскери басқарудың мол тәжірибесіне ие болғанын да естен шығармау керек. Экономикасы қатаң орталықтырылған, жетекшілігі, «төтенше» шаралар арқылы іске асырылатын және жеке меншігі атымен жоқ КСРО соғысқа Германияға қарағанда әлдеқайда ұтымды жағдайда болған екен. Осы себептер – КСРО-ның сол соғыста жеңіске жеткенінің себептерінің бірі екені анықталған.
1937-1938 жылдары орын алған жаппай қуғын-сүргіннің нәтижесінде ЖШҚӘ-нің басқару буыны ауыр шығынға ұшыраған болатын. 5 маршалдың 3-і, 15 армия генералының 13-і, 9 адмиралдың 8-і, 57 ком.корпустың 50-і, 186 комдивтің 154-і, 16 әскер комиссарының 13-сі, 28 корпус комиссарының 25-і ату жазасына кесілді. Әскери округтар мен әскери құрамалардың басына жас, тәжірибесіз басқарушылар тағайындалды. Мысалы, соғыс басталған кезде 17 әскери округ басшысының 7-і, 17 округ штаб басшыларының 4-еуі өз қызметтеріне тағайындалғандарына жарты жыл толмай, тек 2-ші ғана жылдан бастап уақыттан бұрын тағайындалған. Командирлердің 70 пайызының (полк командирінен жоғары) және сол деңгейдегі саяси жұмысшылардың 75 пайызының жұмыс стажы-өтілі жылға жетпеген екен. Зерттеушілердің пікірінше, қуғын-сүргін әскердің қорғаныс қабілетіне кері әсерін тигізген…
Соғыс барысында соғыс майданындағы өнеркәсіптер Қазақстанға 2 этапта көшірілген. Бірінші 1941 жылдың аяғы мен 1942 жылдың басы болған. Екінші этап – 1942 жылдың күзінде басталып, өнеркәсіп орындары, кәсіпорындар негізінен Мәскеу, Ленинград облыстарынан, Украина, Беларусь жерлерінен көшірілді. Украинадан Қазақстанға көшіріліп әкелінген кәсіпорындар – Харьков электротехника зауыты, Подольск механика зауыты, Днепропетровск вагон зауыты, т.б. Украинадан Қазақстанға 70 өнеркәсіпорны мен жабдықтар әкелінді. Қазақ ССР-іне әкелінген өнеркәсіп пен фабрикалар, кәсіпорындар – Алматы, Қарағанды, Шымкент, Петропавловск, Семей, Ақтөбе, Орал қалаларына орналастырылды. Өте қиын, күрделі жағдайда жұмыс істелді. Өнеркәсіп орындарымен бірге майдан өңірінен көптеген мамандар да көшірілді. Мысалы, Донбастан 3 200-ге жуық шахтер, екі мыңдай құрылысшы келді. Инженер-техниктердің саны 700-дей болған.
Қазақстан КСРО-ның негізгі әскери-өнеркәсіп базасына, майданның қуатты арсеналына айналды. Республиканың экономикасы әскери қажеттеліктерге бағытталып, 1942 жылы қажетті мыс, қорғасын, висмут, молибден, полиметалл өндірудің жетекші орындарына айналды. Одақта өндірілген қорғасынның 88 пайызын (10 оқтың 9-ы Қазақстанның қорғасынынан жасалды), көмірдің 18-пайызын, молибденнің 60-пайызын, октанды мұнайдың 1 млн. тоннаға жуығын берді! Майданға 1500 вагон киім мен азық-түлік жіберілді. Соғыс кезінде ауыл шаруашылығындағы жағдай төмендеді. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің саны 1939 жылмен салыстырғанда 1942 жылы 600 мыңға кеміді. Колхоз өндірісіне әйелдер еңбегінің үлесі артып, 1940 жылғы 48-пайыздың орнына 1942 жылы 75-пайызға жетті. 76 мың механизатордың 55 мыңнан астамы әйелдер болды. Бүкілодақтық социалистік жарысқа 10 мыңнан астам тракторшы қыз-келіншек қатысқан.
Ұлы Отан соғысы жылдары елімізге, оның ішінде Жамбыл облысына сырттан көшіріліп әкелінгендер де көп болды. 1944 жылғы мәлімет бойынша Солтүстік Кавказдан Қазақстанға 508 мыңға жуық халық зорлықпен көшіріліп әкелінсе, бұл көрсеткіш біздің облысымызда сол кезде 62197 адам болған. Жалпы, соғыс жылдары Қазақстанға 1,5 млн.астам адам көшіріліп әкелінген. Сырттан келгендерді өзектен теппей, бауырға басқан қазақ елі кеңпейілдіктің, қонақжайлылықтың өшпес үлгісін көрсетті. Өзгеге төрінен орын беріп, қатқан нанымен бөлісті….Мұндай адамгершілік тұрғысындағы ерлікті сол жылдары таныту – шын мәнінде қазақ халқының бабалар болмысын, ділін таныта отырып, салт-дәстүрге адал екендігін көрсетті!
