Basty bet
Ортақ мекен – орталық Азия
Әлем жаһандану және жаһансыздану деген қос тараптың тартысына түскен шақта ел мен елдің, әсіресе қаны жақын, тамыры бір туыстың одан сайын жақындай, бірін-бірі түсіне түскені маңызды. Басқа мысалды назарға алмай-ақ, күні кешегі Олимпиада алауын тұтатқан Парижден жеткен хабарды қайта ой елегінен өткізсек, қазақ, қырғыз, өзбек достық пен татулықтың таңғажайып үлгісін көрсетіп бергендей. Татулық, достық, түсіністік Орта Азия елдерінің мызғымас ұранына айналып отыр.
Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуі аясында талқыланған, айтылған сөз бен ойды талдап-таразыласақ та, тарихи тамырластықты бекіте түсудің, бауырмалдықты қадірлеудің, өзара сыйластықты одан әрі тереңдете түсудің маңызын да ұғына түскендейміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне жариялаған «Орталық Азия ренессансы: орнықты даму және өркендеу жолы» атты мақаласында «Орталық Азия елдері ортақ тарихтың жарқын беттеріне көбірек назар аударуға тиіс» деген ой айтады: «Тарихи жадымыз – халықтарымыздың ұлттық сана-сезімінің мызғымас тұғыры. Біз ата-бабаларымыздың жетістіктерін және бай мәдениетімізді мақтан тұтамыз. Осы орынды мақтаныш қазір барша ұлттың табысты дамуына, сондай-ақ олардың болашаққа сеніммен қадам басуына қуатты серпін береді. Сондықтан біз ортақ тарихымыздың жарқын беттеріне көбірек назар аударуымыз керек. Орталық Азияның жалпы тарихын түркі, парсы, араб, қытай, Ресей және Батыс Еуропа дереккөздеріне сүйеніп жазу маңызды міндет деп санаймын».
Ортақ мекен – Орталық Азиядағы бауырлас елдер ортақ рухани кодты сақтағанда ғана өңірдің әлеуеті артып, әлемдік аренадағы ықпалы ұлғая түспек. «Жаһандық бәсекеге қабілетімізді арттыру үшін бірлігімізді сақтай отырып, ортақ мақсаттарға үздіксіз ұмтылуымыз керек. Ұлы Абай «Бірлік – ақылға бірлік» деп бекер айтпаған. Қазір жер жүзінде геосаяси жобалар мен идеологемалар дәріптеліп жатыр. Мұндай жағдайда біз өзімізге тән қонақжайлық, ынтымақ және өзара қамқорлық сияқты қасиеттерімізді, сондай-ақ отбасылық құндылықтарымызды және басқа да озық дәстүрлерімізді қамтитын рухани-мәдени кодымызды көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Қазіргі жаһансыз-дану жағдайында Орталық Азия елдерінің өңірішілік ықпалдастығы оның ерекше өркениет ареалы ретінде өзін-өзі сақтауы үшін де, біртұтас болмыс ретінде өңірді тұрақтандыру үшін де аса өзекті. Елдеріміз бен халықтарымыздың тарихы мен мәдениеті ортақ болғандықтан, бес мемлекет бірін-бірі толықтырып отырады. Бұл бізді біріктіретін басты күш болуға тиіс. Ұлы әл-Фарабидің «Халықтар бақытқа жету үшін бір-біріне көмектесе білсе, бүкіл жер беті ізгілікке толады» деген сөзі бар. Дамудың жаңа кезеңінде біздің алдымызда осы өңірдің және оны мекен еткен халықтардың тағдырын айқындайтын бірқатар маңызды мақсат-міндет тұр», – деп жазады Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мақалада қозғалған тағы бір өзекті тақырып – жас ұрпаққа тың мүмкіндіктер беретін ортақ құрылымдар қалыптастыру, яғни ортақ білім мен ғылым саласын дамыту. «Қазақстан жоғары оқу орындары арасындағы ықпалдастықты дамыту, бір-бірінің аумағында білім ордаларының филиалдарын және ортақ факультеттер ашу ісіне барынша қолдау білдіреді. Біз көрші елдер жастарының Қазақстанда жоғары білім алуға деген ұмтылысын жоғары бағалаймыз және олардың өз университеттерімізде оқуына берілетін квота санын біршама арттырамыз. Бүгінде Қазақстанның жоғары оқу орындарында Орталық Азиядан келген 9 мыңға жуық студент білім алып жүр», – деп жазады Мемлекет басшысы.
