Basty bet

ШЕКАРА ШЕБІНДЕГІ – ҚЫРАҒЫ КҮЗЕТ

18 тамыз – шекарашылар күні. Отанды қорғап, күні-түні көз ілмейтін шекара қызметінің қиындықтарын кез келген жанның біле бермесі анық. Шекара қызметі жылдамдықты талап етеді. Мұнда әрбір сәт бағалы. Темірдей әскери тәртіпке нағыз ер азамат қана шыдай алады. Мұнда «істей алмаймын», «қаламаймын» деген сөздің өзі жоқ. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» демекші, мұндағы әрбір бұйрық талқыланбайды, мүлтіксіз орындалады.
Бұл қызметте алыстағы ата-ананы сағыну мен зерігуге уақыт жоқ. Қару-жарақ, нұсқама, бұйрық және қайта жасаққа бару. Күні-түні ел бекінісін қызғыштай қорғайды. Самат Бахытұлы бала күнінен ақ, шекара қызметінде жұмыс істеуді мақсат етті. Бала арман бүгін шындыққа айналған. Енді ол капитан. «Ақсуат» шекара бөлімшесін басқарады.
Күннің батуы шекарада жұмыс күнінің бітуін білдірмейді. Керісінше, шекараны қырағы көзден сақтау жүйесі күшейе түседі. Кез келген уақытта дабыл қағылуы мүмкін. Сондықтан бес аспаптың сай болуы шекарашылар үшін маңызды.
Елді қорғау қызметі мемлекетіміздің қауіпсіздік саласында қатерлі де қауіпті қызмет болып табылады. Өйткені, жау-жар астында. Шекарада қауіп көп. Отанды қорғау мәртебесі әрбір жауынгерге бұйырмаған. Бұл міндетті атқаруға көзінің оты бөлек ерекше азаматтардың тартылуы сондықтан.

Үстіміздегі жылы 18 тамызда Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің құрылғанына – 32 жыл толады.
Шекарамыздың беріктігі – ел тыныштығының кепілі. Осындай өте жауапты қызметте абыроймен қызмет етіп келе жатқан шекара бөлімшелерінің бірі – біздің ауданымыздың аумағында орналасқан «Ақсуат» шекара бөлімшесі. Аталған бөлімше 2001 жылы ашылған. Биыл бөлімшеге 23 жыл толады.
Соңғы үлгіде салынған бөлімшеде шекарашыларға қажетті ғимараттың, құрал-жабдықтардың, жағдайдың барлығы бар. Яғни, сабақ өтетін орын, жатақхана, спортзал, кітапхана, асхана, дәріхана, т.б.
Бөлімше бастығы капитан Қайырбеков Самат Бахытұлы шекара академиясын бітірген білімді маман.
-Шекара бөлімшесіне 27 шақырымға жуық шекаралық аумақты күзету міндеттелген. Шекара негізінен адам күшімен күзетіледі. Яғни, негізгі күш сарбаздарға түседі.
Бөлімше инженерлік құрылғылармен жабдықталған,- дейді «Ақсуат» шекара бөлімшесі бастығының орынбасары капитан Абылай Бағланұлы.
-Дәл бүгінгі таңда бөлімшеде 30 сарбаз әскери борышын өтеуде. Сонымен бірге 6 келісімшарт бойынша жуалылық азаматтар жұмыс істейді.
Бөлімшеде тәрбие жұмыстары жоспар бойынша жүйелі жүргізіледі.
Сарбаздарға кестеге сәйкес жауынгерлік дайындықтарын жоғарылату мақсатында сабақ өтеді. Саптық дайындықтар жасалады. Сарбаздар шекара күзету қызметіне кезекпен түседі. Мәселен, түнде күзетте болған сарбаздар күндіз ұйықтайды. Шекара күзету уақыты 4-8 сағат. Сарбаздарға үш мезгіл тамақ беріледі.
Сарбаздар бос уақытында теледидар көреді, өнерлі жігіттер гитара тартып, ән айтады, спортпен шұғылданады, кітап, газет-журналдар оқиды.
Сарбаздар алдымен оқу орталығында үш ай теориялық дайындықтан өтеді. Бір жыл әскердегі өмірінің қалған уақыты шекаралық бөлімшеде болады. Мұнда келгенде сарбаздар бір ай бейімдеуден өтіп барып, өз еріктерімен шекара күзетуге жіберіледі.
Сарбаздардың әскери қызметтік мерзімі аяқталып, үйлеріне қайтарда әрқайсысының тәрбиесі, жауапкершілігі, жан-жақты қабілеті ескеріле отырып, Алғысхаттармен, Грамоталармен марапатталады.
Жалпы, әскери қызмет жауапкершілігі өте жоғары әрі абыройлы қызмет. Әскерде болу ер-азаматтың патриоттық сезімін, қайратын, жігерін жаниды. Отаншылдық рухын көтереді. Жақсы мен жаманды, алыс пен жақынды, барыңды бағалауды үйретеді. Әр азамат өзін жан-жақты дамытады.
Біздің мақсатымыз – мемлекеттік шекараны үлкен жауапкершілікпен күзету, шекараны бұзуға жол бермеу, жеке құрамның психологиялық, рухани жағдайын жоғары дәрежеде ұстау,- дейді «Ақсуат» шекара бөлімшесі бастығының орынбасары капитан Абылай Бағланұлы.
Иә, көршілес мемлекеттермен бейбіт аспан астында достық қатынаста ғана болу біздің елдің өмір сүру салтына айналса, басты күшіміз – бірлікте. Десе де, ұшқан құстың қанаты, шапқан тұлпардың тұяғы талатын ұлан-ғайыр атырап шебін шекарашылар жіті қорып, кірпік қақпай күзетуде. Сондықтан да шекарашылардың еңбегі қашанда үлкен құрметке лайық. Шекарашылардың нәтижелі еңбегі темірдей тәртіп пен Отанға деген сүйіспеншіліктің жемісі.

Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close