«Ел іші, өнер кеніші» демекші, Нұрлыкент ауылына жасаған кезекті сапарымызда, ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртып жүрген, қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысатын аға-әпкелерімізді іздедік. Бізге ауыл әкімі аппаратында инспектор болып жұмыс істейтін Қарагөз Қарағұл жол көрсетіп жүрді. Алдымен қолөнер шебері деп барған бірнеше үйдің табалдырығынан қайттық. Себебі, өздеріңізге белгілі егін шаруашылығының қызып тұрған шағы, науқанда елдер құр қарап жатсын ба, бірі егінде, бірі күздің қамын жаз ойланың қамымен жүр.
Осындайда «Мұнаралы әр жерде Мешіт болған бұл ағаш, Шеберлердің қолында, Кәсіп болған бұл ағаш, деп жыр дүлділі Қашаған кезінде сонау бір Есқали сұпының «бұл не қылған қу ағаш, қайдан келді бұл ағаш?!» дегеніне қарсы ағаштың қадір-қасиетін айтып осылайша жыр төккені ойға еріксіз оралады. Бүгінде сол ағаштан бұйым жасауды жаңғыртып, қазақтың осы бір өнерін дамытып, бабалардың өнегелі жолын жалғаған қолөнер шеберлері қазіргі күнде аз емес.
Әйтеуір, содан не керек біз ауыл-аймаққа ағаш ұстасы ретінде танылған Алдан Қожабаевтың шаңырағынан бір-ақ шықтық.
Ағаш ұстасының айтуынша, ол бұл кәсіппен 1972 жылдан бері айналысады.
Қамшы өріп, жер үстелін, бесік, домбыра, есік, терезе, сандық, қол жуғыш, тақтайдан орындықтар, диван сияқты ағаштан жасалатын түрлі заттардың барлығын жасауға әбден машықтанған.
Алдан Қожабаев жары Гүлбарам Айтымбетова екеуі Қарақалпақстан Республикасынан 2005 жылы қазақ жеріне қоныс аударады. Содан бері Нұрлыкент ауылында тұрып жатыр. Қазіргі таңда өсірген үш ұлы мен бір қызы үйлі-жайлы, олардан немере, шөбере сүйіп отыр. Бүгінде ата-әжесімен бірге Нұрдәулет есімді немересі тұрады. Ол ата-әжесіне кәдімгідей қолғабыс. Тараз қаласындағы медициналық колледжді тамамдаған екен.
– Менің әкем Бейсен Қожабаев мықты етікші болған, – деп бастады сөзін ағаш ұстасы. – Содан болар, мен де бала кезімнен әкемнің жанынан шықпай, көмектесіп жүріп, ағаштан түрлі заттар жасауды үйрене бастадым. Адамда ең алдымен, ағаш ұстасы болу үшін ынта мен туа бітті қабілет болуы керек. Ал, егер аталған екі қасиет болмаса, ондай адамнан ұста шығу әсте мүмкін емес. Өз уақытында ағаштан жасалатын түрлі заттардың барлығын жасап, ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандырып отырдық. Мен бұл істі сүйіп жасағандықтан, еш қиналмай істейтінмін. Мәселен, кішкене сандықты жасау үшін бір күн уақыт керек болса, үлкеніне бір аптадай уақыт кетеді. Алдымен қарағайдың тақтайын алып кептіреміз, кепкен соң әдемілеп жонып, тақтайларды шеге қағып біріктіріп, арасына желім жағып, сандықты құрастырамыз. Содан соң сандыққа керекті суретін немесе оюды оюлап салып, үстінен ойып шығамыз. Әрі қарай, сандықтың үстінен бояу жағып кептіреміз, кепкен соң бояудың түсі қанық болуы үшін тағы да бояу жағамыз. Барлық ісі біткен соң, үстінен лак жағамыз. Лак сырттағы шаңды, суды қабылдамайды.
Жалпы сурет салу, ия болмаса мүсін жасау, тіптен кез келген істі бастар алдында алдымен ойлауды, одан соң ол ойдың жүзеге асуы үшін аса шеберлікті қажет етеді. Жұмысты бастар алдында, бұйымыңның түр-сипатын кішкентай бөлшегіне дейін ойластырып, ерекше әдемі болып шығуына еңбектенесің. Мысалы, бесік, сандық жасар алдында оған түсетін ою-өрнектерді ойластырып аламын, оған сурет пен өрнектің қай бөлікке түсетінін де көре білу керек. Ал, бұтағы көп без ағаштары сәндік бұйымдар, яғни кәдесыйлар жасауға жарайды. Бірақ, тұрпаты тегіс ағаштан гөрі осындай бұтағы көп без ағаштан бұйым жасау машақаты көп жұмыс. Мұнда, ағаштың пішініне сай келетіндей етіп не шығатынын болжай білу қажет, яғни алдын ала жоспар құрасың. Егер ойлаған өрнекті бұзып алар болсаң, өрнегіміз шықпай қалады. Яғни, бұйым біткенше шебер өте мұқият, ұқыпты болуы қажет. Негізі, кез келген ағаштан бірдеңе ойлап шығаруға болады. Мұның барлығы шеберлікке келіп тіреледі, – дейді Алдан Бейсенұлы.
Қазіргі уақытта кейіпкеріміздің көз жанары сәл сыр беріп, мұндай дүниелерді жасаудан аздап қол үзіп қалған. Алайда, көздің жанарын емдеген соң, бұл іске қайта кірісетінін айтады ағаш ұстасы.
Оның сөзінше, кез келген зат ауыл тұрғындарының сұранысына қарай жасалады және ақысы келісіммен екен.
Бүгінде атаның жолын Алматы қаласында тұратын ұлы Аралбай Қожабаев жалғаған. Ол, ағаш астау, күбі, екі қабатты үйлерге теппешек және қандай тапсырыс түссе барлығын жасай береді. Сонымен бірге немересі Шыңғыс үйге қажетті жиһаз жасаудың шебері атанған.
Негізі жазу өнерінде «жақсы жазатын адам жақсы жазбайды, жақсы ойлайтын адам жақсы жазады» деген бар. Бұл тек қолына қалам ұстағандардың ғана емес, сондай-ақ кез келген істің шебері боламын деушілерге де қатысты айтылған тұжырым.
Біз сұхбаттасқан ағаш шебері ой-қиялы бар, ұлттық қол өнеріміздің мерейін көтеріп жүрген іскер қолөнерші.