Basty bet
Тұрмысқа қолайлы жағдай туғызу – мемлекет дамуының басты талабы
бұл бағытта таулы өңір халқының өмір сүруіне қажетті тұрмыстық игіліктерге қолжетімділік артып келеді
Халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдайлар туғызу, ел өңірлері мен аудан, ауыл-аймақ тұрғындарының тұрмыс жайлылығын арттыру мәселесі мемлекет үшін де маңызды әрі күн тәртібінде тұрған мәселе екенін жақсы білеміз. Бұл жөнінде толықтыра түссек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да жан-жақты айтылып, осыған жауапты өңірлердің атқарушы орган басшыларына тиісті тапсырмалар да жүктелгені белгілі. Иә, Президенттің аталған Жолдауының халыққа жол тартқанына біршама жылдың жүзі болғанын ескерсек, бұл бағытта ел өңірлерінде нақты нәтижелерге бағытталған жұмыстар да қарқынды атқарылып келеді.
Жолдауда: «Елді газбен қамтамасыз ету де – өзекті мәселе. Тауарлы газдың ресурстық базасын кеңейту – Үкіметтің және ұлттық газ компаниясының басты міндеті. Жаңа газ өңдеу зауыттарының құрылысын тездету және қолданыстағы зауыттардың қуатын барынша пайдалану қажет. Еліміздегі Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ сияқты мұнай-газ алпауыттары газды қолжетімді бағамен ұсынуға тиіс. Сонымен қатар жаңа газ кеніштерін барлау және игеру үшін инвестиция тарту аса маңызды.
Электр қуаты, жылу және су – тұрмысқа аса қажетті игіліктер. Оны үнемдеп пайдалану керек. Бұл жаңа тұрмыстық мәдениетке айналуы қажет. Жалпы, бұл – үй шаруасына ғана емес, тұтас экономикаға ортақ талап. Қазір суды оңды-солды пайдалануға мүлде болмайды. Үкімет энергетикалық тиімділік саясатын түбегейлі қайта қарауға тиіс. Онда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттары ескерілуі керек.
Энергетиканы тиімді пайдалануға және басқа да ресурстарды үнемдеуге қатысты нақты нормативтік талаптарды біртіндеп енгізу қажет.
2029 жылға қарай энергияны тұтынуға және энергия шығынына байланысты негізгі көрсеткіштер кемінде 15 пайызға азаюға тиіс.
Біз «жасыл» экономиканы дамыту мәселесімен мықтап айналысуымыз керек. Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшетіні сөзсіз. Халықаралық сарапшылардың мәліметіне сүйенсек, жалпы әлемдегі күрделі қаржы салымдарының үштен біріне жуығы жаңартылатын энергетика жобаларының еншісінде. Қазақстанда да бұл бағытта көп жұмыс атқарылды. Жаңа Экология кодексі және Көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі стратегиясы қабылданды. Соңғы 5 жылда жаңартылатын энергетиканың елімізде өндірілетін қуаттың жалпы көлеміндегі үлесі 5 пайызға жуық өсті.
2027 жылға қарай тағы 1,4 гигаваттық қуат көздері іске қосылады. Еліміздің энергетикалық теңгерімінің құрылымы өзгеретіні анық. Сондықтан қуат өндіруден бастап оны таратуға дейінгі бүкіл энергетика саласын басқару тәсілдерін жетілдіру керек» деп жан жақты атап өтілуі жайдан жай емес.
Президент ерекше атап өткен энергетика қауіпсіздігі, жалпы адамзат өміріне қажетті ресурстар мен энергия көздерін тиімді пайдалану – өте маңызды мәселе. Қазір елімізде бұған стратегиялық мәселе ретінде қарап мемлекет деңгейінде назар аударылуы да сондықтан. Тұрмыс жайлылығын арттыру деген мәселеге келсек, тұрғындардың тұрмысына ең бірінші кезекте негізінен – ауызсу, табиғи газ, электр жарығы, қанағаттанарлық жағдайдағы автомобиль жолдарының қажет екенін айтпай-ақ білуге болады. Қазір Президент тапсырмасының негізінде Қазақстанның аймақтарын бір бірімен жалғайтын мемлекеттік маңызы бар күрежолдардың жағдайына баса назар аударылып, өңіраралық және ауданаралық автомобиль жолдарымен бірге, ауылішілік көше жолдарының жай-күйі де назардан тыс қалып отырған жоқ.
Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған 2024 жылғы Жолдауында: «Халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігі тиетін басқа да көптеген шара қолға алынды. Сіздер бұл жұмыспен тікелей айналысып, халықпен әрдайым тығыз байланыста болдыңыздар. Мұның бәрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын орнықтыруға ықпал ететіні сөзсіз» деп атап өтіп, ел тұрғындарына лайықты жағдай жасау, өңірлерде инженерлік-инфрақұрылым жүйелерін жақсарту ісін жаңғыртуды тапсырғаны бір жағынан заңды да. Себебі, халықтың, әсіресе, ауыл тұрғындарының жағдайы жақсармай, ұлттың да сапасы артпайтыны белгілі жай.
Тұрғындардың тұрмысын жеңілдету ісіне қолайлы жағдайлар жасау – мемлекет дамуының басты талаптарының бірі. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін тұрмыстық игіліктері жоқ ауылдардың барлығы инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл – міндетті меже. Жуалы ауданында да тұрғындар санының жыл санап артып келе жатқанын ескерсек, елдімекендерді ауызсумен, жылумен, табиғи газбен, электрмен және қанағаттанарлық автомобиль жолдарымен жабдықтау мәселелеріне облыс, аудан басшылығының тарапынан көбірек көңіл бөлініп отыр.
Жол – экономиканың күретамыры!
