Basty bet
«Қазақ тілін өз қалауыммен үйрендім»
«Бірлік болмай, тірлік болмас» демекші, берекені көздеген ел қашанда мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған. 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні. «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мейрамның орны ерекше.
Құшағы кең қазақ елі қиын-қыстау кезеңдерде көптеген өзге ұлт өкілдерін бауырына басты. Қазақстанда бір шаңырақ астында өмір сүріп жүрген түрлі ұлттар мен ұлыстардың бірлігі, ынтымағы басқа мемлекеттерге үлгі. Елімізде соңғы уақытта қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдерінің де айтарлықтай көбейгені осының дәлелі. Бұл – нағыз патриоттардың қазақ жеріне, мемлекеттік тілге деген құрметі. Олар тек қазақ тілін ғана емес, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын да құрметтейді.
Қазақ тілін туған тіліндей меңгерген өзге ұлт өкілдерінің бірі – Елена Станкевич. Ол 1988 жылы Б.Момышұлы ауылында дүниеге келген. Балалық шағы Қосбөлтек ауылында өткен Елена нағашы атасы мен әжесінің қолында тәрбиеленеді. Осындағы Көктөбе орта мектебінде қазақ сыныбында оқып, білім алған.
Елена Тараз қаласындағы Заманауи гуманитарлық-техникалық колледжін (СГК) және Тараз мемлекеттік педагогикалық институтын үздік дипломмен тамамдаған.
Бүгінде ол аудан орталығындағы №1 мектеп-гимназияда бастауыш сынып мұғалімі болып жемісті еңбек етуде. Оның аталған мектеп-гимназияда ұстаздық еткеніне де биыл 11 жылдай уақыт болған. 10 жыл қазақ сыныбына сабақ берсе, қазіргі таңда орыс сыныбының оқушыларын білім нәрімен сусындатуда.
Елена өзі жетекшілік ететін бастауыш сынып оқушыларына әр сабақ сайын түрлі қызықты ойындар ойнатып, ойлана білуге, қызық та күрделі есептерді бірігіп шығаруға және жан-жақты, алғыр оқушы болуға тәрбиелеуде. Сондай-ақ, оқушыларға сабақ барысында түрлі ертегілерді тыңдатып, жұмбақ жасырып, жаңылтпаш айтқызып оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттыра түсетіндігін айтады.
– Ауылда өстім. Көршілеріміздің бәрі қазақ отбасылары болды. Өз елін құрметтейтін, қадірлейтін адам тілді де тез меңгереді. Ал менің қазақ тілін еркін меңгеруіме араласқан ортам көмектесті. Мені ешкім қазақ тілін үйрен деп қинаған жоқ. Қазақ тілін өз қалауыммен үйрендім. Осы үйренгендерім бүгінде өз қажеттілігіме жарауда.
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні, қазақ халқына ризашылықтан басқа айтарым жоқ. Бұл – қазақ халқының жақсылығы. Отаным – Қазақстан, елім – Қазақ елі. Бұл қасиетті топырақты құтты қоныс етіп отырған барлық ұлт өкілдеріне тек қана бірлік, бақыт пен шаттық, береке тілеймін, – дейді Елена Викторовна.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»