Кеше аудан әкімдігінің жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Жиын аудандық тарихи-өлкетану музейінде өтіп, оған ауылдық округтердің әкімдері, аудандық әкімдіктің бірқатар бөлім басшылары, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ауылдық округтердегі жастар ісі жөніндегі инспекторлары және «Жасыл ел» жасағының мүшелері, жастар, БАҚ өкілдері шақырылды. Жиын жұмысына аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков қатысты.
Жастар ісі жөніндегі кеңесті аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова ашып, жүргізіп отырды.
Айта кету керек, аудан әкімдігінің жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің отырысы жылына екі рет өтеді. Кеңестің бұл жолғы отырысында үш мәселе қаралды. Атап айтқанда, жиынның күн тәртібінде Ақсай ауылдық округінде мемлекеттік жастар саясатының орындалуы туралы, екінші кезекте жас таланттар мен дарынды жастарды дамыту мақсатындағы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жұмысы туралы, сонымен бірге, №16 Жуалы колледжінде білімгерлермен жасалып жатқан жұмыстардың барысы туралы мәселелер қаралды.
Отырыстың күн тәртібіндегі бірінші мәселе – Ақсай ауылдық округінде мемлекеттік жастар саясатының орындалуы туралы аталған округтің әкімі Қазыбек Бейсеқұлов баяндау қажет болатын. Округтің әкімі белгілі себептермен жиынға қатыспағандықтан, Ақсай ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі инспекторы Мұратай Мекенбай ауыл жастарымен атқарылып жатқан жұмыстарды айтып өтті.
Инспектордың айтуынша, ауылдық округте жастармен жұмыс жолға қойылған. NEET санатындағы жастардың саны 8 адамды құраса, оның жартысы жұмыспен қамтылған. Одан бөлек, округ жастарына «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасын жүзеге асыру аясындағы жұмыстар, оның ішінде, жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, өңірімізде жүзеге асырылып жатқан «Жасыл ел», т.б. бағдарламалар кеңінен насихатталып жатқанға ұқсайды. Ал жер теліміне кезекте тұрған жастардың саны 62 адамды құрайды.
Ал күн тәртібіндегі екінші мәселе – жас таланттар мен дарынды жастарды дамыту мақсатындағы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жұмысы туралы аталған бөлімнің басшысы Ғазиза Естаева баяндады.
-Жамбыл облысында мемлекеттік жастар саясатын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасын Жуалы ауданында іске асыру жөніндегі 2022 жылға арналған іс-шаралар жоспарын іске асыру мақсатында аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты Халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы мекемесі арқылы жүзеге асырылып, жас таланттар мен дарынды жастарды дамыту мақсатындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде,- деген бөлім басшысы Ғазиза Тоқсабайқызы, ары қарай жыл басынан бері аудан жастарымен өткізіліп жатқан іс-шаралардың барысын атап өтті.
Оның айтуынша, жыл басынан бері орталықта 480 іс-шара ұйымдастырылса, оның 27-сі аудан жастарына тікелей қатысты. Дегенмен, баяндамашы аудандағы талантты жастардың (әр салада) облыстық, республикалық байқаулар мен жарыстарға қатысуы мен одан алған жетістіктері туралы толыққанды айта алған жоқ. Аудан әкімінің орынбасары А.Ахметова баяндамашыға жас дарындарды қолдау мақсатында ауылдық округтердің әкімдерімен бірлесіп жұмыс істеудің маңыздылығын баса айтты.
№16 Жуалы колледжінде білімгерлермен жасалып жатқан жұмыстардың барысы туралы үшінші мәселе жөнінде колледж директоры Медет Иманбаев әңгімеледі. Баяндамашы өз сөзінде, колледжде техникалық мамандықтар бойынша барлығы 121 білімгердің білім алып жатқанын, колледж студенттерімен түрлі бағытта әрі аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесімен бірлесіп атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Тәрбие жұмысы жөнінде колледжде барлығы 47 іс-шара өткізілсе, оның тең жартысы аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесімен бірлесіп жүзеге асырылған.
Сондай-ақ, оқу орнын соңғы үш жыл көлемінде бітірген түлектердің жұмыспен қамтылуы 90 пайыздан асып отырғанын, бұл мақсатта колледждің аудандағы ірі агроқұрылым, серіктестіктер және ірі шаруашылықтармен үш жақты келісім-шартқа отырғаны баяндамада мәлім болды. Айта кету керек, алдыңғы жылдары колледжге бөлінетін гранттардың мөлшері 50-ден аспайтын болса, биыл бұл көрсеткіш 105-ке артып отыр.
Айта кету керек, мемлекеттік жастар саясаты аясында аудан жастарымен атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры Мейіржан Телеушов бірсыпыра айтып өтті. Жастардың ұсыныс-пікірлері мен мәселелері кеңінен талқыланған Кеңес отырысының соңында қаралған мәселелер бойынша тиісті шешім қабылданды.
Кеңес отырысын қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова алдағы уақытта Кеңес отырысының хаттамалық тапсырмаларын өз деңгейінде орындалуын қамтамасыз етуді және ауылдық округтің әкімдері мен бірқатар мекеме басшыларына Жамбыл облысында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бағытындағы «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы жоспарының өз деңгейінде орындалуын ұдайы бақылауда ұстауды тапсырды.
Жастар – біздің болашағымыз. Болашақтың бүгіннен басталатынын ескерсек, олардың жай-күйіне, оның ішінде, бірінші кезекте жұмыспен қамтылуына, баспаналы болуына (үйсіз жүрген жастар үшін), жастардың төңірегінде қалыптасқан басқа да мәселелерде бүгіннен бастап қолға алатын шаруалар шаш етектен.
Неге бұлай деп отырған шығарсыздар? Қағаздағы цифрлар мен көрсеткіштердің бәрі жақсы. Ал шын мәнінде солай ма? Ол жағына бас ауыртып жатқан ешкім жоқ. Мемлекеттік жастар саясаты саласында өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды жоққа шығаруға болмайды, әрине. Дегенмен, жұмыстың нәтижесі бәріміздің көңілімізден бірдей шыға бермейді.
Біздің ауданда да солай. Бір ғана №16 Жуалы колледжін бітірген түлектердің жұмыспен қамтылу жайына тоқталсақ, кеңес отырысында сөз алған директор М.Иманбаев соңғы үш жылда түлектердің жұмыспен қамтылу деңгейі 90 пайыздан асып жығылғанын айтты. Алайда бұл көрсеткіштің күмән тудыратыны сөзсіз. Ал техникалық мамандықтарды (ауыл шаруашылығы) бітірген жас мамандардың қатары көп болатын болса, аудан шаруашылықтарында кейінгі жылдары неге кадр тапшылығы қатты байқалып отыр?! Мұны шаруашылық жетекшілері де мәселе ретінде көтеріп жүр. Ауызды толтырып, құрғақ цифрларды баяндамада көпірткенше, түлектердің жұмыспен қамтылуына шын мәнінде неге көңіл бөлмейміз? Міне, жастар арасындағы жұмыссыздық, қылмысқа бару деректері осындай жағдайлардан орын алып отырғаны да түсінікті.
Барлық мәселеге жанашырлық қажет. Жастар ел болашағы деген сөзді жиі айтамыз. Ал бұл мәселеде біз саналы және сапалы жастар ғана елдің болашағы, қоғамның үкілі үміті дегенді қосқымыз келеді. Ал жастардың осындай санатта болуы үшін әрине, олардың жай-күйіне мемлекет және қоғам тарапынан баса назар аударылуы қажет деп білеміз.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»