Жол – ел экономикасының күретамыры. Бұның ішінде, қанағаттанарлық автомобиль жолдарының үлесін арттыру ісі аса маңызға ие. Мұны біз әрдайым айтып келеміз. Әсіресе, ел өңірлеріндегі сапалы автомобиль жолдары қарым-қатынасты арттырып, ел экономикасына да қомақты пайда әкеліп отырғаны белгілі. Президенттің тапсырмасымен соңғы жылдары Қазақстанда өңіраралық автожолдардың жағдайын жақсартып, әбден тозған жолдарды қайта жаңғырту жұмыстары қарқын алып отыр. Бұл – қуантарлық жағдай.
Осыған сәйкес, ауданға қарасты таулы өңір тұрғындарының көп жылдан бергі өтініш-тілегін терең ескерген аудан басшылығы бұрнағы жылы «Б.Момышұлы-Көлтоған-Қошқарата-Қызтоған» аталатын облыстық мәндегі автожолдың құрылысын бастап, биыл оның 45-60 шақырымының аралығы орта жөндеуден өткізілді.
«Б.Момышұлы-Көлтоған-Қошқарата-Қызтоған» аталатын облыстық мәндегі автожолдың құрылысына және жол құрылысын жаңғыртуға жауапты мердігер мекеме – «Рауан» ЖШС-ның мамандары жұмыстың қалыпты жағдайда жүргізіліп, оған отандық құрылыс материалдарының қолданылғанын айтады.
Бүгінгі таңда аудандағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 561,2 шақырымды құрайды. Оның 58,1 шақырымы республикалық маңызы бар автомобиль жолы. Ал облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы – 132 шақырымды құраса, оның бүгінгі таңдағы қанағаттанарлық жағдайы 93 пайызды құрап отыр. Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 108,12 шақырым. Бұл жолдың да қанағаттанарлық жағдайы облыстық мәндегі жолға тең. Ал ауылішілік автомобиль жолдарының ұзындығы – 263 шақырымды құраса, оның қанағаттанарлық жағдайы 68 пайыз болып отыр.
Ауданның автомобиль жолдарын жөндеуге қатысты мәліметтерді сөйлетсек, өңірде 2024 жылға мемлекет қазынасынан жалпы 1,1 млрд теңгеге қаралып, бұған 40 жобаның аясында барлығы – 44,66 шақырым автомобиль жолдарын орта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде, аудандық мәндегі автожолдар – «Шақпақата-Ынтымақ-2,73 шақырым» және «Ертай ауылына кіре-беріс-2,190 шақырым», сонымен қатар, «Ауыл – Ел бесігі!» бағдарламасының аясында 755,0 мың теңгеге барлығы – 28 жобамен 28,38 шақырым автомобиль жолдарына орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың игілігіне пайдалануға берілгені белгілі. 2025 жылға жалпы ел қазынасынан – 2,77 млрд теңгеге 15 жобаның аясында барлығы – 42 шақырымды құрайтын автомобиль жолын орта жөндеуден өткізу жоспарланып, қазіргі таңда жұмыстар жүргізілуде.
– Бүгінгі таңда тұрғындар тарапынан ауылішілік жолдарға қатысты сын-ескертпелер көп айтылуда. Біз ол қолайсыздықты жою мақсатында жаңа жобаларды қабылдап, жаңаша бағытта жұмыс істеуді қолға алдық. Атап айтар болсақ, алдыңғы жылдары 40 ауылішілік көше жолы жөнделген болатын. Өткен жылы ауылішілік жолдар бойынша 15 жоба қолға алынып, 19,3 шақырымды құрайтын 22 көшенің автомобиль жолдары орта жөндеуден өткізілді. Бұл жобалардың 13-і жергілікті бюджет есебінен, ал екеуі «Ауыл – Ел бесігі!» жобасы аясында жүзеге асырылды. Сөйтіп, өткен жылдың қорытындысымен ауылішілік автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық үлесі – 75 пайызды құрады,- дейді аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Медет Дамиров.
Табиғи газ бен ауызсу – ел игілігі!
Табиғи газ бен ауызсу – ел игілігі. Бұл бағытта бүгінгі күнге ауданға қарасты 47 елдімекен табиғи газбен қамтылып, көрсеткіш пайызға шаққанда 95,9 пайызды құрайды. 2024 жылы өңірге қарасты Билікөл ауылдық округінің Қарабастау, Жылыбұлақ ауылдарының кварталішілік газ тарту және магистралды газ тарту желілерінің құрылысы жүргізілді. Биыл Дарбаза, Әбдіқадыр ауылдарында кварталішілік газ тарту жүйесінің құрылысы жүргізілуде. Биыл сәтін салып жыл соңына дейін округке газ тартылса, жыл қорытындысымен аудандағы елдімекендер толығымен табиғи газбен қамтылмақ.
Өңір тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету мәселесіне келсек, ауданның 49 елдімекені ауызсумен қамтылған. Ауызсу құбырының ұзындығы – 542,56 шақырымды құрайды. 2024 жылы екі елдімекенде ауызсу жүйесінің құрылысы жүргізіліп, орталықтандырылған ауызсумен қамтылды. Олар – Түктібай және Ақтөбе ауылдары.
Сонымен қатар, былтыр 4 елдімекен кешенді модульды блок (КБМ) орнату арқылы ауызсумен қамтылды. Олар – Қарасу, Көктас, Күркіреусу және Амансай ауылдары. Ауызсу жүйелерінің әбден тозуына және ескіруіне байланысты биыл өңірге қарасты Көлбастау, Күреңбел және Бақалы ауылдарында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жалпы бұл жобалардың құны – 2, 831 млрд теңге. Аталған құрылыстардың 2026 жылға өтпелі екенін айта кеткен жөн.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»