Basty bet

Құрбан болғандардың рухына Құран бағышталды

Былтыр дәл осы қаңтар айында халқымыз тәуелсіз ел тарихындағы қилы күндерді бастан өткерген еді. Алматы қаласымен қатар бірнеше облыстың орталығы отқа оранып, дүрбелеңнен 238 адам қаза тапты, деп хабарлайды «Хабар 24». Бас прокуратура таратқан мәліметке сай күштік құрылым органдарының 19 қызметкері, 219 бейбіт тұрғын көз жұмды. Оның 22-сі кездейсоқ оққа ұшқандар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасы туралы өзінің халыққа арнаған Жолдауында да айтты. «Бұл оқиғалар бүкіл қоғамды дүр сілкіндірді. Халқымыз бұрын-соңды болмаған қауіп-қатермен бетпе-бет келді. Мемлекетіміздің тұтастығына және егемендігімізге зор қауіп төнді. Осы күндерде жұртымыз Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезінді. Татулық пен тұрақтылық, тыныштық пен бейбітшілік қаншалықты маңызды екенін жете түсінді.
Біз мызғымас бірліктің арқасында мемлекетімізді қорғап қалдық. Уақтылы және батыл шешім қабылдап, лаңкестерге тойтарыс бердік. Мен қашанда бәрін ашық айтып жүрмін. Індет кезінде қалыптасқан ахуал жөнінде жұртшылыққа үнемі ақпарат беріп отырдым», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Күні кеше Қаңтар оқиғасының орын алғанына бір жыл толды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласындағы Әзірет Сұлтан мешітіне барып, былтыр қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болған азаматтардың рухына құран бағыштады.
Мұндай еске алу шаралары елдің басқа да өңірлерінде ұйымдастырылды. Ауданға қарасты Ақсай ауылдық округінің орталығы Қайрат ауылдық мешітінде осындағы жамағаттың ұйытқы болуымен Қаңтар оқиғасы кезінде құрбан болған азаматтардың рухына Құран бағышталды. Бұл шара аптаның қасиетті жұма күніне сәйкес келгендіктен мешіт жамағаты жұма намазын өтеу кезінде де игі тілектер тілеп, Ұлы Жаратушыдан халқымыздың амандығы мен қасиетті Отанымыздың тыныштығы және бейбіт тыныш өмір сүруін сұрап, медет тіледі.
Ауылдық мешіттің асханасында құдайы тамақ таратылып, дастархан басында ауыл имамы Сауран Сарыпбеков қасиетті Құранның аяттарын марқұмдардың рухтарына бағыштады. Ауыл ақсақалдары асқа бата берумен бірге, елдің тыныштығын сақтау үшін халқымызға бірліктің ауадай қажет екенін айтып, Отанымызды ішкі даудан және сыртқы жаудан сақтасын деген игі тілектерін жеткізді.
Айта кету керек, Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған марқұмдарды еске алып, олардың рухына Құран бағыштауға арналған жиында «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның аудандық филиалының төрағасы Сейітхан Жұмашев, аудандық билер кеңесінің төрағасы Мұратқали Рахметов, аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Әбуғали Ералиев, «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» РҚБ-ның аудандық бөлімшесінің директоры Шора Ысқақов, Б.Момышұлы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Дәуренов, Ақсай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кәрібай Құрмашев, ауыл ақсақалдары Әбілқасым қажы Ергебеков, Аманжол қажы Дүрәліұлы, т.б. азаматтар сөз сөйлеп, жиналған қауымды елдің тыныштығын сақтауға атсалысып, бейбіт өмірдің қадірін білуге шақырды.
Иә, Қаңтар оқиғасы халқымыз үшін зор сынақ болғаны анық. Еліміздің тәуелсіздігіне қауіп-қатер төндіретін мұндай оқиғаның болмауына барлығымыз тілектеспіз. Елдің ынтымақ-бірлігін арттырып, жастардың болашағын, ұлттың келешегін тереңнен ойлауымыз қажет. Қасиетті Отанымыздың іргесін бекітуге, Тәуелсіздікті тұғырлы етуге барлығымыз бір кісінің баласындай атсалысу өте маңызды. Еліміз аман, бейбітшілік заман болсын деп тілейік, қадірлі ағайын!

 

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close