Basty bet

Сарбаз болғым келеді!

Шекараны күзету – елдің тұтастығын, халықтың амандығын, еліміздің болашағының жарқын болуының кепілі. Шекарашы сарбаздар күні-түні көз ілместен, кірпік қақпастан шекараны күзетіп, үлкен жауапкершілік жүгін арқалайды. Жаңбырлы, боранды күндері де біздің айбынды азаматтар қызметте болып, Отанға деген адалдығын бір сәтке де ұмытпайды.
Жақында облыстық «Жастар Рухы» жастар қанаты мен ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша Шекара департаменті бірлесіп, «QAISAR» әскери-патриоттық жобасы аясында «Сарбаз болғым келеді!» акциясын ұйымдастырды.
Жобаның негізгі мақсаты – жастардың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру, әскери-патриоттық рух қалыптастыру, азаматтарымыздың Отан алдындағы борышын өтеуге шақыру, саламатты өмір салтын насихаттау, шекара қызметінің айбынын асқақтату.
Шара барысында жастармен бірге «Шөлдала» шекара бекетіне арнайы барып қайтқан болатынбыз. Студенттер бір күн бойы әскери бөлімнің аумағында болып, әскери өмірмен танысты. Сондай-ақ, белсенділер үшін көрнекі қойылымдар мен экскурсиялар ұйымдастырылды. Жастар курсанттардың тұрмыс-тіршілігімен танысып, шекара маңындағы күдіктіні ұстау қойылымын тамашалады.
Шара соңында жастар да өз өнерлерін ортаға салып, көпшілікке керемет көңіл күй сыйлады.

Камила Абсеметова,
кітапханашы

Таңдаулы материалдар

Close