VI Консультативтік кездесу аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия Іскерлік кеңесті құру туралы ұсынысты Қазақстан да қолдайтынын мәлімдеді. Бұл бағытта Қазақстанның қатысуымен сәтті іске асып жатқан жобалар да жеткілікті. «Транскаспий халықаралық көлік бағыты, «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізі, «Бір белдеу, бір жол» секілді бастамалардың маңызы айрықша. Бұл жобаларға Орталық Азиядағы барлық елдің белгілі бір деңгейде қатысы бар. Бірлескен күш-жігердің нәтижесінде «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржол магистралінің әлеуеті дәйекті түрде артып келеді. Қазір бұл Парсы шығанағындағы елдерге шығатын ең төте жол саналады. Сонымен қатар Оңтүстік Азия нарығына шығу үшін Ауғанстан арқылы теміржол салудың келешегі зор деп есептейміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
VI Консультативтік кездесуде айтылған ойдың ішінде Орталық Азия елдерінің әрқайсысы үшін маңызды тағы бір тармақ су-энергетика ресурстарын рационалды пайдалану мәселесіне қатысты. Суды пайдаланудың тең құқылы әрі әділ тәртібіне, өзара міндеттемені мүлтіксіз орындау ережесіне негізделген жаңа су саясатын қалыптастыру керек. «Бірлескен күш-жігердің арқасында жылдар бойы қордаланған мәселелер шешіліп жатыр. Аймақтың тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылданып жатыр. Шекара, сумен қамтамасыз ету, миграция мәселелері жоспарлы түрде реттеліп, өзара саудадағы көптеген кедергі жойылды. Шекарадағы өткізу пункттері жаңғыртылып жатыр. Көлік қатынасының мүмкіндіктері кеңейіп, жаңа бағыттар ашылуда. Сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастық қарқынды дамып келеді», – деді Мемлекет басшысы.
Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуі кеңейтілген құрамда жалғасты. Жиынға құрметті қонақ ретінде Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев және БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі, Орталық Азия бойынша превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығының басшысы Каха Имнадзе қатысты.
Мемлекет басшысының айтуынша, Консультативтік кездесудің алтыншы рет өткізілуі тараптардың бауырлас халықтар арасындағы ғасырлар бойына жалғасқан достық байланысты нығайтуға, көпжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге және халықаралық аренадағы ықпалдастықты күшейтуге бейіл екенін көрсетеді.
«2018 жылы Астанада өткен алғашқы кездесуден бері бірлескен күш-жігердің арқасында бұл жиынның дамуында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Бұған өңірлік ынтымақтастықты арттыру бойынша маңызды шешімдер қабылданған бұрынғы бес Саммиттің қорытындылары айқын дәлел»,- деді Мемлекет басшысы.
Әлемдегі күрделі үдерістер жағдайында өңірлік ынтымақтастықты одан әрі ілгерілету жөнінде ортақ ұстаным қалыптастыру да маңызды. Себебі, Президенттің айтуынша, «ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шарттың» мәні артып келеді. Мемлекеттеріміз көпжақты құрылымдар, ең алдымен, БҰҰ аясында ортақ ұстанымдарға сүйене отырып әрекет етуге тиіс. Елдеріміз әлеуетін біріктірсе, біз Орнықты даму мақсаттары саласындағы күн тәртібін жүзеге асыруға елеулі үлес қоса аламыз. Осы маңызды мақсатқа қолдау ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымының 80 жылдығы қарсаңында Орталық Азияда орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу туралы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарын қабылдау жөнінде бастама көтеруді ұсынамын. Біріккен Ұлттар Ұйымының жоғары лауазымды өкілі, құрметті Каха Имнадзе мырзаның осы Саммитке қатысуы игі дәстүрге айналып, «Орталық Азия – БҰҰ» бағытындағы тығыз ықпалдастыққа жол ашады».
