Basty bet
Туған ауылға деген жанашырлықтың көрінісі
Ауылдық округте ауыл азаматтарының демеушілігімен салынған үшінші кіші спорт стадионының салтанатты ашылуы жоғары деңгейде өтіп, көпшілікке ерекше қуаныш сыйлады.
Бұл – жай ғана спорт алаңы емес, ауыл жастарының болашағына бағытталған маңызды әлеуметтік бастама. Елдің ынтымағы мен ортақ мүддеге жұмылған еңбегінің нәтижесінде салынған жаңа спорт алаңы жас ұрпақтың спортпен тұрақты айналысуына, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді.
Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Айдос Асабаев, аудан әкімінің кеңесшісі Әбдікерім Уркумбаев және спорт саласының ардагері Мақсұтбек Арзымбетов қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтады. Олар өз сөздерінде ауыл азаматтарының ұйымшылдығына ризашылық білдіріп, олар мұндай игі істердің қоғам үшін маңызын ерекше атап өтті.
Жиын барысында жастарды спортқа баулу, бұқаралық спортты дамыту және ауылда қолайлы әлеуметтік орта қалыптастыру мәселелері кеңінен қозғалды. Көпшілік алдында елдік іске ұйытқы болған азаматтарға алғыс айтылып, олардың туған жерге деген жанашырлығы жарқын үлгі ретінде көрсетілді.
Стадионның лентасын ардагер спортшы Мақсұтбек Арзымбетов пен ауыл азаматы Рамазан Құдабаев қиды. Сондай-ақ, спорт алаңының құрылысы басталған күннен бастап аяқталғанға дейін ұйымдастыру жұмыстарын үйлестіріп, игі істің бел ортасында жүрген ауыл азаматтары Руслан Бердімбетов, Жақсылық Әбішев және Асхат Сағындықов марапатталып, ауыл жұртшылығының алғысына ие болды.
Іс-шара барысында ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, жастарға ізгі тілектерін жаудырды. Игі істің жалғасы ретінде жасөспірімдер арасында кіші футболдан турнир ұйымдастырылып, спортсүйер қауымға ерекше әсер сыйлады.
Ауылдағы бұл игі бастама елдің бірлігі мен ынтымағының нақты көрінісі. Ортақ іске жұмылған ауыл азаматтарының еңбегі өскелең ұрпаққа жасалған үлкен қамқорлық қана емес, туған жерге деген шынайы сүйіспеншіліктің де айқын белгісі.
Ақжан Ілиясұлы,
Шақпақата ауылы