Basty bet

Жаңа заманның – жағымды жаңалығы

«Электрондық үкімет» порталы азаматтарға қызмет алуға мол мүмкіндік жасауда

Отандық ашық ақпарат көздерінің мәліметтеріне көз жүгіртсек, Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ-ның) электрондық үкіметтің даму деңгейі бойынша әлем елдерінің рейтингісінде Қазақстан 193 елдің ішінде 28 орында тұр.

Қазақстан Республикасы электрондық үкіметінің порталы – мемлекеттік қызметтер туралы ең қажетті ақпарат алуға бірыңғай қол жеткізу нүктесін қамтамасыз ететін және мемлекеттік қызметтер мен сервистерді электрондық түрде ұсынатын, ақпараттық-анықтамалық интерактивтік веб-портал болып саналады. Қарапайым тілмен жеткізіп көрсек, электрондық үкіметтің порталы – ол сіз бен біздің күнделікті электрондық цифрлы қолтаңба арқылы өзімізге қажетті мемлекеттік қызметтерді алатын «egov.kz» порталы.
Қызмет алу тұрғысынан алып қарағанда, бүгінде ел тұрғындары өмірінің ажырамас бөлігіне айналған электрондық үкімет порталының шығу тарихына тоқталсақ, «Электрондық үкімет» құру идеясы ең алғаш рет 2004 жылы 19 наурызда Президенттің халыққа арнаған жылсайынғы Жолдауында айтылған болатын. Дәл осы жылы оның негізгі кезеңдерін анықтайтын электрондық үкіметті қалыптастыру бағдарламасы бекітілді. 2006 жылы «egov.kz» веб-порталы іске қосылды. Алғашқыда ол тек мемлекеттік қызметтер туралы ақпараттық-анықтамалық түрдегі материалдардан тұрған еді.
«Электрондық үкімет» деген не және оның халық үшін қандай пайдасы бар деген мәселеге келетін болсақ, ақпараттық технологиялар біздің күнделікті өмірімізде маңызды рөлге ие болғалы қашан. IT мемлекеттік басқару процесіне үйлесімді енгені соншалық, онсыз бүкіл жүйенің жұмыс істеуін көзге елестету қиын. Мемлекеттік билік органдары мен халық арасындағы сандық өзара іс-қимылды ұйымдастыру әлемдік тәжірибеде электрондық үкімет жүйесі арқылы жүзеге асырылады, ол e-Government деп аталады.
«Электрондық үкімет» порталын ақпараттық технологияларды кеңінен қолдануға негізделген және азаматтар мен ұйымдарға, оның ішінде, интернет желісі арқылы қызмет көрсетуге барынша бағытталған мемлекеттік органдардың жұмыс істеу тетігі деп айтсақ та болады.
«Электрондық үкіметті» енгізу мемлекет үшін сыбайлас жемқорлық сияқты зиянды құбылыстардың азаюына ықпал етіп, мемлекеттік құрылымдар жұмысының ашықтығын арттырумен бірге, мемлекеттік органдарға өтініш қалдыру ісі біршама жеңілдей түсті деп сеніммен айта аламыз.
«Электрондық үкімет» құрудың маңызды себептерінің бірі – мемлекеттің қолда бар барлық ақпараттық ресурстарын, оның нақты бөлігіне қол жеткізу құқықтарын шектей отырып, біртұтас ортақ алаңға біріктіру жолымен «бір терезе» қағидатын енгізу болды. Қазіргі таңда электрондық үкімет жұмысының арқасында мемлекеттік қызметтің түрлері күніне 24 сағат, аптасына жеті күн қолжетімді болып тұр.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасы электрондық үкімет десек, өңірімізде бұл бағыттағы жүйелі жұмыстарды негізінен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ-ның Жамбыл облысы бойынша филиалының Жуалы аудандық халыққа қызмет көрсету бөлімі жүзеге асыру үстінде.
Ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылында орналасқан аталған бөлімнің реттеу залында клиенттерден құжат қабылдайтын 6 терезе, өзіне-өзі қызмет көрсетуге бағытталған 4 терезе, дайын құжаттарды беретін, азаматарды тіркеу және құжаттандыру бағытындағы терезелермен қатар, арнайы анықтама беретін және клиенттерге кеңес беру үстелі тұрғындарға қызмет көрсету үстінде.
