Basty bet
Бала әкеден – ақыл, анадан – мейірім алады
«Отан отбасынан басталады», деп дана халқымыз айтқандай, Отан мен отбасы кең мағыналы, қасиетті ұғымдар. Әрбір адамның отбасы, тұрған мекені, өскен ортасы, аймағы, мемлекеті – оның жарық дүниедегі жан саясы, өмір өрісі, оттай жандырған Отаны.
Баланың бас ұстазы – ата-ана. Ұлтымызда «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген даналық сөз бар. Қазақ халқы «Бала қыран болу үшін оны самғатып ұшыратын ата немесе әке де қыран болу керек», деп отбасылық тәрбиеге ерекше тоқтаған.
Әр отбасында ата-ананың орны бөлек. Бала әкеден – ақыл, анадан – мейірім алады. Әке – отбасының асыраушысы, қамқоршысы, тірегі деп білесің, ана отбасының ұйытқысы, жылуы, шуағы. Жақсы ана отбасына береке әкеліп, жанұясын бақытқа бөлейді.
Бүгін біздің әңгімемізге Мыңбұлақ ауылдық округіне қарасты Көлбастау ауылында тұратын көпке үлгілі жанұя саналатын Иманбердиевтер әулеті арқау болмақ.
Отағасы Әлібек Иманбердиев Талапты ауылында 1963 жылы дүниеге келген. Ол Түркістан облысындағы Шұбар ауылында орналасқан №146 училищесін электрик мамандығы бойынша аяқтаған. Аудан орталығындағы электр желілерін тарату мекемесінде бірталай жыл электрик болып жемісті еңбек етеді. Бүгінде №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектепте электрик болып жұмыс жасауда.
Ал отбасының ұйытқысы, аяулы ана, сүйікті жар, ардақты әже атанып отырған Шәрипа Жұмалиева Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетін биология мамандығы бойынша бітірген.
Ол 1985 жылы Талапты ауылына Иманбердиевтер әулетіне келін болып түседі. Содан осы ауылдағы Б.Момышұлы атындағы орта мектепте 10 жыл ұстаздық қызметте болады. Кейіннен 1995 жылы отбасымен бірге Көлбастау ауылына қоныс аударып, сол кезден бастап, қазіргі №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектепте биология пәнінің мұғалімі болып абыройлы еңбек етіп келеді.
Өмір жолын шәкірт тәрбиелеу ісіне арнаған ардақты жан Шәрипа Сералықызының және оның жолдасы Әлібек Жарқынбекұлының бір салада тынбай еңбектеніп жүргендеріне 38 жылдың жүзі болған. Әр жылдары алған мадақтама қағаздары да жетерлік. Бүгінде жеті немеренің сүйікті ата-әжесі атанып отырған жайлары бар.
Екеуі Мөлдір, Бақтияр және Жандос есімді ұл-қыздарды тәрбиелеп өсірген. Ұл-қыздарының барлығы жоғарғы оқу орындарын тамамдаған, көзі ашық, көкірегі ояу жандар. Қазіргі таңда әр салада жемісті еңбек етуде.
Атап айтар болсақ, тұңғыш қыздары Мөлдір Тараз қаласындағы балабақшалардың бірінде тәрбиеші болып жұмыс істейді. Оның жолдасы Мәулен Жұмабеков Жамбыл облыстық статистикалық қаржы департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарады.
Ұлы Бақтияр Тараз қаласындағы №32 орта мектепте мұғалім болса, жары Ақнұр Молдабекова информатика пәнінің мұғалімі.
Кіші ұлдары Жандос Жарқынбек «Аmanat» партиясы Жуалы аудандық филиалында кеңесші болып жұмыс істейді.
Үлгілі ата-ананың ендігі арманы кіші ұлдары Жандосты үйлендіріп, ұяға құтты келін түсіру болып отыр. Осылайша қолым ұзарса, қара шаңырақтың түтінін түзу ұшырар ибалы келін болса дейді.
– Отбасы – тәрбие бастауы. Отбасы – адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Отбасы белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы. Отбасында бала алғаш рет өмірмен, қоршаған ортамен танысып, мінез-құлық нормаларын игереді.
Отбасы тәрбиесі – бұл жалпы тәрбиенің ең басты бөлігі. Ата-ана және отбасы мүшелері жас нәресте дүниеге келген күннен бастап, оның өміріне қамқорлық жасап, болашағын жоспарлайды және саналы азамат болып өсуі үшін қажетті жағдай жасайды. Жолдасым екеуміздің де мінезіміз өте жұмсақ. Бала тәрбиесіне келгенде қаталдық танытқан емеспіз. Еркелетіп өсірдік. Жоғарғы оқу орындарында да оқып, білімдерін шыңдай түсті. Бүгінде еңбегіміздің жемісін көріп отырмыз деп айтуға толық негіз бар. Балаларым тәртіпті. Жаман аттары шыққан жоқ. Ата-ана үшін ең маңыздысы – осы емес пе?! Бала тәрбиесі мен оқушы тәрбиесіне бірдей қарадым. Барлық оқушыларымды өз баламдай жақсы көремін. Менің енем ауыл-аймаққа белгілі емші болған кісі. Мен ол кісіден имандылықты, сыйластық пен кішіпейілділікті үйрендім. Сол секілді келініме де, енемнің үйреткен ақыл-кеңестерін ұдайы айтып отырамын, – дейді Шәрипа Сералықызы.
Ерлі-зайыптылар жұмыстан бос уақыттарында үй шаруасына жете көңіл бөледі. Бау-бақша егумен айналысады.
Иә, сүттей ұйып отырған осындай отбасыларды көргенде көңіліңе жылулық сезімі ұялайды емес пе?!
Ел арасында ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере-шөбересін әлпештеп өсіріп, шаңырағынан шаттықтың лебі ескен өнегелі отбасыларымыз көп болсын!
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»