Basty bet

Кеңес беру кабинеті – іс үстінде

Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының Жуалы аудандық кеңес беру кабинеті өз жұмысын 2020 жылдан бері атқарып келді.
Кабинетте екі маман жұмыс істейді. Атап айтқанда, әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультант Әлия Шәмшиева және әлеуметтік психолог Айгүл Дәрібаева.

Орталықтың мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына шұғыл әлеуметтік, психологиялық көмекпен қолдау көрсету. Ажырасу сатысында тұрған жанұяны отбасымен қоғамға әлеуметтендіру және қайта ықпалдастыру процессіне жәрдемдесу. Кеңес алуға келген аналар мен балалардың жеке басының және олардың жеке құпияларын сақтау. Қиын өмірлік жағдайға түскен әйелдерге дұрыс шешім қабылдауына қажетті кеңес айтып, жағдайды ақылмен саралауға мүмкіндік беру.
Кабинетке келген тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген азаматшалармен әңгімелесіп, зерделеп оларға стандарт бойынша 8-бағытта, ең алдымен психологиялық көмек көрсетіледі.
Тараз қаласындағы дағдарыс орталығы 27 орынға арналған. Стандарт бойынша 8 бағытта көмек көрсетеді. Орталықта білікті, тәжірбелі мамандар заңгерлер, психологтар, социологтар, тәрбиешілер, медбикелер жұмыс істейді. Ана мен балаға барлық жағдайлар жасалған. Орталықта қызмет алушы 6 ай мерзіміне дейін бола алады, жататын жері, тамақтары, медициналық қызметтер, заңгерлік кеңестер тегін. Мектеп жасындағы балалары жақын жердегі мектептерге орналастырылады. Дағдарыс орталығына 18 жастан жоғары тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдер қабылданады.
Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңында зорлық-зомбылық түрлері төмендегідей:
Тұрмыстық зорлық-зомбылық, күш көрсету, психологиялық, сексуалдық және (немесе) экономикалық зорлық-зомбылық түрінде болуы мүмкін.
Күш көрсету зорлық-зомбылығы – дене күшін қолданып, денені ауыртып денсаулыққа қасақана зиян келтіру.
Психологиялық зорлық-зомбылық – адамның психикасына қасақана әсер ету, оны қорқыту, қорлау, бопсалау немесе өміріне, денсаулығына қауіп төндіретін әрекеттер жасау. Сондай-ақ психикалық, дене және жеке басы дамуының бұзылуына әкелетін әрекеттерді жасауға мәжбүрлеу (еріксіз көндіру) арқылы ар-намысы мен абыройын кемсіту де психологиялық зорлық-зомбылық болып табылады.
Сексуалдық зорлық-зомбылық – адамның жыныс мүшесіне қол сұғу немесе жыныстық еркіндігіне қауіп төндіретін құқыққа қарсы қасақана іс-әрекет. Сонымен бірге, кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы іс-әрекеттер.
Экономикалық зорлық-зомбылық – адамды заңмен көзделген құқығы бар тұрғын үйінен, тамағынан, киімінен, мүлкінен, қаражатынан қасақана айыру.
Біздің заңнама бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық дегеніміз – белгілі бір отбасылық қарым-қатынастағы адамдардың арасында шиеленіс орнап, оның нәтижесінде пайда болған физикалық, психологиялық және эмоционалды қысым. Ол ерлі-зайыптылардың арасында ғана емес, аға, әпке немесе балалар секілді барлық туыстық қатынастардың арасында да болуы мүмкін. Яғни бір үйде тұратын адамдар бір-біріне кесірін тигізсе, бұл тұрмыстық зорлық-зомбылық деп танылады. Егер екі жұп заңды некеде тұрмаса, онда олардың арасындағы қысым тұрмыстық зорлық-зомбылық болып саналмайды.
Зорлық-зомбылықтың ең жиі кездесетін түрі – физикалық зомбылық. Психологиялық қысым арқылы да тұрмыстық зорлық-зомбылық орнауы мүмкін. Ол көбіне кемсіту, қысым көрсету, «құның жоқ» деп айғайлау сияқты әрекеттерден тұрады. Мұның барлығы жүйелі түрде қайталанып отырса, ол тұрмыстық зорлық-зомбылық болып есептеледі.

ЗОРЛЫҚТА ӘРҚАШАН ЖӘБІР КӨРСЕТУШІ КІНӘЛІ. СОНДЫҚТАН ҮНЕМІ АЛДЫМЕН ҚҰРБАНДЫ ТЫҢДАУ КЕРЕК. Себебі, зорлықтың қай түрі болса да психологиялық азап шегетін – жәбірленуші.
Зорлық-зомбылықтың куәгері болсаңыз, жаныңызда ұялы телефон болса, жағдайды түсіріп алуға тырысу керек. Өйткені тұрмыстық зорлық-зомбылық отбасында туатындықтан, бір тарап зорлық-зомбылықтың болғанын мойындамай, екінші тарап қорыққаннан үндемеуі мүмкін.
Жуалы аудандық кеңес беру кабинеті мамандары полиция бөлімі қызметкерлерімен тығыз байланыста. Күн демей, түн демей хабарласқан кезде, бірге айтылған мекенжайға барып, бірге жұмыс істейміз. “Сенім” телефонымыз тәулік бойы байланыста.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 73 бабы бойынша жауапкершілікке тартылуы мүмкін, ал олардың әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы бар болған жағдайда, олар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 109 (ұрып-соғу), 110 (қинау), 131 (қорлау) баптары бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
«Бастау» жұмыс тобының комиссияның құрамында болғандықтан, біз көбінесе келген ұйғарымдар бойынша жұмыс жасаймыз. Талапкер және жауапкердің ұялы телефондарына хабарласып, ажырасу себептерін сұрап, мүмкіндігінше, отбасын сақтап қалу мақсатында тараптарды кабинетке шақыртып, медиаторлар Ш.Искаков, Р.Әлиева және С.Медетбеков, сонымен қатар, психологпен бірлесе татуластыру жұмыстарын жүргіземіз.
Егер сіз тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болсаңыз, не болмаса туысыңыздың, әріптесіңіздің, құрбыңыздың, көршіңіздің отбасындағы зорлық-зомбылыққа ұшырағанына куә болсаңыз, жағдайды өзгерту үшін төмендегі нұсқаулықты пайдаланып «СЕНІМ» телефондарына қоңырау шалуға болады. Байланыс телефонымыз: 8-775-892-25-78, 8-702-164-52-95, 8-707-970-89-77, 8-(72635)2-01-65. Әлеуметтік жұмыс жөніндегі кеңесшісі және әлеуметтік психолог (анонимді, тегін және күндіз-түні қызмет көрсетеді) эл.почта jualy_2020kc@mail.ru.
Кеңес беру кабинеті тұрғындарды аптаның дүйсенбі және жұма күндері аралығында таңертеңгі сағат 9:00-ден кешкі 18:00-ге дейін уақытта қабылдайды. Мекенжайымыз: Б.Момышұлы ауылы, Рысбек батыр көшесі №62 (Б.Момышұлы ауылының әкімшілігі) ғимаратының бірінші қабатында орналасқан. Келіп, кеңес пен көмек алуларыңызға болады.

Әлия ШӘМШИЕВА,
Жуалы аудандық
кеңес беру кабинетінің
әлеуметтік жұмыс
жөніндегі кеңесшісі

Таңдаулы материалдар

Close