Халыққа қызмет көрсету орталығының аудандық бөлімі 2023 жылдың 10 айында статистикалық есепке сәйкес, азаматтардан барлығы 22 351 құжат қабылдаған. Оның ішінде, Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландыру орталығының тіркеу куәлігін беру және қайтарып алу бойынша – 7 516, жылжымайтын мүлікке қатысты – 3 833, халықты құжаттандыру мен тіркеу – 2 780, еңбек және әлеуметтік қорғау бағытында – 2 612, мәдениет, ақпарат және байланыс бағытында – 1 889, жерігілікті атқарушы органдардан – 999, басқа да салалардан «Электрондық үкімет» порталы арқылы барлығы – 47 201 кеңес беріліп, 51 245 мемлекеттік қызмет көрсетілген.
Айта кететін болсақ, «Электрондық үкімет» порталымен қатар, «eGov mobile» мобильді қосымшасының жұмысы туралы тұрғындар арасында түсіндіру және үгіт-насихат жұмыстары кеңінен жүргізілу үстінде. Қазіргі таңда аталған мобильді қосымша арқылы электрондық қызметтер қолжетімді бола түсті. Атап айтқанда, құжаттардың цифрлық нұсқасынан бастап, вакцина паспорты, азаматтың әлеуметтік статусы, жер учаскесі және жылжымайтын мүлікке қатысты ақпараттар, сонымен қатар басқа да сервистік қызметтердің барлығы осында орналасқан. Ал қосымшаны әрбір азамат смартфонға жүктеп, кез келген уақытта онлайн түрде қажетті қызметті алуына болады. Бұл бір жағынан азаматтарға қызмет алуға ыңғайлы болса, екінші жағынан уақытты үнемдеуге де үлкен септігін тигізіп отыр. Міне, «Электрондық үкімет» порталының тиімді тұстарының бірі осындай.
«Электрондық үкімет» порталы туралы сөз қозғағанда, кейінгі жылдары аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты ауылдық кітапханалардан ашылып, тұрақты жұмыс істеп келе жатқан цифрландырылған ақпараттық орталықтардың тиімді қызметі туралы да айтпай кетуге болмайды. Қазіргі таңда ауданға қарасты барлығы 21 ауылдық кітапханада жоғарыда аталған орталықтар азаматтарға қызмет көрсету үстінде.
Орталықтың атқаратын негізгі қызметіне тоқталатын болсақ, цифрландырылған ақпараттық орталықтар ауыл тұрғындарына е.gov.kz порталы арқылы қызмет түрлерін көрсетеді. Атап айтқанда, мұнда электрондық қызметтің 20 түрінен анықтама беріледі. Ауылдық кітапханаларда ашылған ЦАО-ларда есепті мерзім ішінде (ашылғаннан осы жылға дейін) е.gov.kz қызметімен азаматтарға барлығы – 30 196 анықтама берілген. Оның ішінде, зейнетақы қоры анықтамасы, жылжымайтын мүлікке қатысты, азаматтың сотталған немесе сотталмағаны туралы, несие тарихы туралы анықтама, ЭЦҚ алуға өтініш беру, дәрігерге тіркелу, жұмыссыздық туралы, баланы балабақшаға кезекке қою, салық берешегі туралы, тұрғылықты жерге тіркеу, тест тапсыруға өтініш, мүгедектігі туралы, неке туралы, мекенжайлық анықтама және атаулы әлеуеттік көмекке, т.б. анықтамалар берілген. Одан бөлек, азаматтарға ақпараттық орталықтар арқылы өзіне-өзі қызмет көрсету қызметін де пайдалануға мүмкіндігі бар.
Айта кететін болсақ, 2023 жылдың 12 айында ақпараттық орталықтардың қызметіне жүгінген азаматтарға барлығы – 11 381 анықтама берілген. Сонымен қатар, ауылдық кітапханалардағы «Coworking» орталықтарының тиімді жұмысы әлеуметтік желілерге тұрақты түрде жариялануда және қажетті мәліметтер енгізілуде.
Тұрғындар үшін электрондық қызмет көрсетудің тиімділігі сол, олар бір анықтама алу үшін аудан орталығына келмей-ақ, өз ауылында орналасқан цифрландырылған ақпараттық орталыққа өтініш беріп, керекті қызметін алуға мүмкіндік жасалған. Бұл турасында Б.Момышұлы ауылындағы аудандық орталық кітапхананың ғимаратында орналасқан цифрландырылған ақпараттық орталықтағы «Электрондық үкімет» порталының жұмысына жауапты кітапханашы Жансая Олжабай тұрғындарға цифрлық қызмет көрсету ауқымының жылдан-жылға кеңейіп келе жатқанын және оның азаматтарға өте тиімді екенін айтады.
Қорыта келгенде, қазіргі уақыт ағартушы, ұстаз Ыбырай Алтынсаринның: «Өнер-білім бар жұрттар, Тастан салай салғызды. Айшылық алыс жерлерден, Көзіңді ашып-жұмғанша, Жылдам хабар алғызды» деген өлең жолдарымен тұс келіп отыр. Ал электрондық үкімет порталының жұмысы ары қарай жаңа заманның жағымды жаңалығы ретінде жандана беретіні даусыз…

Таңдаулы материалдар

Close