Basty bet
Ақтасты бастауыш мектебінің жайы алаңдатады
Өткен аптада Жуалы ауданына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Гүлдара Нұрымова және Мейрамбек Төлепберген жұмыс сапарымен келіп, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, жергілікті тұрғындардың мұң-мұқтажымен танысқан болатын. Г.Нұрымованың жұмыс сапары барысы туралы газетіміздің алдыңғы нөмірлерінде жазылғандықтан, біз оған тоқталмаймыз.
Өткен аптаның жұма күні ауданымызға келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепберген ең алдымен «AMANAT» партиясының аудандық филиалында азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдады. «AMANAT» партиясының атынан сайланған халық қалаулысының қабылдауына алғаш болып жазылған Нұрлыкент ауылының тұрғыны Гүлдана Нұрмахан ауылда өзі тұрып жатқан Шапағат көшесінің ұзақ жылдан бері жөндеу көрмегенін айтып, көше жолы автокөліктің жүріс-тұрысына, ересек тұрғындарды айтпағанның өзінде, балалардың мектепке барып-келуіне әсіресе, жауын-шашынды, ауа райының қолайсыз күндерінде ыңғайсыздық тудыратынын жеткізіп, көшені орта жөндеуден өткізуге көмек сұрады.
Нұрлыкент ауылының тұрғыны Г.Нұрмаханның сұрағын тыңдаған депутат М.Төлепберген мәселенің мәнісін Нұрлыкент ауылдық округінің әкімі аппаратының бөлімше басшысы Бақытжан Назардан сұрады. Әкімшіліктің өкілі Шапағат көшесінің ұзындығы 700 метрден сәл ғана асатынын айтып, оны жөндеуден өткізуге тиісті жобалық-сметалық құжаттар жасалып, жоғары тұрған атқарушы органдарға өткізілгенімен, оның құрылысына белгісіз себептермен қаражат бөлінбей отырғанын жеткізді.
Ал келесі кезекте халық қалаулысының қабылдауына Шақпақ ауылдық округінің Амансай ауылынан тұрғын Қазыбек Тіленбай аталған ауылға ауызсу тарту мәселесімен қайырылса, Б.Момышұлы ауылынан бір топ жеке кәсіпкерлер аудан аумағын кесіп өтетін «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» көлік дәлізінің бойынан (Б.Момышұлы ауылының тұсы) салынатын кәсіпкерлік нысандарына инфрақұрылым тартуға жергілікті атқарушы билік тарапынан көмек-қолдау қажет екенін айтты. Айта кету керек, аталған күре жолдың бойынан қызмет көрсету орындарына арналған шағын нысандар салу үшін барлығы 15 жер телімі бөлініп, мемлекеттік актісі жасалған. Ал оның құрылысын жүргізетін кәсіпкерлердің өкілдері халық қалаулысының қабылдауында болғанда, мұнда тиісті инфрақұрылым тарту үшін «ҚазАвтоЖол» АҚ-нан рұқсат алу қажеттігін айтып, осы мәселенің шешілуіне көмек сұрады.
Одан бөлек, Парламент Мәжілісінің депутаты М.Төлепбергеннің қабылдауында болған Шақпақата ауылының тұрғыны Ақжан Ахметов ауылдағы ескі мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу қажеттігін айтса, Кәріқорған ауылының тұрғыны, ардагер Рақымжан Сатаев спорт және мәдениет ошағын ашу үшін сатып алынған ескі әмбебеп дүкеннің құрылысын (күрделі жөндеу) жүргізу керектігін айтты.
Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтар мен мәселелердің барлығына тиісті басшылар жауап беріп, оның орындалу мерзімі туралы да ақпарат берді.
