Basty bet
Ораза – кешірім мен мейірім айы
Айлардың сұлтаны – Рамазан келіп, оразаға ауыз бекіткелі біршама уақыт өтті. Осыған орай, оразаның пайдасы жайында Қайрат ауылдық мешітінің имамы Сауранбек Сарыпбековпен сұхбаттасқан болатынбыз.
– Бір қуаныштысы, Тәуелсіздік алған халқымыз қазір рухани байлыққа – талай жыл тасада қалған дінімізге көңіл бөле бастады. Оның бір айғағы – жылына бір мәрте келетін Рамазан айында ораза тұтып, имандылыққа бет бұрушылардың қатары жылдан-жылға көбеюде. Әңгімені жалпы оразаның парызынан бастағанымыз жөн болар?
– Қасиетті Рамазан айы баршаңызға құтты болсын!
Ораза – арабша «сауап», яғни ауыз бекіту дегенді білдіреді. Бұл – бізден алдыңғы діндерде де болған. Оның дәлелі ретінде Алла Тағала Құран Кәрімде айтады. «Бақара» сүресінің 183-аятында: «Сендерден бұрынғыларға ораза ұстау парыз болған секілді, сендерге де ораза ұстау парыз етіледі» деп атап көрсетеді. Бірақ олардың оразасы әртүрлі болған болуы мүмкін. Біреуіне – белгілі бір тағам түріне, біреуіне – ұстау уақыты. Десе де, Жаратушы Иеміз бізге дейінгі үмметке де оразаны парыз еткені белгілі болып отыр. Ал, парыз – Алланың бұйрығы.
– Ораза ашығу үшін ұстала ма, әлде оның басқа да бір себебі бар ма?
– Бұл жөнінде медицина ғылымы көптеген дәлел жүргізген. Жасыратыны жоқ, бүгінде ашығу арқылы адамды емдеу әдісі тәжірибеге енгізілуде. Бірақ, оразаның мақсаты – ашығу немесе денсаулыққа пайданы көздемейді. Мұндағы көзделетіні – Алланың разылығы. Демек, бізді Жаратқан Иенің әміріне бой ұсыну арқылы, сондай-ақ оның әмірін екі етпеген жағдайда Алла Тағаланың бекіткен ережесі мен қағидасына сай, оның разылығын көздеп қана ораза ұстау. Бұл тұрғысында Хадис-құдсида: «Барлық жақсылықтың қарымы періште арқылы беріледі. Ал, Рамазанның қарымын жеке өзім беремін» деген. Сол себептен, бұл жерде Мейірімі шексіз Алла тағала мен екі ортадағы сыр болған соң біз оразаны тек қана Алланың разылығы үшін ұстаймыз. Әрине, Алла разы болса мұнан қоғамға, адам денсулығына, сонымен қатар жеке басқа келетін пайда орасан зор. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: Алла пендесіне не нәрсені парыз қылған болса – онда адам үшін де, қоғам үшін де өте игілікті әрі көптеген нығмет бар деген сөз.
– Оразада пітір садақасы назарға алынады. Оның биылғы белгіленген мөлшері қандай?
– Дұрыс айтасыз. Негізінен садақаның бірнеше түрі бар. Парыз садақаға – зекет, үшір сияқты садақа түрі жатса, уәжіп садақа – Құрбан айтта мал шалу, осы ораза айында жетім-жесірдің игілігі үшін пітір садақасын беру болып табылады. Яғни, бұл пітір садақасы – оразадағы кем-кетігімізді толтыратын Алланың бізге берген мүмкіншілігі. Бір ай бойы Рамазан айтына дейін пітір садақасын береміз. Оның ең төменгі мөлшері Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының шешімімен биылға кемінде 640 теңге болып бекітілді. Кем деуіміздің себебі бар. Ал, қарапайым халық ең төменгі мөлшерде – 640 теңгеден беретін болса, пітір садақасы оның мойнынан түседі. Дәулетті, бай кісілер кедейдің қамын көбірек ойлап, Құдайға шүкірлік етіп пітірді бұдан да көптеу беретін болса, құба-құп. Онда оның бұл ниеті Алланың алдында қабыл болады.
– Рамазан – ораза тұтумен қатар, қайырымдылық айы. Бұл тұрғыда мешітте нендей шаруа істелуде?
– Қайырымдылық шаралары мешітте жиі ұйымдастырылуда. Сегіз отбасына қайырымдылық көмегі көрсетілді, яғни, азық-түлікпен қамтамасыз еттік. Мұндай қайырлы істер қасиетті Рамазан айының соңына дейін жалғасады.
– Қазіргі ата-аналар баласы дінге бет бұрып, намаз оқи бастаса, үрке қарайды. Осындай жағдайда оларға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?
– Бала – ата-анаға аманат. Оған барынша жақсы тәрбие беруі – парыз. Ұрпағымызды өз дініне, салтына, әдет-ғұрпына бейімдеп үйрететін болсақ, олар ешқашан адаспайды. Ата-ана өзі бірінші мешітке келіп, газет-журнал, діни кітаптарды оқуы керек. Баласын имам, ұстаздармен таныстырып, дұрыс жол сілтейтін болса, жастар адаспайды. Қазір қаншама адам намаз оқып, ораза ұстап, садақа беріп, имандылыққа бет бұрып жатыр. Дінге қызығушылық бар. Барлық мешітте сауат ашуға болады. Ата-ана баланы жастайынан үйрету керек.
– Бүгінде негізгі ақпарат көзі – интернет. Өкініштісі, әлеуметтік желіге әркім ойына келгенін жазып салады. Жалған мәліметтердің жолында адасып кетпеу үшін не істеу керек?
– Мүфтияттың, мешіттердің ресми сайты бар. Олар күнделікті толықтырылып, жаңартылып отырады. Ең дұрысы, елімізге белгілі ғалымдардың ғана уағызын тыңдап, ресми ақпарат көзінен ғана мәлімет алу керек.
– Жұртшылыққа тілегіңіз?
– Рамазан – Алла Тағаланың сондай берекелі айы, бізге жіберген мейірімді қонағы. Біз бұл айға төрімізден орын беріп, мейірімді қонағымыздың батасын алып қалуға тырысуымыз тиіс. Мұнымен қоса, оразаны шын жүрегімізбен қабылдап, оған нұр ұялатуымыз керек. Рамазанда қалған 11 айға жететіндей рухани қуат, күш алуға талпынуымыз қажет. Айтулы айдың қадір-қасиетін сезініп, зор сауаппен өткізуге, қалған 11 айда рухани қуат алуға Хақ Тағала баршамызды нәсіп етсін. Халқымыздың ауызбіршілігін мықтап, берекелі қылсын. Өзіне сенетіндердің, өзіне шын мойынұсынғандардың қатарын көбейтсін деп тілеймін!
-Салиқалы сұхбатыңызға рақмет! Ел-жұрттың рухани түлеуі жолында жасап жүрген жұмысыңызға Алла береке берсін!
Сұхбаттасқан Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»