Basty bet
Діни сауаттылық – заман талабы
Қазақ халқы «Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» дейді. Қазіргі таңда діннің қасиетінен гөрі, қасіретіне куә болып жүрміз. Оның басты себебі, қоғам арасындағы діни сауатсыздық болып табылады. Қай сала болсын, ондағы мәселелердің шешімі тек сауаттылықта жатқандығы анық. Осы ретте, ауыл тұрғындарына діни сауаттылығын арттыру мақсатында жақында Теріс ауылдық клубы мамандарының ұйымдастыруымен «Діни сауаттылық – заман талабы» атты шара өтті.
Шараға Жамбыл облысы әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» КММ-ның Жуалы ауданы бойынша инспектор-теологы Рамазан Абделиев және Көкбастау ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Аташбек Әмірқұл қатысты.
Кездесуде алғашқы болып Жамбыл облысы әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» КММ Жуалы ауданы бойынша инспектор-теологы Рамазан Абделиевке сөз берілді.
-Бүгінде елімізде мемлекет пен діни ұйымдар арасындағы өзара қарым-қатынасты айқындаушы саланың бірі – рухани құндылық, патриоттық білім беру мен тәрбие екені баршамызға белгілі. Ұлттың бүгіні мен келешегі – білімді жастардың қолында. Анығырақ айтқанда, тарихын терең білетін, ұлттың рухани құндылықтарын бойына сіңірген ұрпақ қана ел болашағын қалыптастыра алады. Сондықтан жастардың діни білімін арттырып, олардың арасында ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттау – бүгінгі күннің басты жұмыстардың бірі саналады.
Қазіргі қоғамда өздерінің істеген істерін және сөйлеген насихат сөздерін дәлелдеу мақсатында Қасиетті Құран мен хадистерден мысал келтіріп, жастардың санасын улап, жат діннің идеологиясын тарататындар бар. Сол себепті, бүгінгі күннің аға буын өкілдері мен жастары діни сауатты болуы қажет. Діни сауаттылық тек жастарға ғана қажет деп ойлау қате пікір. Жастарға жол көрсететін аға буын өкілдері де діни сауаттылығын арттыруы қажет. Жастардың тарапынан қойылған сұрағына олар нақты әрі дұрыс жауап беруі үшін аға буынның жан-жақты болғаны абзал. Сонда ғана біз жастарымыздың жат ағымның жетегіне кетпей, адасуына жол бермейміз. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген қағидасы әрбір қазақ отбасының өмірлік ұстанымына айналуы тиіс,- деді ол сөзінде.
Шараға қатысушылар да маманға көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Өз ой-пікірлерімен бөлісіп, шараға белсене қатысты.
Іс-шараны Көкбастау ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Аташбек Әмірқұл қорытындылады.
Теріс ауылдық клубы