5. Оқ тескен, от кешкен жуалылықтар…
…Содан бері 80 жыл өтті. Қорқыныш пен қасіретке толы күндердің әр сәті тыл еңбеккерлерінің, қазіргі кейбір буынның есінде. Олар әрдайым көздеріне жас алып, бірі әкелерінің соғыста көрсеткен ерліктерін мақтанышпен айтып отырса, екіншілері, басқа буын өкілдері қанды қырғынға қатысқан жақындарының ерліктерін тілге тиек етіп, сұрапыл соғыстың зардабы мен салдарын сөз етуде… Кеңес халқы, Кеңес армиясы бүкіл әлемді фашизм күшінен қорғап қалды. Ұлы Жеңістің әлемдік маңызы – осында Ұлы Жеңіс – біздің де жеңісіміз! Социалистік қоғам тәрбиелеген ұлттар достығының, бауырмалдығының жеңісі! Ел мен жерді қорғаған, ұрпағына аманат етіп тастап кеткен ата-баба дәстүрінің, ерлік дәстүрінің жеңісі!
ҰОС-сы жылдарында ерлігімен (әр жауынгердің майдандағы әр күні ерлік, ерлік – бұл қомақты, көлемді түсінік, бұл-батырлық, аштық, сағыныш, жарадарлық т.б.) жеңіс күнін жақындатқан жуалылық Жеңіс батырларының есімдерін атағанды борышым деп санадым. (Жамбыл облысында шығарылған 3-томдық «ЗЕРДЕ» естелік кітабының негізінде ұсынылып отыр)
Аудан бойынша – 449 адам ҰОС-ы майданына қатысып, қаза тауып, соғыстан аман елге қайтып, еңбекке араласып қайтыс болғандар анықталған (өзгеріс енгізілуі мүмкін). Оның ішінде:
Ақсай ауылдық округінен – 48 адам
Ақтөбе ауылдық округінен – 38 адам
Бауыржан Момышұлы ауылынан – 36 адам
Билікөл ауылдық округінен – 31 адам
Боралдай ауылдық округінен – 31 адам
Жетітөбе ауылдық округінде – 30 адам
Қарасаз ауылдық округінде – 53 адам
Қошқарата ауылдық округінде – 25 адам
Көкбастау ауылдық округінде – 44 адам
Күреңбел ауылдық округінде – 38 адам
Қызыларық ауылдық округі бойынша – 11 адам
Мыңбұлақ ауылдық округі бойынша – 19 адам
Нұрлыкент ауылдық округі бойынша – 10 адам
Шақпақ ауылдық округі бойынша – 14 адам
Тоғызтарау ауылдық округі бойынша – 21 адам (сол кезде аудан аймағында болған)
Әрине, мақала авторы ретінде әкем – Уркумбаев Құлтай Уркумбаев (1906 жылы туған) 1941 жылы әскерге шақырылып, 1945 жылы соғыстан аман елге оралып, бізге өмір сыйлағанын тебіреніспен еске ала отырып, әке ұлағатын мақтан тұтатынымды жеткізуді жөн санадым.
Осы тұста сыршыл ақын Сырбай Мәуленовтың «Соғыстан қайтқан солдаттар» атты өлеңінің бір шумағы есіме түсіп отыр.
«Жаутаңдап қарап дала тұр,
Көз жасын сүртіп жаңа бір.
Хабарсыз ұлын сұрауға,
Жолыңды тосып ана жүр.
Қанша үйден ұрлап адамын,
Қанша үйде сөніп қалды оттар.
Көрдің бе ұлын ананың,
Соғыстан қайтқан солдаттар».
Биыл Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өткелі отырған бұл Жеңіс барлығымыз үшін баянды болғай! Ендігі жас ұрпақ соғысты көрмесін деп тілейміз. Ұлы Жеңістің құнын түсіру – бүтін бір ұрпақтың жанқиярлық ерлігін мансұқ ету екенін және болашақтың алдында күпір болмай, кешегі жетім мен жесірлердің көз жасын ұмытпайық. Арманда кеткен батыр аталар мен әкелердің, ағалар мен әпкелердің әруағынан ұялған жөн болар. Өмір бойы баласын күтіп, өлдіге қимаған өр мінезді аналар мен әжелер ең соңғы үміттерін қабірге бірге ала кеткен жоқ па?! Солардың үзілмес үмітін желге ұшырмауды – міндетіміз емес, парызымыз деп санауға әбден болатын сияқты!

Әбдікерім УРКУМБАЕВ,
«Желтоқсан-86» оқиғасының қатысушысы.
Әлем Халықтары Жазушылар
Одағының мүшесі.
Аудан әкімінің штаттан
тыс кеңесшісі,
Жуалы ауданының Құрметті азаматы

Таңдаулы материалдар

Close