М.Төлепберген ауданға жұмыс сапары бырысында өңірдің суармалы егістік алқаптарын ағын сумен қамтамасыз ету ісінде елеулі маңызға ие су торабы «Көксай» каналына жасалып жатқан жөндеу жұмыстарымен де танысты. Қазір мұнда аталған каналдың 4,6 шақырымының арнасы бетон плиталармен қапталуда. Арнаның ені 2 метр 20 сантиметрді құраса, биіктігі бір метрден асады. Құрылысқа тапсырыс беруші – «ҚазСуШар» РМК-ның Жамбыл облыстық филиалы. Жөндеу жұмыстарының атқарылуына «ҚазСуШар» РМК-ның Жамбыл облыстық филиалының «Ақсай» өндірістік бөлімшесінің мамандары қадағалау жасауда. Қазіргі таңда каналдың 2,6 шақырымы жөнделген. Айта кету керек, «Көксай» каналының астыңғы бөлігінде 2 000 гектарға жуық егістік алқабы орналасқан.
Халық қалаулысы Қошқарата ауылдық округінде де болып, мұнда округке қарасты Ақтасты ауылындағы Ақтасты бастауыш мектебінің мәселесімен танысты. Мұнда жаңа ғимарат салу мәселесі бұрыннан қалыптасып отыр.
Аталған мәселені Ақтасты ауылының тұрғыны, белсенді азамат Айдынғали Алтынбеков түрлі жиындарда бұрыннан көтеріп келе жатыр. Мектептің ескі ғимараты өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бері қызмет көрсетіп келеді. Мектептің ыңғайластырылған ескі ғимараты екі бөліктен тұрады. Қазіргі таңда ғимараттың тозығы жеткен. Аталған мәселе туралы таратып айтар болсақ, қазіргі таңда аталған мектепте балаларды оқыту мүмкіндігі өте төмен. Тіпті, ыңғайластырылған ескі ғимарат апатты жағдайда тұр десек те болады. Сондықтан бұл мәселені түбегейлі шешетін уақыт жетті дейді ауыл ақсақалдары.
М.Төлепберген ескі мектептің жағдайымен танысып, оқу кабинеттерін аралап көрді. Мектеп меңгерушісі Салтанат Сәулембаева Ақтасты бастауыш мектебінде 17 бала білім алып жатқанын, онымен бірге, сегіз мұғалім, төрт қосалқы шаруашылық қызметкері жұмыс істейтінін жеткізді.
Халық қалаулысы бірінші кезекте округке қарасты Ақтасты ауылындағы бастауыш мектептің жай-күйімен таныса келе, ауылда салынған (2020-2021 жылдары) жаңа ғимаратты аралап көрді. Жеке кәсіпкер Нұрсұлтан Түменбаевтың басшылығымен жүргізілген жаңа ғимараттың аумағы 372 шаршы метрді құрайды. Мұнда бес оқу кабинетімен қатар, акт залы, асханасы бар.
Мектеп ғимаратының апатты жағдайда тұрғанын көрген халық қалаулысы Мейрамбек Төлепберген, еліміз жаңа дәуірге, өркениет көшіне ілесе отырып, барлық салада цифрландыруға аяқ басқан жаңа кезеңде мынадай ескі әрі апатты ыңғайластырылған ғимаратта балалардың білім алуы өте ұят екенін айта келіп, аталған мәселені жоғары тұрған әрі білім беру саласына жауапты органдар басшыларының назарына жеткізетінін айтты. Сонымен қатар, мектептің тарлығы, онымен қоса, білім алуға, спортпен айналысуға, интеллектуалдық сауатын арттыруға жағдайлар жасалмаған баланың, осындай ыңғайсыз мектепте оқыған шәкірттің де ой-өрісінің басқа балалармен салыстырғанда төмен болатынын жеткізді. Апатты мектептің мәселесін тездетіп шешудің маңыздылығына да тоқталды.
Сондай-ақ, Мейрамбек Мылтықбайұлы ауыл ақсақалдарымен де тілдесіп, олармен ауылдың жайы, ұрпақтардың өсімі, жалпы елдімекеннің тыныс-тіршілігі туралы да ой бөлісті. Ауыл тұрғындары да аудан басшылығынан осы ғимаратты мектепке сатып алып беру (бюджет қаражатынан) туралы ұсыныс-тілектерін айтып келе жатқанын, алайда, ешқандай шешім қабылданбай отырғанын да баса айтты.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»