Basty bet
Атқарылған жұмыстар қорытындысы
Егемен ел болып қалыптасуымыз, мемлекетіміздің өсіп, өркендеуінде діннің алатын орны зор. Өйткені, дін – имандылықтың, әділдіктің, сыпайылықтың, парасаттылықтың, көпшілдіктің, төзімділіктің кепілі. Діні, тілі жоқ халықтың – болашағы жоқ. Діннің жағдайы қоғам дамуына тікелей қатынасы бар.
Ата-ана да балаға осы бағытта дұрыс тәлім бере білуі тиіс, оны қадағалауы керек. Айталық, мешіттердегі діни сауатты ашу курсына бала ата-анасының рұқсатымен баруы тиіс. Бала кімдерді тыңдап жүр, қандай діни кітаптар оқуда, діни танымы дұрыс қалыптасуда ма? деген сауалдарға ата-ана да мән беріп отырғаны жөн.
Осы салада жастар ресурстық орталығының 2023 жылға жастар арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатындағы Жуалы ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімімен бірлескен жұмыс жоспары бекітілді. Бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес, «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің инспектор-теологы Рамазан Әбделиевтің қатысуымен жалпы 53 іс-шара өткізіліп, 10 жаспен адрестік жұмыстар жүргізілді. 220 жастармен кездесу, 15 дөңгелек үстел отырысы, 4 түсіндіру жұмыстары, 3 жастар семинары, 6 ауыл тұрғындары және 5 мекеме қызметкерлерімен кездесу.
Атап айтар болсақ, аудандық тарихи- өлкетану мұражайының қызметкерлерімен «Имандылықты жастардың бойына сіңіре білсек», Б.Момышұлы мұражайының қызметкерлерімен «Жат ағымның зардаптарымен зияны», Б.Момышұлы ауылындағы «Аягүл» балабақшасының қызметкерлерімен «Адастырушы діни ағымдар» тақырыбында, Қарасаз ауылдық округіндегі №16 Жуалы колледжінде жастармен «Дін және жастар», Б.Момышұлы ауылындағы «Балдырған» балабақшасы қызметкерлерімен «Діннің атын жамылған дүмше ағымдар», Мыңбұлақ ауылдық округіндегі №22 Б.Момышұлы атындағы орта мектепте «Жастардың дінге мұқтаждығы», Ақсай ауылдық округінде «Діни экстремизм мен терроризм», тақырыптарында жастармен кездесу, Көкбастау ауылдық округі Бақалы ауылының мәдениет үйі қызметкерлерімен «Дінсіз тәрбие – тамырсыз көшет», Қызыларық ауылдық округінің №23 Алатау, №25 Ақтөбе, №17 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте «Терроризм қандай қауіп?», Ақтөбе ауылдық округі Тайыр Тастандиев атындағы іс-шаралары өтті. Сонымен бірге мектепте «Жат ағым жастарымызға несімен қауіпті» тақырыбында дөңгелек үстел отырыстары өтті. «Жастар экстремизмге қарсы» тақырыбында Б.Момышұлы және Көкбастау ауылдық округіндегі бокс үйірмесінің жастарымен және Б.Момышұлы ауылында орналасқан «Айдана» сауда орында діни сауаттылық арттыру мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Аталған шараларға 1180-ке жуық жастар тартылды.
Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында, аудандық ПБ қызметінің есебінде тұрған азаматтармен ағымдағы жылы «Дін экстремизм мен терроризмге қарсы» атты кездесу өткізілді.
Facebook және Instagram әлеуметтік желілеріндегі «Жуалы дін істері» парақшасына жыл басынан бері 83 ақпарат шығарылған. Оның ішінде 53 өткізілген іс-шаралар, діни экстремизм мен терорризмнің алдын алу мақсатында арнайы дайындалған 15 бейнеролик, жастардың діни сауаттылығын арттыру мақсатында арнайы дайындалған 3 бейне-ролик, 12 хабарлама жарияланған. Facebook әлеуметтік желісінде 2833 оқырман тіркелген, ал іnstagram әлеуметтік желісінде қазіргі таңда 1246 оқырман тіркелген
Ауданнан Тараз қаласында орналасқан «Һибатулла Тарази» медресесінде 2 жас, Түркістан облысы, Сарыағаш медресесінде 6 жас, Түркістан облысы, Шымкент медресе колледжі 1 жас діни оқуға түскен.
Қазіргі таңда 14 пен 35 жас аралығындағы жастар санатынан 3 жас шет елде білім алуда. 2 жас Түркия елінің Стамбул қаласындағы «Дарул Фурун» университетінде, 1 жас Мысыр еліннің Каир қаласындағы «Әл Асқар» университетінде білім алуда.
Салыстырмалы көрсеткіш нәтижесінде 2022 жылы «Kazdream Technologies» компаниясының «Аналитикалық интернет карта» бағдарламасы арқылы «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі деструктивті діни топтарға тіркелген ауданның 5 азаматын тізімнен шығарды.
2023 жылы наурыз айында «Kazdream Technologies» компаниясының «Аналитикалық интернет карта» бағдарламасы арқылы «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі деструктивті діни топтарға тіркелген ауданның 3 азаматы тізімнен шығарылды.
Қорыта айтқанда, дін саласындағы келеңсіздіктердің алдын алуда, діни экстремизм мен терроризммен күресуде діни сауатсыздыққа жол бермеу, қайта діни сауаттылыққа күш салу аса маңызды. Дәстүрлі дінімізді оқып-үйрену мүмкіндіктерін молайтып, жалпы діни сауаттылықты отбасы, мектеп, қоғам болып қолға алу, діннен қорықпай, жасөспірімдерге дұрыс діни таным қалыптастыру мемлекетіміздің қауіпсіздігі тұрғысынан уақыт ұттырмайтын қажеттілік.
Сәбит ҚАДЫРОВ,
«Жастар ресурстық
орталығы» КММ-ның
Дін істері және ақпараттық талдау бөлімінің меңгерушісі