Президент көпжақты ынтымақтастықтың берік экономикалық негізін қалыптастыру кезек күттірмейтін міндеттің бірі деп есептейді:«Орталық Азия елдерінде өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту үшін мүмкіндік мол. Экология және климаттың өзгеруімен күрес саласындағы ықпалдастық аса маңызды. Барлық ел ұқсас сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Сондықтан өзара ықпалдастықты кеңейтудің, үйлесімді жұмысты күшейтудің және климаттық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тәжірибе алмасудың мәні зор. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Әзербайжан президенті, құрметті досымыз Ильхам Гейдароғлының биыл күзде COP29 жаһандық климаттық конференциясын табысты өткізуіне тілектестік білдіремін».
Президент Қазақстанның өңірлік ынтымақтастықты жан-жақты нығайту жолындағы стратегиялық бағдары өзгермейтінін растады. Сондай-ақ бүгін қабылданған шешімдер және оның алдағы уақытта тиімді жүзеге асырылуы ғасырлардан тамыр тартатын достық пен өзара қолдау рухындағы көпжақты серіктестігімізді одан әрі тереңдетуге септігін тигізетініне сенім білдірді. Саммит соңында Қасым-Жомарт Тоқаев
Консультативтік кездесудің төрағасы ретінде Орталық Азия мемлекеттері басшыларының атынан Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевті Құрмет белгісімен марапаттады.
Өзбек елінің басшысы Шавкат Мирзиёевтің Қазақстанға ресми сапары аясында Астана төрінде ұлы ақын, көрнекті ойшыл Әлішер Науаидың еңселі ескерткіші бой көтерді. «Біз ежелден еншісі бөлінбеген ағайын елміз. Жұртымызды біріктіретін ортақ құндылықтар көп. Тарихымыз бен тіліміз тамырлас, дініміз ортақ. Екі ел арасындағы бауырластық байланыстың өзіндік дәстүрі қалыптасқан. Бұл ретте Әлішер Науаидың алатын орны ерекше. Мұхтар Әуезов «Әлішер Науаи жалғыз өзбек әдебиетінің көлемінде қалған жоқ. Бертін келе Азиядағы, Шығыстағы көп елдің әдебиетіне әсер етті» деген. Біз ұлы ақынның мұрасын күллі түркі жұртының рухани қазынасы деп санаймыз», – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы түркі әдебиетінің көкжиегін кеңейтіп, оны әлемдік деңгейге көтерген Әлішер Науаидың туындылары мен еңбектерін қазақ халқының көрнекті қайраткерлері жоғары бағалағанын жеткізді. «Біз Шоқан Уәлихановтың Әлішер Науаи шығармашылығын алғаш зерттеушілердің бірі болғанын мақтан тұтамыз. Ал ұлы Абай оны өзіне ұстаз санаған. Әлішер Науаидың өзіне тән қолтаңбасы, ойының тереңдігі және көркемдік шеберлігі күллі әлем ақындары мен жазушыларына шабыт сыйлады. Бұл үрдіс әлі де жалғасып келеді. Науаи соңында әдеби ғана емес, бай философиялық мұра қалдырды. Оның гуманистік идеялары әлемнің ақыл-ой қазынасында ерекше орын алады. Ойшылдың дүниетанымы мен терең көзқарасын айшықтайтын трактаттары осы уақытқа дейін өзектілігін жойған жоқ», – деді Мемлекет басшысы.
Аnа tili.kz